Оқиға • 08 Маусым, 2022

Ақмола облысында есірткі саудасымен айналысқандар сотталды

138 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысы аумағында героин есірткісін сатумен айналысқан Шортанды ауданының 37 жастағы тұрғыны және 58 жастағы астаналық әйел сотталды. Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыларға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола облысында есірткі саудасымен айналысқандар сотталды

Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне Нұр-Сұлтан қаласы мен Шортанды ауданының тұрғындары өңірге героин жеткізумен айналысып жүргендігі туралы ақпарат түскен.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында ақпарат расталады. Күдіктілерді тінту кезінде астаналық әйелдің іш киімінен 595 г героин табылып, тәркіленді. Ал, үйін тінту кезінде 200 мың теңгеден астам ақша, электрондық таразылар, сарғыш түсті сұйықтығы бар инъекциялық шприц және 845 г героин салынған полиэтилен пакет табылды. Барлығы 1440 г героин заңсыз айналымнан алынды, бұл - героиннің 5000-нан астам бір реттік дозасы.

«Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі «өткізу мақсатында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау» санкциясына сәйкес мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот үкімімен күдіктілер 13 және 11 жылға бас бостандығынан айырылды», деді Ақмола облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мейрам Жапбасов.