Аймақтар • 08 Маусым, 2022

Ұлытауда алғашқы мәслихат сессиясы өтті

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа үш облыстың құрылуы туралы Жарлығы ресми түрде күшіне енді. Осы орайда Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлытауда алғашқы мәслихат сессиясы өтті

Тарихи жиынға 12 депутаттың 11-і қатысып, мәслихат хатшысын сайлады. Үлкен жауапкершілік жүктелетін лауазымға бірауыздан «Amanat» партиясынан сайланған халық қалаулысы Бауыржан Шыңғысов тағайындалды.

Бауыржан Шыңғысовтың көп жылдар бойы мемлекеттік, оның ішінде жауапты қызметтерде, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімі болып еңбек еткен білімді, тәжірибелі, еліне жанашыр азамат екендігі аталып, депутаттар тарапынан зор сенім білдірілді.

Сессияда күн тәртібінде болған тұрақты комиссиялар құрамын бекіту, мәслихат аппаратын құру сияқты ұйымдастыру мәселелері ортаға салынды.

Осылайша, Ұлытау облысының алғашқы құрылған ұйымының бірінші шешімі қабылданды.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті 2022 жылғы 16 наурызда Халыққа Жолдауында елімізде үш жаңа облыс құру туралы ұсыныс білдіріп, 4 маусымда жаңа өңірлерді құру туралы Жарлыққа қол қойған еді.

Жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласы болады. Өңірге 3 қала – Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал, сондай-ақ 2 аудан – Ұлытау және Жаңаарқа қарайды..