Қоғам • 07 Маусым, 2022

«Теңізші» өрендер

300 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл әсерлі оқиға туралы «әскерилер ақтаулық бес жасар егіздердің арманын орындады» деуге де болады. Бес жасар егіздер Жанарыс пен Бекарыстың әкесі – әскери қызметші. Ол отбасына келгенде көңілін қуанышқа бөлер егіз ұлының арманы әскери теңізші болу екенін көптен біліп жүрген.

«Теңізші» өрендер

Ширек ғасыр тәжірибесі бар жоғары шенді әскери қызметші 1 маусым мерекесі қарсаңында балаларының арманы туралы Қазақстан Әскери-теңіз базасының қолбасшылығына айтады. Теңізшілер «болашақ әріптестерімен» кездесуді арнайы балаларды қорғау күніне ұйымдастырып, бүлдіршіндерді тарихи әскери-теңіз мұражайына қонаққа шақырды.

– Жанарыс пен Бекарыс Әшірбаевтар теңіз жаяу әскерінде қызмет еткісі келеді. Мерекеге орай олар ата-анасынан көлік немесе велосипед емес, теңіз формасын сұрады. Балалар ойыншық кемелермен ойнап, теңіз туралы мультфильмдер көреді екен. Олардың әкесі подполковник Серік Әлиев әріптестерімен балаларының ерекше өтінішімен бөліскен. Ал әріптестері өз кезегінде, балалардың осы қызметке құштарлығын көріп, тарихи әскери-теңіз мұражайына баруға ша­қыр­ды, – дейді Ақтау гарнизоны баспасөз қыз­метінің жетекшісі Нұрбол Шалабаев.

Балалар мұражайға анасы арнайы тігіп берген әскери формада барған. Оларға экскурсияда мұражайдың, әскери-теңіз күштерінің тарихы туралы ақпарат берілді.

– Егер балалар мектепте жақсы оқитын болса, онда біз олар үшін ең басты тосын сый – нағыз әскери кемеге апаруға дайынбыз, – деді әскери бөлім командирі Данияр Хайрушев.

Егіз ұлдарға қарап Қазақстанның болашақ мықты, отансүйгіш, елжанды, қызметшілері өсіп келеді деуге толық негіз бар.

 

Маңғыстау облысы