Осынау қуанышты сәтті семейліктер ұзақ күтті. Әйтпесе, тарих тамыры тереңде жатқан көне шаһар тозып бара жатқан еді. Әлеуметтік әл-ауқаты да көңіл қуанта қоймайтын. Ол туралы Президент биылғы Жолдауында да ашық айтқан болатын. Бертінде, Абай облысы құрылатындығы белгілі болғанда, Семейдің әл-ауқаты оңалып кетеріне күмәнмен қараған азаматтар да болды. Себебі, жаңа құрылатын облыста өндіріс ошақтары жоқ дегенді алға тартты. Алайда, Абай облысы төрт түлікке өте қолайлы. 1997-жылдарға дейін Семейде ет комбинаты, тері-былғары комбинаты, тоқыма фабрикасы секілді алпауыт кәсіпорындар болғаны белгілі. Мұның бәрін кәсіпкер азаматтар қайта қалпына келтіруі бек мүмкін.
Екіншіден, бүгінгі Абай облысы – этно-туризмді, тарихи-мәдени туризмді дөңгелетуге таптырмас өңір. Атап айтсақ, Абай ауданында ғана Абай-Шәкәрім кесенесі, Абайдың қыстауы, Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы, Қоңыр әулие, беріде Мұхтар Әуезовтің туған ауылы – Бөрілі, тағысын тағы... Тарихи мекендер Абай облысына қарасты Көкпекті ауданында қаншама?! Қазақ жеріндегі алғашқы дала кітапханасы да Көкпектінің жерінен табылған. Осынау өңірлерге туристік маршрут жасап қойса, облысқа қаржы құйылмай ма? Айтқандай, Семей қаласының өзі үлкен бір туристік жобаға сұранып-ақ тұр. Дәл Семейдей көне қала Қазақстан бойынша, екеу-ақ. Бірі – Орал, енді бір осы – Семей.
– Бүгін, міне, облысаралық шекарамыз ресми түрде сызылып, Абай облысы болып жатырмыз. Бір-бірімізге құтты болсын айтысып, мәз-мәйрамбыз. Рас, қазақ тарихында 2022 жылдың 8 маусымы – тарихи күн. Ендігі біздің міндет – жаңа облыстың тасын өрге сүйреу. Өзіміз тізе қосып, іс қылмасақ, сырттан келіп ешкім көсегемізді көгертпейді. Аймағымыздың экономикалық ахуалын арттыру үшін алдымен мал шаруашылығын, сауда-саттықты, туризм саласын мықтап қолға алуымыз керек, – дейді семейлік кәсіпкер Ерлан Жақыпов.
Баса айта кетерлігі, бүгінгі тарихи датада Абай облысы мәслихатының алғашқы сессия отырысы өтіп, облыс мәслихатының шешімімен мәслихат хатшысы қызметіне Қуаныш Сүлейменов сайланды.
– Абай облысына, халықтың жағдайын түзетуге бар күш-жігерімді саламын. Барлықтарыңызды Абай облысының құрылуымен құттықтаймын, – деді Қуаныш Серікқазыұлы.
Қ.Сүлейменов 1973 жылдың 14 қыркүйегінде бұрынғы Семей облысының Шар қаласында дүниеге келген. Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Кейін оқуын Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша жалғастырып, ауылшаруашылық ғылымдарының магистрі атанады. Ол осы уақытқа дейін «Шалабай» ЖШС бас директоры қызметін атқарған.
Сонымен қатар алғашқы сессияда Абай облысы мәслихатының тұрақты комиссияларын құру, комиссия мүшелерін сайлау туралы мәселелер қаралды. Бірауыздан комиссия төрағалары да сайланды.
Абай облысы