Қоғам • 06 Маусым, 2022

Тарихи ағарту – заман талабы

377 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі бас­қар­ма­сы­на қарасты Нұр-Сұлтан қаласының мем­ле­кет­т­ік архиві 31 мамыр – Ашар­шылық пен саяси қуғын-сүргін құр­бан­да­рын еске алу күніне орай «Тарихтан тағылым – өт­кен­ге тағзым» тақы­ры­бында дөңгелек үс­тел ұйым­­дастырды. Ма­ңыз­­ды мәс­­­ли­хатта пайым­ды пікір­­лер, салмақты ойлар ай­тыл­­ды.

Тарихи ағарту – заман талабы

Дөңгелек үстел модераторы, профессор Тілеуғали Қыш­қаш­­баев «1931-1933 жылдардағы ашар­­шы­лық Қазақ еліне орны толмас шығын әкелді. Халықты зиялыларынан, дінінен, дәстүрінен, тарихи жадынан айыру арқылы темір құрсауда ұстау Кеңес өкі­ме­тінің ең зұлым саясатының бірі болды. Ақтаңдақтарды ашуға тәуел­сіздігіміздің арқасында ғана қол жетті, бұл отырыс – соның айғағы» дей келе, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялады.

Маңызды жиынның ресми ашылу рәсімінде кіріспе сөз сөй­леген Нұр-Сұлтан қаласының мем­лекеттік архивінің директо­ры Мейрам Бектембаев Ашар­шы­лық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ел тарихында елеулі орын алатын маңызды дата екенін тілге тиек етті. Жылдар жылжып, айлар ауыс­са да қазақ үшін қастер­лі күн­нің тарихы ешқашан ескір­мей­тінін, қуғын-сүргін көрген ата-бабаларымыздың есімдері ел жадынан өшпейтінін жеткізді.

Астанадағы Мемлекеттік қыз­­­­мет хабы басқарушы комитет төра­ғасы, қоғам қайраткері Әлихан Байменов бүгінгідей бас­­қо­суларда тек қана факті­лер­ді келтірумен шектелмей, оларды тұтас құбылыс тұрғы­сында зерделеп, біздің дамуы­мыз­дың траекториясына, құн­ды­лық­та­ры­мыздың өзгеруіне қалай әсер еткенін де саралауымыз қажет екенін баса айтты.

– Яғни ғылыми-зерттеу­лер тек сандық, өлшенетін көр­­сет­кіштер емес, сонымен қатар сапалық өзгерістерді де тереңірек зерттесе, «Біз кімбіз?» деген сұрақтың толыққанды жауабын табуға қосқан қомақты үлес болар еді. Сол жылдарды зерттегенде «Не болды?» деген сұрақпен қатар, «Неге болды? Себеп, салдары қандай?» деген сұрақтарға да терең үңілу қажет. Сөзсіз, 1920-1940 жылдар арасында Кеңес өкіметі жүргізген саясат геноцидке пара-пар. Өздеріңіз қараңыздар, 6-7 дүркін қуғын-сүргін болды. 11 жылда екі рет әліппе ауыстырылды. Екі рет түпкі себебі саясатпен байланысты ашаршылық болды. 6-7 дүркін дейтінім, біріншіден, дербес, тәуелсіз ойлайтын Алаш қайраткерлерін, одан соң рухани темірқазықтан айыру үшін дін қайраткерлерін қуғын-сүргінге ұшыратты. Келесі кезекте елдің әл-ауқатын, экономикалық тіре­гін қамтамасыз ететін кәсіп­кер­­­лерді «бай» деп қуда­лады. Одан соң көзі ашық, кө­кі­регі ояу­дың барлығына ауыз сала бастады. 30-жылдар басында Кеңес өкіметіне сеніп, соған қызмет жасаған, кейін көздері ашылып, жүйені терең түсіне бастаған саяси қайраткерлерді жойды. Соңынан ұлттық санаға әсер ете алатын ақын-жазушы, өнерпаздарды қудалай бастады. Себебі тоталитарлық жүйенің, бір партиялыққа негізделген жү­йе­нің ерекшелігі олар халық са­насына әсер ететін өзінен бас­қа балама күшті болғызбауға ты­ры­сады. Ал 11 жылда екі рет әліппе ауыстыру – сөзсіз мәдени геноцид. Жаппай ашаршылық кезінде адамзат өркениетінің іргетасы мәдени сабақтастық жайына қа­лып, адам тек тірі қалуды ғана ой­лайтын жағдайға жететінін сіздер жақсы білесіздер. Осы қа­сі­ретті кезеңді саралау бірнеше түйінге жетелеуі қажет, – деді Әлихан Байменов.

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған 1993 жылы Қазақстан билігінің шешімімен парламенттік комиссия құрылғанын, оның мақсаты 30-жылдардағы ұжымдастыру ке­зі­н­дегі Қазақстан траге­дия­сының ауқымын анықтау бол­ға­нын баян­­­­дады.

– Академик Манаш Қозы­баев­тың басшылығымен құрылған ко­мис­сия ақиқатты түсіндіру үшін көп жұмыс істеді. Сол кезде қу­ғын-сүргінге ұшырағандардың кейбір санаттарын оңалту туралы Заң және әділдікті қалпына келтірген нормативтік актілер топтамасы қабылданды. Бірақ сол ке­зеңде «сот істері» деп аталатын адамдар ғана ақталды. Бірақ уақыт көрсеткендей, шаруа­лар, зиялы қауым өкілдерінің көп­те­ген санаты, тіпті Ұлы Отан со­ғы­­сы майдандарындағы әскери шай­қастарға қатысушылар ақтал­ма­ған, олар «соттан тыс» деп аталатын шешімдер негізінде қуғын-сүргінге ұшыраған, яғни оларды тұтқындаған және түрмеге қамаған. Бүкіл өркениетті әлем­де қа­былданғандай, соттар­дың ше­­шімімен емес, ОГПУ неме­се басқа жазалау орган­да­ры­­­ның шешім­дері. Зерттеулер көр­сет­кендей, біздің көптеген заман­дасымыз әлі күнге дейін қуғын-сүргін кезеңінде аза­мат­тар­дың тағдырын соттар емес, пар­тия­лық комитеттер немесе «соттан тыс органдар» деп ата­ла­тын­дар ОГПУ-дің кейбір «екі­лік», «үштік» шешімдері про­куратураның, адвокаттардың және сот органдарының қаты­суын­сыз қабылданғанын біл­мей­ді. Мысалы, ГУЛАГ лагерь­ле­рі­нің жү­йесінде кейбір әйелдерді «ха­лық жауының» әйелдері деп тұтқындады. Олардың барлығы саяси баптар бойынша қамалған болатын, – деді Бүркітбай Аяған.

Сонымен қатар ол респуб­ли­каның демографиялық құрамына, қазақ­стандықтардың көңіл күйі­не ең ауыр сабақ – 1920-1940 жыл­дардағы саяси қуғын-сүргін­дер болғанын айтты.

– Бұл өте қиын жылдар болды. Осы кезеңде ұжымдастыру қа­сі­ретінен басқа мыңдаған жа­­зық­­сыз қазақстандық саяси қуда­­лау­ға ұшырады. Ал Кеңес елі­нің әртүрлі аймағынан мил­­лионнан аса адам жер аударылды. Сонымен қатар ондаған мың қазақстандық қуда­лау­дың салдарынан Қытай, Ресей, Өзбекстан немесе Ауған­стан сияқ­ты көрші мем­лекеттерге кө­шу­ге мәжбүр бол­ды, – деді тарих ғы­лымдарының докторы.

Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің про­фессоры, тарих ғылымдарының кан­ди­даты Құрманғали Дәркенов сол кезеңдегі ет пен астық да­­йындау шаралары ел ішіндегі ахуал­ды одан бетер шие­ле­ніс­ті­ріп жібергенін жет­кіз­ді.

– 1929 жылы ақпанда Ке­ңес Одағының барлық тер­риториясында нанға карточка енгізілді. Арада шамалы уа­қыт өткен соң осы 1929 жыл­дың шілдесінде етке карточка енгізілді. Ал қазанда нан, жар­ма, ет, май, қант, шай мен жұ­­­мыртқаның жетіспеушілігі ай­қын сезіліп, бәрі карточкамен беріле бастады. Тіпті 1930 жыл­дың өзінде Қазақстанның кей­бір аймағында ашар­шы­лық етек алып, ОГПУ-дің құпия есебінде 110 мың аш бар екені, оның шапшаң өсіп отырғаны мәлімденді. Халық жағдайы нашарлап кеткеніне қарамастан, ор­та­лықтан ет дайындау қар­қы­­нын одан сайын арттыру қа­жет деген талап қойды, – деді Құрманғали Дәркенов.

Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің профессоры 1930-1931 жылдары Қазақстанға 493 500 тонна ет өткізу бекітілгенін, бұл Кеңес Одағы бойынша ең жо­ғар­ғы көрсеткіш болғанын атап өтті.

Тағылымды жиында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күлпаш Ильясова Ақмол­а облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандарға кеңінен тоқ­тал­ды. Ішкі істер министрлігі Ақ­параттық-аналитикалық ор­­­­­та­­­лығы арнайы архивінің мәлі­мет­­­­­­терінде Ақмола облысы­ және Ақ­мола қаласында 1920-1950­ жыл­дары қуғын-сүр­гінге ұшырағандар саны – 6 832, со­ның ішінде ақталғаны – 6 216, ақталмағаны – 616 адам. Олар­дың саны Ақмола облысымен салыстырғанда 187 адамға көп.

– Отандық тарихшылар Қазақ­станда 1918-1920 жылдардан бас­талып, 1986-1991 жылдары аяқталған репрессиялау саясатын 5 кезеңге бөліп қарастырады. Оның шарықтау кезеңі 1937-1938 жылдарда болғаны да та­рих­­тан белгілі. Кеңестік би­лік­­тің алғашқы қырып-жою сая­­сатының салдарынан ұлт мүд­­­десін көксеген қазақ зиялыла­ры қатаң айыпталып, олардың үстінен «Алаш ісі» қозғалды. Ал оның ақыры араға жылдар салып, тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан желтоқсаншыларға қай­та жаңғыртылды және «Қа­зақ ісін» қозғаумен аяқталды. Алаш­та­нушы-ғалым Мәмбет Қой­гел­диевтің сөзімен айтқанда, «соң­ғы­сы кеңестік биліктің терең жү­йелік дағдарысқа ұшы­ра­ға­нын анық көрсетумен қатар, пер­ма­нент­ті репрессиялық шараларсыз бұл биліктің өмір сүре ал­майтындығын байқатты». Осы орайда ескере кетейік, осы істер­дің аралығында тағы да бірқатар «атышулы» қылмыстық істер қозғалған. Мысалы, Ақмола өңі­­рінде 1920-1930 жылдары «Әу­бәкіров ісі», «Ағайынды Әділев­тер ісі», «Азат ісі» сияқты ке­ңестік биліктің жергілікті өкіл­­дерінің «ұрдажықтарына» көн­бей, ор­талықтың кәмпескелеу, ет-астық өнімдерін дайындау сая­са­тына қарсыласқандардың бар­лығы дерлік айыпталып, жап­­пай сая­си қуғын-сүргінге ұшыраған. Ақмола өңірі бойын­ша тәуелсіздік жылдарында жа­рия­ланған архив материал­дары мен құжаттары не­­гізінде Алаш қозғалысына қа­­тыс­­қандар мен ниеттестер саны анық­талды, олар­дың жалпы саны – 19 адам, ақ­талғаны – 10, қалғандарының ақ­талған-ақтал­ма­ғаны белгісіз, – деді Күлпаш Ильясова.

Ал Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарих ғы­лым­дары­­ның докторы Мақсат Ал­пысбес қазақ халқының саны аштық­тан ғана емес, сондай-ақ ұжымдастыруға қарсы шық­­қан көтерілістерді жазалаудан да кеміді дейді. Шара ая­­сында Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік архивінің аса құнды құ­жаттар топтамасы негізінде әзірленген «Ақмола өңірі архив құжаттарында. 1920-1930 жылдар» атты тарихи-құжаттық көрме өтті.