Айдай С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі, мамандығы отбасылық дәрігер. Ол қайырымдылық қызметті қатар алып келе жатыр. Өнерге қызығып, спортпен айналысады. Күйеуі Мақсат екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.
«Тарихы мен өмірбаяны тереңде жатқан ұлттық деңгейдегі жобаны басқару мен үшін мәртебе. Ширек ғасырда Ұлттық сұлулық байқауының сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бұл тек сұлулық пен сән мейрамы болса, қазіргі таңда «Қазақстан Аруы» өзін белсенді өмірлік және азаматтық ұстанымы бар жастар қауымдастығы ретінде көрсете білді», – дейді Айдай Исаева.
«Қазақстан Аруы» байқауы соңғы жылдары «Сұлулық мейірімділікте» ұранымен өтіп жүр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған арулар қайырымдылық және әлеуметтік акцияларға қатысып, тұрмысы төмен отбасыларға, қарттар мен балаларға көмек беруге ұмтылып келеді. Пандемия кезінде байқауға қатысушылар волонтер ретінде денсаулық сақтау жүйесіне көп қолдау көрсетті.
«Біздің байқау – бұл Ұлы дала ұрпағының тереңдігі мен даналығын бойына сіңірген сұлулыққа деген құрмет әрі мәдени мұраны сақтау мен көбейту жөніндегі жоспарлы тынымсыз жұмыс», – дейді Айдай Исаева.
Айтқандай, алдағы уақытта байқаудың жаңа маусымы басталады, ол бірнеше кезеңнен тұрады. Ел сұлулары missqazaqstan.kz ресми сайтында онлайн-өтінім беріп, онлайн-әңгімелесуден өтіп, 30 қыз ақтық сынға жолдама алғанға дейін жалғасады.
Орайы келіп тұрғанда, «Қазақстан Аруы» ұлттық байқауының негізі 1997 жылы қаланғанын, бұған дейін осы жобаны басқарған Алена Ривлина-Қырбасова қамқоршылық кеңес құрамында қалғанын айта кету керек.
«Қазақстан Аруы» – «Ғалам аруы» (АҚШ), «Әлем аруы» (Ұлыбритания) және «Жершары аруы» атты ірі әлемдік конкурстардың эксклюзив лицензияларының жалғыз иегері.
АЛМАТЫ