Бүгінде балаларға арналған компьютерлік ойындар көп. Пайдалысы аз. Қан-жоса төбелес, кісі өлтірумен өрбитін ойындар жеткіншектердің жүйке жүйесіне кері әсерін тигізетіні рас. Ойыннан ұтылып қалып, қабырғадағы түсқағаздарды тырмалайтын бүлдіршіндерді де естідік.
Естай атындағы балалар музыка мектебінің директоры Медғат Манаповтың айтуынша, ерекше ойын педагогтерге балалармен өнімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
– Қазіргі балалардың оқу жүктемесі көп. Ата-аналардың қалауымен орта мектептен кейін қосымша білім беру ұйымдарын жағалайды. Одан шаршап шыққан оқушы спорт үйірмесіне, одан қала берді музыка үйірмесіне барады. Мұндай кезде шаршаған баламен жұмыс істеу қиын. Тығырықтан шығу үшін әріптестерімізбен бірге ойын жобасын құрастыруды қолға алдық. Оған сәйкес, балаларға тапсырма беріледі. Әзірге 3-4 кезең қарастырылған. Тапсырманы орындау кезінде аңыздың желісімен күй шертіліп, шығу тарихы баяндалады. Осылайша, ойын барысында бала күйді қалай меңгергенін сезбей де қалады. Оған көзіміз жетті. Алғашқы күні-ақ тың әдіс-тәсілдің нәтижесін көре бастадық. Балалардың ынтасы арта түсті, – дейді Медғат Манапов.
Әзірге жобада «Ақсақ құлан» күйі ғана бар. Алдағы уақытта тапсырмалардың саны артып, сәйкесінше өзге де күйлер топтастырылмақ. Күйден бөлек, классика сияқты жанрларды да ойынға енгізу жоспарланып отыр.
Әдетте домбыра сыныбының тәрбиеленушілеріне күйді таныстыру үшін ең әуелі оның шығу тарихы, құрылымы айтылып, содан кейін ғана ноталары үйретіледі екен. Ендігі жерде ойын арқылы теориялық білімді меңгерту жеңілдегенін атап өткен жөн. Ұстаздар практика ісіне басымдық беретін болады. Бұл әдіс тек домбыра сыныбының қатысушыларына ғана емес, музыка мектебінің барлық тәрбиеленушілеріне арналған. Жоба авторларының көздегені де сол. Кез келген үйірмеге қатысушының ойын арқылы көңіл күйі көтеріліп, сабаққа деген ынтасының артуы маңызды.
Ойын жобасын құрастырушылардың қатарында музыка мектебінің директоры Медғат Манапов, кітапханашы Самал Әбікеева, бағдарламашы Сұлтан Балташев және дыбыс жазушы қызметін ұсынған жергілікті әнші Бауырбек Бектеміров бар. Қазірдің өзінде өзге өңірлердегі әріптестері байланысқа шығып, ойын жобасына қызығушылық танытып жатқан көрінеді. Ата-аналар да музыка мектебі басшылығының үйірме жұмысына атүсті қарамай, жан-жақты әрекет етіп жатқанына дән риза. Балалар ойыннан ұтылса да, күйді меңгеруден ұтылмақ емес.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы