Қаржы • 07 Маусым, 2022

Ұлттық банк теңге бағамының тұрақтануына қатысты түсінік берді

202 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мамыр айынан бастап теңге бағамы тұрақтана бастағанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық банк теңге бағамының тұрақтануына қатысты түсінік берді

Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында теңгенің шетел валютасына қатысты бір деңгейде нығаюына қатысты сауал туындады.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов осы бағытта Ұлттық банк еркін айырбас бағамы саясатын ұстанатынын хабарлады.

Бұл ретте, Әлия Молдабекова ақпан айынан бері теңге бағамының құбылмалығы геосаяси тәуекелдер мен жаһандық нарықтағы өзгерістерге байланысты болғанын айтты.

«Сондықтан еркін айырбас бағамы режимінде тұрған теңгеге аталған жағдайлар ықпал етті. Біздің ойымызша, теңгенің еркін бағамы сыртқы ахуалға экономикамыздың әрі нарығымыздың жылдам бейімделуіне мүмкіндік береді. Мамыр айынан бастап жағдай тұрақтанды. Бұған сыртқы нарықтардағы ахуалдық тұрақтануы ықпал етті. Қазіргі кезде мұнайдың, энергия ресурстарының бағасы өскенін байқап отырмыз. Бұл ресурстар біздің экспортқа шығаратын негізгі тауарымыз болып отыр», деді Әлия Молдабекова.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары аталған тұрақтану процесіне экспорттаушылар тарапынан шетел валютасындағы ұсыныстарының артуы ықпал еткенін атап өтті.

«Сондықтан валюта нарығындағы жағдай теңдестірілгенін көріп отырмыз», деді ол.