Қаржы • 08 Маусым, 2022

Базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалды

343 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшер­лемені кезекті рет 14 пайыз деңгейінде қалдырды. Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов бұл шешім болжамды раунд нәтижелеріне негізделгенін жеткізді.

Базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалды

«Базалық мөлшерлеменің осы деңгейі жаңа күтпеген өзгерістер бол­маған жағдайда 2024 жылға қарай инфля­цияның бірқалыпты төмендеуін қам­тамасыз етеді. Ақша-кредит талап­тары 2023 жылы инфляциялық процестердің баяулауына қарай қалпына келеді. 2022 жылғы мамырда жылдық инфляция 14 пайызды құрап, жеделдеуін жал­ғастырды. Бұл ретте тұтынушылық ба­ғалар индексінің барлық құрамдас бөлігінің жылдамдауын атап өткен жөн. Тамақ өнімдері бағасының өсуі жылдық инфляцияға барынша көп үлес қосуда. Тауар жеткізудің логистикалық тіз­бектеріндегі үзілістердің және тұ­рақ­ты сұраныстың аясында импортты құраушы жоғары тауарлар бағасының өсу үрдісі жалғасты. Реттелетін ком­му­налдық қызметтер мен ЖЖМ бағасының көтерілуіне мораторий инфляцияны тежеп отыр.

Айлық инфляция мамырда 1,4 па­йызға дейін (сәуірде 2%) баяу­ла­уын жалғастырса да, орташа тарихи нормадан асып, жоғары болып отыр. Айлық инфляцияның бә­сең­деу қарқынының төмен болуы оң фискалдық серпін кезіндегі тұ­рақ­­ты ішкі сұранысқа әрі жо­ғары инф­ля­ция­лық күтулерге де байла­нысты.

2022 жылғы мамырда бір жыл бұ­рын­ғы квантификацияланған ин­фля­циялық күтулер 11,7 пайыз болды. Биылғы сәуір-мамыр айларында осы жылдың наурызындағы күрт өсуден кейін бір жыл бұрынғы инфляциялық күтулер біршама төмендеді. Бір жыл кезеңінде бағаның өсуін күтетін рес­понденттер мұны азық-түлік өнім­де­рінің қымбаттауымен байланыс­тыр­ды. Инфляцияны қабылдау да жоғары деңгейде сақталуда», делінген Ұлт­тық банк хабарламасында.

Ғ.Пірматовтың айтуынша, Ұлттық банк биыл инфляция 13-15 пайыз деңгейінде қалыптасады деп күтеді. Сыртқы және ішкі нарықтардағы баға динамикасын ескерсек, азық-түлік өнімдері бойынша бағада біршама өсім болмақ. Оның сөзіне қарағанда, болжам үкіметтің тұтыну нарықтарын теңгерімді дамытуға бағытталған инфляция деңгейін бақылау және тө­мендету жөніндегі шаралар кеше­нін іске асыруды ескере отырып жа­сал­ған. Осы шаралар кешені сәтті жү­зе­ге асырылған жағдайда инфляция бол­жамның төменгі шегіне дейін тө­мен­деуі мүмкін.

«Инфляция үшін тәуекелдер көп жағдайда инфляцияның жаһандық же­дел­деуімен, әлемдегі геосаяси жағ­дай аясындағы белгісіздікпен және сыртқы инфляцияның импортымен бай­ланысты. Инфляцияны жедел­де­ту­дің ықтимал ішкі факторлары кө­біне жұмсақ фискалдық саясатты сақтаумен, жоғары инфляциялық күт­у­лермен, сондай-ақ реттелетін қыз­меттер бағасының өсуіне мораторий аяқталғаннан кейін ақылы қыз­меттер инфляциясын жеделдету ық­тималдығымен байланысты», деді Ғ.Пірматов.

Ұлттық банктің болжауынша, 2022 жылы экономика өсімі 2,8-3,8 пайызды құрайды. Бұл жыл соңына дейін барлық негізгі саланың оң серпінін сақтауды бағалаумен байланысты. Алайда геосаяси дағдарыс, сыртқы сұраныстың төмендеуі және жеткізілімдер тізбегін қайта құру – эко­номиканың өсу қарқынын те­жейді. Осы тұрғыдан алғанда ба­за­лық ставканың 14 пайыз дең­ге­йінде қала беруі орта мерзімді перс­пек­тивада бағаның өсуін тежеуге қау­қар­лы.

«Ұлттық банк әлемдік нарық­тар­да­ғы жағдайды, геосаяси дағдарыстың дам­уын және инфляцияға қарсы тә­уекелдердің жүзеге асырылуын ба­­қы­лауды жалғастырады. Ба­за­лық мөл­шерлеме бойынша одан әрі ше­шім­дер инфляцияның нақ­ты ди­на­­микасының болжамды траек­то­рия­­ға сәйкестігіне, сыртқы ортадағы және ішкі экономикадағы туындайтын тә­уе­­келдердің теңгеріміне қарай қа­был­данады», деп қорытындылады Ғ.Пірматов.

«Банк ЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайынов Ұлттық банктің бұл шешіміне орай былай пі­кір білдіреді.

«Әуелі инфляцияның қайдан пайда болатынын тарқатайық. Ұсыныс жоқ кезде, сұраныс өскен кезде инфляция туындайды. Сондай-ақ өзге ва­люталарға қатысты курс өскенде инфляция импортталуы да мүмкін. Инфляция тежелуі үшін өндіріс, тұ­ты­ну және импорт арасында баланс болуы керек. Сөйтіп, базалық ставка көтерілгенде клиенттерге займ бе­ру азайып, сәйкесінше несиелеу тө­мендейді. Бұл өз кезегінде елдегі сұранысты азайтады. Сұраныстың төмендеуі бағаның төмендеуіне алып келеді. Өндірушілер бағаны төмендете бастайды. Базалық ставка көтерілгенде депозиттер бойынша ставкалар өседі. Екінші деңгейлі банктер қорландыру үшін жеке қаражатын емес, депозит пен қаржы құралдарын пайдаланады. Соған сай базалық ставка өскенде депозит ставкасы да өседі. Бұл адамдар мен компаниялардың көбірек ақша жи­науына әсер етеді. Ақша жинау деңгейінің артуы сұранысты қыс­қар­тады, өйткені адамдар мен компаниялар ақшаны жаратудың орнына оны жинай бастайды. Сұраныс төмендесе тауарлар құны да түседі. Қазір инфляцияның өсіміне әкеліп отырған тұтынуға ынталандыруды қорландыру мен субсидиялаудың мемлекеттік бағдарламаларымен байланысты. Кредит бар адамға қол­же­тімді болуы үшін мемлекеттік суб­сидиялау мен қорландырудан бас тартып, инфляцияны ең төменгі мән­ге дейін қысқартып, тәуекел құнын азайтып, бәсекені дамыту керек. Сонда ғана ставка да қолжетімді дең­­гейге дейін төмендейді», дейді Ғ.Құ­са­йынов.