Медицина • 08 Маусым, 2022

Балалар қандай сырқатпен жиі ауырады?

427 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қоғамда түрлі өзгерістер жүріп жатқанына қарамастан, ел Президенті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны баршаға аян. Қандай жағдай болса да, баланың денсаулығы мен тәрбиесінен өткен өзекті мәселе жоқ. Осы атау­лы жылда өсіп келе жатқан ұрпақ үшін не істей аламыз? Бұл мемлекеттің ғана міндеті ме? Бұл сауал ата-ана болып отырған әрбір адамды, жауапты мекемелерді, бала тәрбиесінің айналасында жүрген мамандарды айналып өтпейді.

Балалар қандай сырқатпен жиі ауырады?

Биыл Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы балалардың денсау­лы­ғын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Баспасөз мәслихатында қаланың перинаталдық орталықтарының жұмысы жөнінде баяндаған қалалық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас педиатры, профессор Қарлығаш Жұбанышева: «Алматыға денсаулықты жақсарту және балалар арасындағы өлім-жітімді азайтуда түрлі технология­лар келіп жатыр. Қаланың босандыру мекемелерінде түрлі іс-шаралармен қатар, «Ана мен баланы қорғау», «Ана болудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағдарламалары жұмыс істейді. Ең бас­тысы, ана денсаулығын жақсартуға және дені сау баланы дүниеге әкелуге бағытталған тиімді перинаталдық технологиялар енгізіліп отыр», дейді.

Профессордың айтуынша, қалада бала өлімі мен сырқаттанушылық көр­сет­кіші еліміздің басқа аймақтарына қарағанда, салыстырмалы түрде төмен және бұл үдеріс жалғасын тауып отыр. Дегенмен дәрігерлерді шала туылған нәрестелер, ерекше күтімді қажет ететін, бақылау кабинеттерінде бақылауды қажет ететін, орталық жүйке жүйесінің патологиясы бар балалар, жұқпалы патологиялармен байланысты кеселдері бар балалардың жағдайы алаңдатады.

Барлық перзентхананың қызметі сәбилердің денсаулығын жақсартуға жұ­мыл­дырылса, қалада 7 фельдшерлік-акушерлік мекеме бар, олар ең заманауи технологиялармен жұмыс істейді. Тиісті мамандар салмағы 500 грамнан да аз болып туған қызыл шақаларды күту, салмағы аз және ауру нәрестелердің аурушаңдығын азайтумен айналысады.

Алайда спикер балалар ауруларының алдын алуда маңызды мәселе – алдымен ана сүті екенін айтады. Баланың денсаулығын сақтауда ана сүтінен асқан шипа да, тамақ та жоқ.

Қ.Жұбанышева мегаполистегі пе­рина­талдық орталықтардың жұмы­сы­на егжей-тегжейлі тоқтала отырып, Қазақстанда 2008 жылдан бастап ста­тис­тикалық есеп беруге енгізілген өл­шемдер бойынша жүктілік мерзімі 22 апта немесе одан да көп болғанда туған; туылғандағы салмағы 500 гр немесе одан жоғары: ұзындығы 25 см немесе одан көп нәрестелер өміршең болатынын айтады.

«Жүкті әйелдерді мерзімінен бұ­рын босанған әйелдерді және олар­дың шала туған нәрестелерін жоға­ры мамандандырылған көмекпен қамтамасыз ету мақсатында республикада перинаталдық көмекті аудандастыру жүргізілді. Мұндағы мақсат – барлық мерзімінен бұрын босануларды 2-ші және 3-ші деңгейдегі акушерлік ұйым­дар­ға шоғырландыру. Бұл пациент­тің қауіпсіздігі мен қажеттілігіне негізделген күтімнің үздіксіздігін сақтау аясында әрбір босанған кезде барлық анаға және олардың жаңа туған нәрестелеріне бі­лікті күтімді қамтамасыз ету үшін қа­жет», деді спикер.

Оның айтуынша, перинаталдық медицина – әртүрлі клиникалық және ір­гелі мамандықтардың ғалымдары мен тәжірибе жүзіндегі мамандарды бірік­ті­ретін медицинаның жаңа саласы. Перинаталдық медицина мамандарына педиатрлар мен неонатологтер, акушер-гинекологтер, невропатологтер және 15-тен астам басқа мамандықтардың өкілдері кіреді.

Перинаталдық орталықтар – жүкті әйелге, босанатын әйелге, босанған әйел­ге және жаңа туған нәрестеге жо­ға­ры білікті медициналық көмектің толық кешенін көрсететін көп салалы ме­дициналық мекемелер. Оның құры­лы­мында перинаталдық патологиясы бар балаларды күту, оңалту және динамикалық бақылау кезеңдерінің болуы қағидатты әрі маңызды.

Сол сияқты бұл салада медициналық ин­новациялық технологиялар әзірленіп, жа­ңа туған нәрестелерді басқарудың не­гіз­гі стандарттары мен хаттамала­ры енгізілген, олар медициналық кө­мек­­ті оңтайландыруға және сапасын арт­тыруға тиіс.

«Бүгінде мамандардың алдында жаңа міндеттер тұр, оны шешу болашақта нәресте өлімінің динамикасы қандай болатынын ғана емес, бұл дене салмағы өте төмен балаларды күтуге тікелей байланысты, сонымен қатар олардың кейінгі жас кезеңдерінде өмір сүру сапасы қандай болатынын анықтайды», деді ол.

Алматы дәрігерлері балаларда жиі кездесетін кесел түрлері туралы да сөз қозғады. Жас балаларда кең таралған денсаулық мәселесіне нефрологиялық және стоматологиялық аурулар жатады. Бұл мәселе бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина және денсаулық сақтау фа­культеті Жоғары медицина мекте­бі­нің клиникалық мамандықтар кафед­ра­сы­ның профессоры Клара Шалабаева мен қаланың штаттан тыс бас балалар нефрологі, №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының нефрология бөлімінің меңгерушісі Сәуле Алпысбаева сөз алды.

Клара Шалабаеваның айтуынша, балаларда әсіресе тіс аурулары жиі кез­деседі.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өлшемдері бойынша біздің республикада әртүрлі жас топтарындағы балаларда тіс жегісінің таралуы орта есеппен 70-85 пайызды құрайды, ал қарқындылығы бойынша біздің балаларда кариестің декомпенсацияланған түрі жиі кездеседі», деді К.Шалабаева.

Балалардың стоматологиялық ден­сау­­лығының мұндай жағдайға же­туіне – жүктілік кезіндегі, әйел ден­сау­­лығындағы кінәраттар, жүктілік ке­зіндегі дұрыс тамақтану, өмірдің бі­рін­ші жылындағы баланың ауруы, кіші және мектеп жасындағы диетадағы кө­мір­сулардың артық болуы, ауыз қуыс гигиенасының сақталмауы себеп болып отыр.

Сондай-ақ спикер тіс ауруларының алғашқы профилактикасы бағдарла­ма­сының жоқтығы, мектеп жасындағы балаларға жоспарлы түрде ауыз қуы­сын сауықтыру, жалпы білім бе­ре­тін мектептердегі стационарлық сто­матологиялық кабинеттердің жабылуы сияқты маңызды әлеуметтік факторлар тіс денсаулығының нашарлауына әкеліп соқтыратынын атап өтті.

Осы арада республикадағы стома­то­логиялық мекемелердің 80%-дан астамының жекеменшікке өтуі стома­тологиялық көмекті балалар мен жас­өсп­ірімдерден алыстатқанын жасы­рудың қажеті жоқ. Стома­тологиялық қызметтердің (плом­ба­лар­дың) жоғары бағасы ата-анасының материалдық жағдайы төмен ауылды жерлерде тұ­ра­тын көпбалалы отбасы балаларының ауыз қуысын жақсарту мүмкіндігінен айыр­ды.

«Ауыз қуысының жағдайы жалпы денсаулық көрсеткіші болып табылады. Ал тіс ауруын азайтпай, дені сау бала өсіру мүмкін емес», деді К.Шалабаева.

№2 қалалық клиникалық балалар ауруханасының нефрология бөлім­ше­сінің меңгерушісі Сәуле Алпыс­баева бүгінде балалар арасында не­ф­рологиялық аурулардың жиі кезде­се­тінін айтады. Оның айтуынша, ұл-қыздардың 80-85%-ы – зәр шығару жолдары инфекциясына шалдыққан.

Спикер барлық ата-анаға балала­рының себепсізден себепсіз дене қызуы көтерілгенде, дизурия пайда болған кезде – ауырсынумен, ісінумен жиі зәр шығару немесе бала аз зәр шығара бастаған жағдайда міндетті түрде жалпы зәр анализін өткізіп, учаскелік дәрі­герге немесе нефрологке жүгінуді ұсынды.

«Бұл аурулардың көбін өздігінен жоюға болатынын атап өткім келеді. Бұл кеселдердің алдын алу үшін балалардың суды көп ішуіне, қыздардың дұрыс ша­йынуына, дәретке дұрыс отыру мен іш қатудың алдын алуға мән беру керек», дейді Сәуле Алпысбаева.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар