![Ұлы даланың маңызды референдумы](/media/2022/06/07/dsc_7117.jpg)
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазақ даласындағы конституцияландыру мен демократияландыру үрдісінде өткеннен бүгінге дейін өзіндік ерекшеліктері бар және Қазақстан – Түркия мен Түркі Әлемі үшін де маңызды зор мемлекет.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздік алғаннан бері тұрақтылығын сақтап, әртүрлі этникалық/діни қауымдастықтардың қоныстанғанына қарамастан, бейбіт өмірді, тұрақтылықты сақтай білген Қазақстан қаңтардағы қайғылы оқиғадан кейін бірқатар қауіп-қатерді сәтті еңсере білді.
Табыс пен азаматтарға ұсынылатын мүмкіндіктердің әділетсіздігі, кедейлік және сыбайлас жемқорлық сияқты мәселелер жаһандық індет, пандемиямен қабаттасуынан туындаған экономикалық жағдайлар саяси күйзелістерге әкелді.
Осы орайда кешегі Конституцияға өзгертулер енгізу қадамының ең маңызды уәжі – елдегі тұрақтылықты берік қалпына келтіру, суперпрезиденттік модельден бір қадам алға жылжып, мемлекет пен халық арасындағы қарым-қатынасты барынша нығайту болып есептелінеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерін сақтай отырып, «Жаңа Қазақстан» ұранын қабылдап, бірқатар өзгерістерді енгізуге тырысуда.
Дегенмен, бұл өзгерістерді тереңірек түсіну үшін өткен күндерге көз жүгірту керек. Бұл мәліметтер кейбір жазбаларда айтылмағанын байқаймын.
Негізі өзгерістердің алғашқы қадамдары 2010 жылдан байқала бастаған.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылдың 21 мамырындағы өзгерістер арқылы аз да болса, өз еліндегі Президенттік басқару жүйесін реттеген болатын. Сол өзгерістен кейін ол: «Осы конституциялық түзетулермен мен біздің басқару жүйеміз Президенттік Республика ретінде жалғаса беретініне қарамастан, Парламенттің өкілеттіктерін кеңейтуге күш салуды ұсынамын. Бұл өзгеріс бізді президенттік-республикалық жүйеден президенттік-парламенттік басқару моделіне көшіреді» деген еді.
Президенттік-парламенттік жүйе посткеңестік мемлекеттерді зерттейтін Шугарт (Shugart) пен Кэридің (Carey) классификациясының өнімі. Мұнда парламенттік жүйенің элементтері сақталғанымен, жүйеге халық сайлаған мемлекет басшысы билік етеді. Осылайша, президенттік, жартылай президенттік және мағыналық тұрғыдан парламенттік жүйеге толық ұқсамайтын жүйе пайда болады. Бұл жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктерін ескерсек, ол «суперпрезиденттік» пен парламенттік жүйенің арасында тұр. Конституциялық тұрғыдан алғанда бұл модельдің парламенттік немесе суперпрезиденттікке ауысатынын көрсететін ең маңызды 3 тәжірибе бар. Олар: заң шығару, жұмыстан шығару және тоқтату.
Сонда мемлекет басшысы заң билігін өз қолына ала ма? Ол Парламентті тарата ала ма? Үкіметті ше?
Осы тұрғыда 2017 жылы бастау алған және Мемлекет басшысына өз өкілеттіктерінің бір бөлігін Үкіметке/Парламентке беруге мүмкіндік берген конституциялық түзетуді депутаттар қабылдады. Конституцияның 19 бабына 26 түзету енгізу арқылы Президенттің заң шығару/атқару саласындағы 35 өкілеттігі Мемлекет басшысынан алынып, Үкімет пен Парламентке беріледі. Мұндағы кейбір өзгерістерді ескере отырып, Президенттің Жарлық шығару өкілеттігі біршама тарылды, Мемлекеттік бағдарламаны бекіту өкілеттігі үкіметке берілді, ал Үкімет тек Президент алдында ғана емес, Парламент алдында да жауапты болды...
Әрине, бұл өзгерістер жеткіліксіз. Нақты қажеттіліктерге бейімделіп, халықтың осы өзгерістерге қатысуы қамтамасыз етілуі керек еді. Бұл елдің болашақта не күтіп тұрғанын аңғартатын еді.
Сонымен қатар 2017 жылғы түзетуде Конституцияға «елдің негізін қалаушы Президент – Нұрсұлтан Назарбаев» деген сөз қосылған болатын. Кешегі референдумда енгізілген түзетулердің бірі осы сөзді алып тастау болды. Әрине, бұл өзгеріс елдің саяси ықпалына және билік тармақтарының тепе-теңдігіне әсер етуі мүмкін.
Мен, 2018 жылы Назарбаев бұл қызметтен өз еркімен кетуі мүмкін деп мәлімдеген болатынмын. Расында, солай болды. 2019 жылы 19 наурызда қызметінен кетіп, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке ұсынды.
Бүгінгі таңда 2017 жылғы конституциялық өзгерістер бұл лауазымнан кету туралы шешім қабылдауға ішінара негіз болғаны белгілі. «Мен жұмыстан кету туралы шешімді 2017 жылы қабылдадым», деді ол бізбен сұхбатында.
Енді соңғы өзгерістерге оралатын болсақ, Президент Тоқаев орнатқысы келетін модельді екі өлшеммен қарастыра аламыз.
Біріншісі – мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі нығайта түсетіндей етіп орналастыру. Тоқаев өз сөзінде «парламентаризм» терминін анық қолданды. Парламент ел тарихында алғаш рет осылайша қуатты болмақ.
Екіншісі – Назарбаевтан кейінгі халықтың күткен үміті және әкімшіліктегі билік тепе-теңдігін қазіргі Президент ыңғайлы әрі жылдам жұмыс істейтіндей деңгейге жеткізу. Билік жүйесін реттей отырып, кадрлардың ауыспалылығын жылдамдату. Тоқаев билікке келгеннен бері тұрақты табысы бар отбасыларды қолдап, кедейшілік пен сыбайлас жемқорлықты азайтуға тырысуда. Бұл мәселелермен шындап айналысуда. «Халық үніне құлақ асатын Мемлекет» деген ұран мемлекеттік органдар мен халық арасындағы сенімді нығайтуға негізделген. Бұл тұрғыда ол халықтың зор қолдауына ие болуда. Ол өз еліне сәйкес келетін дәстүр мен инновация арасындағы тепе-теңдікті сақтағысы келеді.
Қабылданған заңдардың кейбірі мынандай:
– Президент қызмет басында тұрғанда саяси партияның мүшесі бола алмайды.
– Үлкен құзыреті бар облыс әкімдері де партияларда жоғары лауазымды қызмет атқара алмайды.
– Президенттің жақындары мен туыстарын мемлекеттегі жоғары қызметтерге және жартылай мемлекеттік компаниялардың басшылығына әкелуге заңмен тыйым салынады.
– Президент облыс және қала әкімдерін тағайындау кезінде кемінде екі кандидат ұсынады.
– Конституциялық Сот 11 мүшеден тұрады. Конституциялық Соттың төрағасын және 4 мүшесін Парламент Сенатының келісімімен Президент тағайындайды, ал 6 мүшесін Сенат пен Мәжіліс бекітетін болады.
– Заң қабылдау құзіреті тек Парламентте болады. Пропорционалды өкілдік жүйесі енгізіледі.
– Саяси партияларды тіркеу жеңілдеу болады. Сайлауға қатысу үшін партиялар жинайтын қолдар саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін қысқарады.
Бұл өзгерістер елге саяси, әлеуметтік және құрылымдық тұрғыдан не әкелетінін көрейік. Бұл әсіресе тікелей шетелдік инвестиция үшін тартымдылық тудырады деуге болады. Біз мұқият бақылауды жалғастырамыз. Қазақстан өз аймағы үшін және Түркия үшін де стратегиялық маңызға ие.
Күршад ЗОРЛУ,
саясаттанушы