Тарих • 07 Маусым, 2022

Тарихтың көз жасы

784 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Саяси құпия! Иә, қазақтың құ­пия­сы көп. Әсіресе сталиндік репрессияға келгенде. Қасіретті көп көргеннен кейін бе, әйтеуір сол тақырыпқа тарихшылар көп бойлай бермейді. О, несі екен?! Көршіміздің көңіліне қараймыз ба? Әлде қанды құжаттарды қол­ға түсіру қиын ба? Неге әлі қазақ толық ақталмады? Тәуелсіз еліміз осы мәселеге келгенде енжарлық танытатыны бір доғал әңгімеге жүк дүние. Біз, осы сұрақтардың жауабын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты жиында естідік.

Тарихтың көз жасы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Ғалымдардың айтуынша, қу­ғын-сүргінге ұшыраған қазақ­тар­дың саны 5 миллионнан кем емес. Еліміз 1997 жылдан бері жыл сайын жаппай саяси қуғын-сүр­гін және 1931-1933 жылдар­да­ғы ашар­шылық құрбандарын еске алып, әртүрлі шара ұйымдасты­рып келеді. Мұндағы мақсат – жа­зықсыз жұртты ақтап алу, та­рих­­тың қателігін мойындау әрі жас­тардың санасын сілкіндіру. Біз үшін бұл уақыт тарихтағы ең ергежейлі беттердің бірі. Мұны кешегі арыстардың түрмедегі су­рет­терінен-ақ байқауға болады.

Аталған дөңгелек үстелді Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Тіл­дерді дамыту және мұрағаттар бас­қармасы және елорданың мем­лекеттік архиві ұйымдастырды. Сол сұрапыл жылдарда қаза тап­қан­дарды еске алуға тарихшылар, мұрағатшылар, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік және Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өңірлік комиссияның мүшелері, депутаттар жиналып, есті әңгіме өрбітті.

Тарихшылардың бұған дейін­гі келтірген дерегіне сүйенсек, ста­линдік режім жылдарында 100 мыңнан астам қазақстандық қуғын-сүргінге ұшырап, әрбір төртінші бөлігі атылған. Қазақ зия­лылары да осынау жауыз ке­зеңде өзінің жарқын өкілдері – Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкей­ха­нов, Тұрар Рысқұ­лов сынды бір­қатар алыптарынан айырылып, рухы құлады. Жаппай қуғын-сүр­гіннен басқа қара орман халық ашаршылықтан зардап шегіп, жал­пы саны үштен бірге дейін қысқарды. Ойлаудың өзі ауыр.

Саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мү­шесі, профессор Бүркітбай Аяған та­рих­тың жоғалған беттерін қал­пына келтіру жұмыстары барысында анықталған тың деректер­ге тоқталып, қуғын-сүргінге ұшы­рағандар туралы сұмдық мәлі­меттер келтірді.

«Мұрағаттар толық көпшілік­ке жарияланған соң, халықтың жү­регі қарс айырылады. Біз­дің бұрын білгеніміз әзірге қол­ға түс­пеген құжаттардағы мәлімет­термен салыстырғанда ештеңе емес. Шекара қызметінің офицері тікелей қатысқан, тарих раста­ған бір ғана фактіні мысалға кел­тірейін: Алматы облысы бо­йынша Қытаймен шекарадан 700 адам, негізінен әйелдер мен балалар өт­пек болған. 25 адамнан тұратын шекара отряды бұл топты, өз сөзімен айтқанда, «Кеңес шекарасын кесіп өтуге жол бермей» түгелдей жоя­ды. Немесе, міне, Карлагтан жер­гілікті офицерлердің жеке қолтаң­балары бар, «олар сағат 10-12-лер аралығында үкім­дерін орын­дап, түстен кейін адам­­дар­ды атуды жалғастырды» деп хабар­лаған. Өлім парақтары қоса берілген. Ең ауыры оның ішін­­де қарапайым адамдар да бар: ша­руалар, жұмысшылар, мұ­ға­­­лімдер дегендей…», деді про­­фес­сор. Ғалымның айтуынша, ко­миссияның жұмысы нақты қоры­тынды шығарылғанша жабық есік жағдайында өтіп жатыр.

Қазақстан аумағында қанша адам қуғын-сүргінге ұшырады? Ең жиі естілетін сан – бір жарым миллион адам. Расында, қазірдің өзінде комиссияның қолында бар дерек бойынша 5 миллионға жуық адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Бұдан да көп болуы мүмкін. Құпиялы құжаттар толық қолға түскенше баға беруге болмайды.

«Көптеген адам сот болды деп ойлайды, жоқ, көбіне сот болмаған. Ал жазықсыз сотталғандардың артында тергеусіз, тіпті бапсыз отбасылар жатыр. Жұмысымыз жалғасқан сайын қуғын-сүргінге ұшырағандар көбейе ме деп қорқамын. Жүздеген мұрағаттық іс әлі күнге дейін «құпия» деген айдармен сақталып тұр», дейді Бүркітбай Аяған.

Сарапшының тұжырымда­ры бойынша қуғын-сүргін кезең-кезеңімен жасалған. Алдымен зиялы қауымнан бастау алған пәлекет, ұлттық-демократиялық партиялардың мүшелерінен, одан кейін ұжымдастыру диірменіне түскен жұмысшы табынан, қара­пайым шаруаларға дейін тазарту науқаны жүргізілді.

Шараға қатысқан ғалымдар, сталинизмді ақтау – аса қауіпті нәрсе деген тоқтамға келіп отыр. Жүйенің адамгершілікке жатпай­тыны шындық. Сталинизмді наси­хаттауға тыйым салу үшін қан­дай да бір шешуші шаралар қа­былдау қажет. Сталинизм – тота­литаризмнің бір бөлігі, оны жоқ­қа шығару үшін кейбір құ­жат­тарды қабылдайтын кез келген де сыңайлы.

Жалпы, қуғын-сүргінге ұшы­рағандарды ақтау әрекеттері 90-жыл­дардың басынан бастау алды. Содан кейін біраз құжат жа­рия­ланды, бірақ әскери тұтқын­дар тақырыбы ашылмады. Дені орыс тілін білмегендіктен ба­ғыт-бағдарсыз атылса, алғаш рет қару алған бозбалалар да бос­тан-бос тұтқынға алынды. Олар аштық, депортация туралы айтты, бірақ ешқандай нәтиже бермеді. Посткеңестік көңіл күй тым күш­ті болды. Қазір бұл мәселемен рес­публикалық комиссия, 10 шағын комитет, өңірлік өкілдіктер айналысуда екен. Іс мұқият жүргі­зілсе, әділдікті қалпына келтіруге мүм­кіндік мол.

Иә, мұрағаттардың көмегі едәуір. Тарихшылардың айтуын­ша, Бас прокуратураның мұраға­тын­да, ҰҚК, Ішкі істер министрлі­гі­нің мұрағаттарында жұмыс істе­ген, бірақ құжаттар толық емес. Өлім жазасы шамадан тыс бюрократиясыз жүзеге асырылған. Қазақты қынадай қырған қасіретті жылдардың таңбасы жүректен оңай өшпесі анық. Бұл – тарихтың көз жасы.