Партия төрағасы Конституцияға өзгертулер енгізу бойынша өткен референдумның ашық әрі демократиялық үрдістердің сақталуымен өткенін айтты. Сайлаушылардың келуі, дауыс беру нәтижесі азаматтардың нақты таңдау құқығын, соның ішінде, өзге пікірде қалу құқығын көрсетеді, деп санайды Азат Перуашев.
«Референдум өзара сыйластық пен саяси пікірталаста сабырлықты сақтай отырып, азаматтарымыздың өзге пікірлермен санасуы секілді қоғамның жаңа саяси мәдениетін айқындап берді. Референдум барысында учаскелерді бақылаған «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері сайлау заңнамасының қатаң бұзылуын тіркемеді. Тек дауыс беру нәтижесіне әсер етпейтін техникалық ақаулар мен сайлаушылар тізіміндегі бірқатар сәйкессіздік байқалды. Референдум қорытындысы талассыз болып табылады және Қазақстан халқының мықты президент, ықпалды парламент пен есеп беретін үкіметі бар мемлекетті басқарудың жаңа моделін құру бағытын қолдайтынын айғақтайды», деді партия төрағасы.
Сондай-ақ ол: «Референдум, сондай-ақ, Президент Қ.Тоқаевқа және әділ мемлекет пен Жаңа Қазақстан құру жолындағы миллиондаған қазақстандық үміт артып отырған бастамаларына деген қоғам сенімінің жоғары деңгейін көрсетті. Бірақ 5 маусымда Қазақстан халқы жол ашқан мүмкіндіктердің іс жүзінде жүзеге асуы әрқайсымызға тікелей байланысты. Барлық азаматтарды, кәсіпкерлер мен шенеуніктерді, жастар мен зейнеткерлерді, жұмысшылар мен шаруагерлерді, түрлі ұлттар мен дін өкілдерін – шын мәнінде Жаңа, Әділетті Қазақстан құруға шақырамыз», деді халыққа арнаған мәлімдемесінде.