Қоғам • 09 Маусым, 2022

Жастар жұмысқа орналасты

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласында облыстық жастар-ресурстық орталы­ғының ұйымдастыруымен өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде елуден астам жас жұмысқа орналасты.

Жастар жұмысқа орналасты

Жастар арасындағы жұмыс­сыздық қоғамдағы қаны шы­ғып тұрған мәселенің бірі. Жұ­мыс тәжірибесі аз немесе мүл­де болмағандықтан талабы жоғары, талғамы күшті еңбек нарығында өз орнын тауып, болашағын бағамдау да оңай шаруа емес. Жұмыссыздықтың пайда болу себептерін сәл ғана талдап көре­лікші. Ең алдымен, жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беру саласы нарықтың қатал заңына толық жауап беретін кәсіби мамандар даярлау жұмысын ширату керек. Кәсіптік білім саласында қажетті инфрақұрылымның жұтаңдығы да жанға батады. Міне, осыдан барып жас­тар арасындағы жұмыссыздық өсуде. Ауылдан келген жастар кә­сіби білімі бол­мағандықтан, қара жұмысқа ғана жарайды. Шаруаға ширап, шынықпаған жастар атан түйеге жүк болатын ауыр жұмысқа шыдай алмай, беттері қайтып жататын жай да аз емес. Осының барлығы тұ­тастай алғанда түйткілді мә­селенің түйінін жуандата түсуде. Демек алдымен, кәсіби білім беру деңгейін көтеруіміз керек. Еңбекке тәрбиелеу, жұмыс істетіп дағдыландыру жайы да көкейде жүргені ләзім.

Бос жұмыс орындары жәр­меңкесін ұйымдастырудағы бас­ты мақсат – жастарды тұ­рақты және уақытша жұмыс­пен қам­тамасыз ету. Қамтамасыз етілсе, олардың әлеуметтік-тұр­мыстық мәселесі де бір­тіндеп шешіліп қалмақ. Біз­дің көзқарасымызда жастар­дың өздері де белсенді болуы керек сияқты. Осындай жәр­меңкелердің өтетіндігі туралы күні бұрын құлақ­тан­дырыл­ғанымен, ынталы жас­тардың қатары сирек. Мәселен, бұл жолғы жәрмеңкеде отыздан астам жұ­мыс беруші 200-ге жуық бос жұмыс орнын ұсын­ды. Елуге жуық адам ауызша сынақтан сәтті өтіп, жұмысқа орналасу мүм­кіндігіне ие болды.

Бір күнде біржола шешіле қалатын мәселе емес. Жастардың өздері де жұмыс істеймін деп ұмтылу қажет. Ол үшін белгілі бір кәсіпті түбегейлі игеріп әрі сол мамандықтың майталманы болса ғана жұлдызы жанбақ.

 

КӨКШЕТАУ