Өнер • 07 Маусым, 2022

Ай астындағы ағаш

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Суретшілік – соқырлардың жұмысы. Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді», дейтіні бар Пабло Пикассоның. Осы «сезіну» деген ұғым қылқалам иесінің бәріне қона бермейтін құдірет. Мұны даңқты суретші жақсы бағамдап отыр. Мәселен, біз мысалға алған картинадан сіз не сезіне алдыңыз?! Көзбен көргеніңізді емес, көңілге түйгеніңізді ой ішінде кестелеп көріңізші.

Ай астындағы ағаш

Қазақтың ғажайып сурет­шісі Бақыт Бәпішевтің шығар­машылық қолтаңбасы 1980 жылдарда ерекше үрдіс алды. Түркілік понтеизм, көшпенді әлемі және олардың ойлау жүйесін өз кенебінде мифтік элементтер арқылы шебер жазды. Батыстың абстрактілік тілінің көркемдік құндылығын ұлт­­тық ерекшеліктермен әс­пет­теп, дәстүрлі ойлау жүйе­сіне салып, метафораға негіз­делген символдық шешім­дер қабылдады. Мұны «Ай астындағы ағаш» картина­сы­нан-ақ аңдауға болады.

Аталған туындыда төрт бұрышты форматта түнгі атмосферада жайқалған жалғыз түп жас ағаш бейнеленген. Фон қара түспен беріліп, ағаш форматтың қақ ортасына тастан қаланған дуалдың жоғарғы жағына орнатылған. Жас ағаштың діңі тік бітіп, бұ­тақ­тарымен кенептің жоғарғы жағына тіреліп кенеп бетінде қысым тудырып тұр. Қап-қара аспаннан айдың өзі де, айды тұспалдайтын жа­рық та көрінбейді. Тек ағаш жа­пырақтары мен дуал бетіне түс­кен сарғыш, қызғылт тартқан бояу реңінен түннің айлы екенін тұспалдап білеміз.

Жан-жағы тік төртбұрышты пішін құрап қаланған тас дуал­дың ішіне егілген мұндағы ағаш жасанды өркениеттің не­месе тарихи тамырынан, өзе­­гінен, жермен тікелей байла­нысын білдіретін негізінен ажы­раған бүгінгі мәдниеттің, ұрпақтың символы іспеттес. Ағаш жапырақтары да жасан­ды гүлдің жапырақтары тәріз­ді бірдей көлемде жетіліп, жар­­­қырап тұр. Оның мінсіз тік біт­кен діңі түнгі аспанның орта­сына сіңіп аса білінбей бейнеленсе де өзінің мінсіздігімен арбайды...

Суреткердің шығармасын­дағы жас түп жасанды жолмен өсірілгені соншалық, та­биғи негізі жоқ тәрізді. Бұл өз жеріңде бүршік атып, гүл жарға­ныңызбен, өзге мәдениеттің қы­сы­мында тәрбиеленгендіктен тамырыңызбен тамырлас жеміс бере алмайтыныңызды айтып тұрғандай.