Өткен аптада ғана WTA тізімінде 16-орында тұрған еліміздің бірінші ракеткасы қазіргі кезде 21-сатыға жайғасты. Есесіне Юлия Путинцева өз жағдайын жақсартты. Бірден бес сатыға жоғарылаған ол бұл күндері 32-орынды иеленуде. Уақыт озған сайын Зарина Диастың нәтижесі төмендеп барады. Жерлесіміз 157-орынды қанағат тұтуда. Әйелдер арасында Ига Швентек әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастап тұр. Париждегі турнирдегі жеңісінен кейін ол басты қарсыластары эстониялық Анетт Контавейт, испаниялық Паула Бадоса, тунистік Онс Жабер және грекиялық Мария Саккариден біршама ұзап кетті.
Ерлер арасында ресейлік Даниил Медведев пен германиялық Александр Зверев Сербияның даңқты теннисшісі Новак Джоковичті тұғырынан тайдырды. Төртінші және бесінші орындарда – испаниялық Рафаэль Надаль мен норвегиялық Каспер Рууд. Қазақстанның ең үздік ойыншысы Александр Бублик 36-орынды еншілеуде.