Суретші көп жылдар бойы қазақ зиялыларының, ұлт батырларының портреттер топтамасын өмірге әкелді. Осы жұмыстардың ішінен Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жамбыл Жабаев портреттерін ерекше атап өткен жөн. Портреттегі стиль шарттылықтан аулақ. Өнер иесі кейіпкерлерінің пластикалық сипаттамасын жан-жақты көрсетуге ұмтылады.
Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде көрерменге жол тартқан «Өмір – өнер жолы» көрмесіне туындыгердің 60-тан астам графикалық және кескіндемелік мәнерде орындалған кең тынысты шығармалары қойылған.
– Қанат Шүкірбековтің туындылары жарқын, қанық бояумен, жанды, темпераментті жазу мәнерімен, пішіндердің жеңіл фактуралы өңделуімен сипатталады. Ол қазақ ұлттық бейнелеу өнерінің үздік дәстүрлеріне негізделген жаңа образдар жасаудың шебері. Шығармашылығы арқылы біз суретшінің өз елінің тарихына, халқына деген шынайы сүйіспеншілігін, Қазақстанның болашағына бейжай қарамайтынын байқаймыз. Қылқаламдағы тарихи сюжеттер драматизмнің ерекше рухына және болып жатқан оқиғалардың шындық сезіміне толы. Бұл жанрлық шығармалардағы кейіпкерлер мүмкіндігінше табиғи әрі тұлғалық, әлеуметтік және рухани құндылықтарымен кескінделген. Автордың «Кер заман», «Бүркіт ұстаған аңшы», «Жер-Ана», «Алакөл», «Алаштың арманы», «Арыстан баб», «Алтын күз» секілді көркем кескіндемелік туындылары оның бай шығармашылық әлеуетін көрсетеді, – дейді көрме жетекшісі, өнертанушы Ғалия Әли.
Экспозицияда бүгінгі қоғам тынысы, адамдардың қарапайым тіршілігі, шынайы достық пен адал махаббатты дәріптеген суреттер көңілге жылу сыйлайды. Суретші өзі көрген-түйген әсерлерді сезіммен жандандырып, қуатты идея мен әсерлі жеткізеді. Ол түспен, кеңістікпен және сызықпен батыл жұмыс істейді. Бай қанық түстер гаммасында қазақ даласының таңғажайып табиғатын, оның заттық әлемін бейнелейтін пейзаждар мен натюрморттар көрме құндылығын арттыра түскен.
Суретші кітап иллюстрациясы саласында да өзінің айшықты қолтаңбасын қалыптастыра білді. Ол «Өнер», «Атамұра», «Мектеп», «Жазушы» баспаларымен тығыз байланыс орната жүріп, көптеген балалар кітаптарын түрлі түсті графика техникасында безендірген. Шүкірбековтің графикалық парақтары айқындығымен, мәнерлілігімен, бейнелілігімен және идеялық толықтығымен сипатталады. Кітаптарға арналған иллюстрациялары, акварель қағазында түрлі түсті қарындаштармен, оның түйіршікті құрылымымен жасалған басқа жұмыстары қайталанбас атмосфералық жұмсақтығымен ерекшеленеді.
АЛМАТЫ