Спорт • 08 Маусым, 2022

Парсы елінің пехлевандары озды

324 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматыда күрес түрлерінен өткен Болат Тұрлыхановтың кубогы жолындағы жарыстың соңғы күні еркін күрес шеберлері өз өнерлерін ортаға салды. Бұл бәсекеде Қазақстан аралас құрамда өнер көрсетті. Бірден айта кетейік, кейбір белді балуандарымыздың өнері көңілден шықпады. Есесіне кейбір дарынды жастарымыз өздерін жақсы қырынан көрсетіп, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі.

Парсы елінің пехлевандары озды

Аталған жарыста өздерінің өжеттігі және табандылығымен көзге түскен екі жас өренді ерекше атап өткіміз келеді. Біріншісі – 70 кило салмақта сайысқа түскен Родион Анчугин. 20 жастағы балуан Алматы төрінде керемет өнер көрсетті. Ең бас­тысы, ол қорқу мен қаймығуды білмеді. Алдында азулы қарсылас тұрса да аянбай айқасты. Осы турнирде өзбекстандық Зафарбек Отаханов пен үндістандық Вихал Калирамана сынды көкжалдарды жеңген ол финалда Ерназар Ахмат­алиевпен күш сынасты. Қырғыз балуаны былтыр Ослода әлем және биыл Ұланбатырда Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Төреші белгі берген бетте отандасымыз Ахматалиевты бас салып, әбден сілікпесін шығарды. Бәсекелесі ондайды күтпесе керек, алғашында біраз аңтарылып қалды. Ал Анчугин алты ұпай алса да, атойлап ұтамын деп алға ұмтылды. Бірақ тәжірибенің аты тәжірибе ғой. Бір мезетте ол Ер­назардың оңтайлы әдісіне түсіп қалды. Десек те Родионға өкпе айтқан ешкім болмады. Негізі бұл салмақта басты үміт біраз жылдан бері ұлттық командамыздың сапында жүрген Мейіржан Әшіров пен Амандық Бакеевке артылған еді. Бірақ олар «ұзаққа шаппады».

Дәл сондай өжеттікті 57 кило салмақтағы Мерей Базарбаевтың да бойынан байқадық. 19 жасар қандасымыз көпті көрген көк­жал­дардың барлығымен әбден тіресті. Тіпті талай дүрмекте ысыл­ған дүл­дүлдердің өздері қазақт­ың ұлы­ның қайсарлығына тамсанды. Кө­рермендер де дән риза болды. Осы турнирде Базар­баевқа қола медаль бұйырды. Бұл – Мерей­дің спорттық мансабындағы әзірге ең ірі жеңіс. Жарыс аяқталған бетте қырағы мамандардың өздері «Осы бағытынан жаңылмаса, мына жігіт­­тің болашағы жарқын болады» десіп жатты.

Қазақстан құрамасы Болат Тұрлыхановтың турнирін 1 алтын, 5 күміс және 6 қоламен қоры­тындылады. Бір қуаныштысы, алты бірдей жерлесіміз финалға шықты. Ал солардың бесеуінің сын сағатта сүрінгенін көргенде ішіміз удай ашыды. Радион Анчугиннің финалда жеңіл­генін жоғарыда айттық. Сол се­кілді 92 кило сал­мақтағы Әді­лет Даулынбаев та тым азу­лы қарсыласқа тап болды. Осы­ған дейінгі бәсекелерінің бар­лы­ғын 10:0 есебімен ұтқан әлем және Азияның екі дүркін чем­пионы Камран Гасемпур қан­дасымыздың да тас-талқанын шы­ғарды. Иранның мықтысы Әділетке адым аштырмады. Дау­лынбаевқа қарағанда аса ауыр салмақтағы Юсуп Батырмур­заев жақсы күресті. Оның финал­дағы қарсыласы – Токио Олим­пиа­дасының қола жүлдегері, был­тыр­ғы әлем чемпионы иран­дық Амир Хоссейн Аббас Заре еді. Белдесу басталған бетте екі алып алыса кетті. Юсуп оны кі­лемге жығып алып, әрі де, бері де айналдырды. Жерлесіміздің қоржынына бірден сегіз ұпай түсті. Тағы екі ұпай алса, айқын жеңіске қол жеткізеді. Бірақ мықтының аты мықты ғой. Одан кейін Заре кеткен есесін толығымен қайтарды. Батырмурзаев шаршап қалды. Қорытындысында ирандық 21:10 есебімен басым түсті.

Финалда 57 кило сал­мақ­та сынға түскен тәжірибелі Мейрам­бек Қартбай үндістандық Аман Аманды ұтатын шығар деп үміт­тендік. Өйткені оның қар­сы­ласынан бес жас үлкендігі бар. Яғни үнді спортшысына қара­ғанда тәжірибесі мол. Бірақ 17 жа­сар Аман нағыз «сен тұр, мен атайынның» дәл өзі екен. Белдесу барысында Мейрмабектен ұтылып жатқан ол аяғына дейін күресіп, ақыры көздеген мақсатына қол жеткізді. Ал 61 кило салмақтағы Жасұлан Тасқұлдың 23 жастағылар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері деген атағы бар қырғызстандық Бекболот Мыр­заназарұлына әлі жетпеді.

Қазақстанның балуандары ара­сынан жалғыз алтын Болат Са­қаевқа бұйырды. 79 кило сал­мақта күрескен ол ширек финалда өзінің командалық әріптесі Жігер Зәкіровті жеңсе, жартылай финалда Еуропа чемпионы, словакиялық Ахсарбек Гулаевтан басым түсті. Финалда Сақаев Азия бірін­шілігінің бірнеше дүркін жүл­дегері қырғызстандық Саяқбай Юсуповты сан соқтырып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Осылайша, Болаттың арқасында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған дүйім жұрт Қазақ елінің әнұранын естіді. Ал Мерей Базарбаев (57 кило), Елдос Момбеков (61 кило), Нұрқожа Қайпанов (74 кило), Дәулет Ергеш (74 кило), Әбдіманап Байгенжиев (92 кило) және Әкежан Айтбеков (97 кило) қола медальды мойындарына ілді.

Жалпыкомандалық есепте кілең жұлдыздардан жасақталған Иранның еркін күрес шеберлері алдына жан салмады. Парсы елінің пехлевандары 3 алтын мен 1 кү­місті олжалады. Грек-рим күре­сінен өткен жарыста да дәл солар оза шапқан еді. Словакия мен Қырғызстан балуандарының нәти­желері бірдей. Екі команда да 2 алтын, 1 күміс және 1 қо­ладан олжалады. Бір айта кетер­лігі, Словакияның намысын қор­ғаған жігіттердің барлығы да осе­тиндер. Сондай-ақ Моңғолия (1+1+1), Үндістан (1+0+2), Өз­бекстан (0+1+4) және Түркия мен Мысыр (0+0+1) өрендеріне де же­ңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды.

Еркін күрестен өткен жарыс­тың жеңімпаздары: 57 кило – Аман Аман (Үндістан), 61 кило – Бекболот Мырзаназарұлы (Қыр­ғызстан), 65 кило – Тулга Тумыр Очир (Моңғолия), 70 кило – Ерназар Ахматалиев (Қыр­ғызстан), 74 кило – Таймураз Сал­казанов (Словакия), 79 кило – Болат Сақаев (Қазақстан), 86 кило – Хассан Яздани (Иран), 82 кило – Камран Хассанпур, 97 кило – Батырбек Цакулов (Словакия) және 130 кило – Амир Хоссейн Аббас Заре (Иран).