Ұлттық банктің хабарлауынша, төл валютамен берілген несие көлемі сәуірде 1,6 пайызға өсіп, 17 637,6 млрд теңгені құраған. Оның құрылымындағы заңды тұлғалар несиесі – 1 пайызға, жеке тұлғалар несиесі 2 пайызға артқан. Шетелдік валютамен берілген займдар 5,6 пайызға азайып, 1 762,0 млрд теңге болған. Оның құрылымындағы заңды тұлғалар несиесі – 5,6 пайызға, жеке тұлғалар несиесі 11,9 пайызға төмендепті.
«Бір айда ұзақ мерзімді несиелер көлемі 0,5 пайызға ұлғайып, 16 трлн теңге болды. Қысқа мерзімді кредиттер 3 пайызға көбейді – 3,3 трлн теңге. 2022 жылдың сәуірінде шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу 10,9 пайызға, 4 трлн теңгеге дейін төмендеген. Бұл – корпоративті секторға берілген несиенің 50,4 пайызы. Банктік емес заңды тұлғаларға теңгемен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 15,2 пайызды, жеке тұлғаларға 17,3 пайызды құрады», делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Осыған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев базалық мөлшерлеменің жоғары болуы экономиканы несиелеуге кедергі келтіреді деп мәлімдеген еді.
«Қазақстанда экономиканы несиелеу деңгейі ішкі жалпы өнімнің 25 пайызын құрап отыр. Көптеген дамушы елде бұл көрсеткіш 60-70 пайыз деңгейінде. Сингапур, Корея сияқты елдерде тіпті 150 пайызға жеткен. Біз соңғы жылдары экономиканы несиелеуге қысым жасап жібердік. Бұған базалық мөлшерлеменің 14 пайыз болуы да әсер етеді. Бұл бүгінде Үкіметтің инфляцияны тежеудің негізгі тетігі екенін түсінеміз. Әрі қарай не болады? Егер сыртқы тәуекелдер сақталар болса біз жоғары мөлшерлемемен экономикамызды дамыта алмаймыз», деген еді М.Әшімбаев.
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, экономиканы несиелеу тек мөлшерлемеге байланып тұрған жоқ.
– Біздің позиция – несиелерді мемлекеттік ақша есебінен субсидиялауды тоқтату. Жеке секторды қолдап, коммерциялық арнаға түсіру қажет. Тіпті мөлшерлеме төмендеген күннің өзінде банктер коммерциялық жобаларды ақша құнынан төмен несиелемейді. Бізге құрылымдық реформа керек. Біздің экономика импортқа тәуелді, соның ішінде азық-түлік тұрғысынан. Қазір сыртқы және маусымдық шокқа тап болып отырмыз. Ұлттық банк соңғы бірнеше жыл бойы экономиканы қолдау бағдарламаларына белсенді қатысты, енді одан жоспарлы түрде кете бастайды, – деді Ғ.Пірматов.