Финалдық турға қатысушылар «Болашақтың мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу», «Туризм» аталымдары бойынша табысты өмір сүруді қамтамасыз ететін IT-стартаптарды ұсынды.
– Жыл сайын жобалардың саны артып келеді, олардың атаулары авторлардың азаматтық ұстанымы мен жаһандық жауапкершілігін растайды, сондықтан біз Caspian Startup-2022 байқауын әлеуметтік тақырыпқа арнадық, – дейді мектеп директоры Әсел Бейсембинова.
Айта кетейік, Astana HUB пен Ұлттық зияткерлік меншік институтының қолдауымен ұйымдастырылған байқаудың финалдық қатысушылары интерактивті сессиялар мен шеберлік сағаттарына, STEM-білім, бағдарламалау, авторлық құқық, биотехнология, фармакология, баламалы энергия көздері, сондай-ақ бүгінгі заманның басты басымдықтарына арналған дәрістерге қатысты. Мәселен, криминалистикадағы заманауи химиялық талдау әдістеріне арналған «Шерлок Холмстың ұрпақтары» атты жоспарлы шеберлік сағаты үлкен қызығушылық тудырды.
Сондай-ақ NIS халықаралық бакалавриат мектебінің оқушылары ұсынған TazaLike жобасы әділ-қазылар алқасының көңілінен шықты. Бұл жоба қалалардағы қай аумақтың көбірек қоқыстанғанын анықтайтын қосымша. Оны танымал ойын маркеттерінен жүктеп алуға болады.
Үздік жобаларымен көзге түскен қатысушыларға Қазақстан-Британ техникалық университетінің, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің гранттары табыс етілді.