ПЕТРОПАВЛ. 22 сәуір. Мүгедектер арбасына иек артқан петропавлдық қыз – Елена Шаламова дені-басы сау, аяқ-қолы бүтін замандастары тәрізді еңбек еткенді қалайды. Ол жуықта халыққа сурет көрмесін ұсынды. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады.
Елена өзінің көрмесіне ондаған кескіндемесін қойды. Өнерлі қыз бұл суреттерін салғанда акварель, гуашь, акрил және қарандаш тәрізді құралдарды пайдаланған.
Еленаның, әсіресе, кішкентай қыздың мысығымен бірге мына жарық дүниеге зер сала қарап отырғаны бейнеленген еңбегі сәтті шыққан.
Суретші қыз 4 жасына дейін кәдімгідей қалыпты жағдайда өскен. Ал одан кейін тәніне ауыр дерт жабысады. Яғни, дәрігерлер оның аса қауіпті буын ауруына шалдыққанын анықтайды.
Елена 3-сыныптан бастап оқуын үйінде жалғастырып, мектепті үздік бітіріп шағады. Бұдан кейін бухгалтер-экономист мамандығы бойынша университетке түсіп, оны қашықтықтан оқыту әдісі негізінде аяқтайды. Білдей дипломы бар Еленаға лайықты жұмыс табыла қоймайды. Содан ол іздене жүріп, ақыры өзінің қолынан келетін істің тізгінін ұстайды. Талапты қыз бүгінде Мәскеудегі бір баспамен байланысып, олардың тапсырмаларын орындайды. Яғни, баспасөз-мәслихаттарынан, «дөңгелек үстелдерден» таспаға түсірілген жазбаларды өңдеп, оны аудиофайлдарға орналастырады және басқа да осы іспеттес жұмыстар атқарады. Елена бұл еңбегі үшін айына 300 долларға жуық ақы алады екен.
Дертті болса да еңсесін түсірмей алға ұмтылған еңбекқор қыздың қолынан көп іс келеді. Ол қосымша моншақтар тізумен, тігіншілікпен айналысады. Ал соңғы кездерде сурет өнерімен беріле шұғылданып жүр. Қазір Еленаның өзі салған 60-тан астам суреті бар.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «Экспресс К».
Фото:
express-k.kz.