Қазақ жерінен құт-береке тапқан балқар халқы тағдырдың зобалаң тұстарын қинала еске алғанымен, бүгінгі тірліктеріне тәубе дейді
Өткенсіз бүгін жоқ десек, бүтіндей бір халықтың тәніне салынған жара уақыт өте келе жазылғанымен, оның айғыздалып біткен іздері, жүрекке түскен дағы ешқашан ұмытылмақ емес. 1943-1944 жылдары Сталиннің қитұрқы саясатының құрығына іліккен 504 430 қарачай, балқар, чешен, ингуш, қалмақтарды атажұрты – қара орманынан айырып, онсыз да ер азаматтары соғысқа аттанып қара жамылып отырған халықты зорлықпен – мылтықтың ұшымен, солдаттың күшімен баласын жетім, әйелін жесір етіп мал таситын сасыған вагондарға тиеп, Орталық Азия мен Қазақстанның түкпір-түкпіріне күштеп қоныстандырды. Сол қияметте тек екі араның жол азабынан 4 мың 800 балқар-қарачай қаза тапқан... Иә, бүгінде қияметтің көпіріндей болған сол аралықты кешегі көзі көрген ұрпақ өкілдері де, оның ұрпақтары да қинала еске алады. Сонда ғой, жолай қаншама шағын стансаларда пойыздың жолын апталап күтуге тура келген. Бір тамшы су татырмаған халық қалай күйзелмесін, қалай күйремесін. Солақай уақыттың лаңы мұнда келген соң да жалғасты. Өздері аш-жалаңаш оларға не бастарына баспана, не төсенуге төсеніш бермеді. Кейінірек те халықтың өзара араласып жүріп-тұрмауы үшін бір елді мекеннен екіншісіне комендант қойып, ауырғандардың көңілін сұрауға, өлгендерін дауыстап жоқтауға рұқсат етпеді. – Мен сол жылдары қарамағына бес колхоз кіретін 1-ші Алматы маңындағы Фрунзе ауылдық кеңесін басқаратынмын, – деп еске алады Рақымжан Қасымов ақсақал. – Маған бес колхозға 5 вагон болып келген 50 отбасын орналастыру тапсырылды. Халық әлсіреген, арасында қайтыс болып, сасыған өліктері де шықты. Солардың бетін жасырған соң, өздерін жүк машинасына, арбаға салып әр колхозға тараттық. Өзіміз де оңып отырмасақ та, екі жыл бойы элеватордан тиесілі астығын беріп, оларды аман сақтап қалдық. ...Негізінен, қарачайлар мен балқарлардың діні де, тілі де бір, егіз қозыдай ағайын халық. Біздер отбасымызбен Алматы облысының Қарасай ауданындағы, Жандосов ауылында тұратын балқар жігіті Әзірет пен қайраткер қыздары, экс-депутат Людмила Хисайқызымен айнымас достармыз. Оларда тау халықтарының болмыс-бітімі, түр-түсіндегі ерекшеліктері болмаса, құдды қазақ дерсіз. Адамгершіліктері, жомарттығы, жанашырлығы, тіпті, кейбір қазақтарыңызға бергісіз. Достарымыздың арқасында маған осындай қайғы-қасірет арқалап, зорлық-зомбылықтың дәмін аз татпаған, көңілі жарым халықтың үш ұрпағының өкілімен сөйлесудің сәті түсті. Кезінде өшіп-өлгендердің сарқытындай қалған көнекөз, әрі осы қасірет-қайғыны көзімен көріп, қан жұтып, кеудесін өксік қысқан сексенді алқымдаған Людмила Хисайқызының туған нағашы апасы Фатимат Мұсайқызы Телемоева апаймен әңгімелескенде, шермен көңілдің бір шешілгені бар. «Егер менің бір басымдағы өткен қайғысы бар, тартқызған қасіреті бар, қиыншылығы мен азабын айтар болсам, оны жазуға бір жазушы аздық етеді-ау. Өзім колхоз төрағасының қызы болғандықтан, әкем мені 15 жасымда партия қатарына өткізді. Осы аласапыран уақыт басталғанда бес баланың анасы едім. Ауылдағы ер-азаматтарды ұстап әкетіп жатқан соң күйеуім «өз еркімізбен берілгенше, атажұртты қорғап, қолында өлейік», деп таудағы партизандарға қосылды. Содан ауылдағы үш қызды ұстап, түрмеге жапты. Бірде бізді траншея қазуға алып барғанда, сол жерде жұмыс жасап жатқан ауылдың адамдарын көрдік. «Бізге тамақ әкеледі деп күтіп жүрсек, жауыздар сендерді де қамап қойған екен ғой», дегені сол еді, басымнан темірден жасалған қамшымен бір салғанда, есімнен танып құлаппын. Соғыс кезінде ішімізден сатқын шығып, партизандардың қайда жүргенін біліп, оларды түгелімен тұтқынға алды. Оның ішінде менің күйеуім де бар еді. Енді ол айуандардың істеген жауыздығын айтпаңыз. Өздеріне терең ор қаздырып, ұстаған барлық партизандарды тірідей орға итеріп, топырақпен көміп, үстінен танк жүргізген. Оларды аршып алмас үшін үш күн бойы сол араны қоршап, жан адамды жолатпады. Сонда қара жер, шіркін, күні бойы бұлқынып, қозғалып тұрып тыншыған екен. Осы хабарды естісімен күйеуімнің ең болмаса өлігін аршып алып, өз қолымнан арулап көмейін деген оймен ат-арба жегіп келсем, көрші ауылдың адамдары мәйіттерді шығарып, жекелеп жерлепті. Сөйтіп, 24 жасымда бес баламен жесір қалдым. Тағдырдың тартқызған тауқыметі, көрсетер көресісі осымен біткен шығар деп отырғанда, 1944 жылы жазда ауылдағы қалған кәрі-құртаң, бала-шағаны жинап-теріп, бір күнде вагонға малша тиеп ала жөнелді. Жолда атам мен әжем, бес жасар қызымнан айырылдым. Ал әке-шешем жолды көтере алмай, Жамбыл облысының Свердлов ауданына келе сала дүние салды. Мұсылман еліне – қазақ жеріне, қазақ ағайындарға келгенде ес жинап, өмірімізде қиындық көрмегендей болдық. Қазақтармен бір анадай, бір атадан туғандай сыйластық. Кейде отырып ойланамын, сондай қазақтар қазір де бар ма екен деп. Не айтайын, қазақ халқы түбі көсегесі көгеретін, нәсіпті халық. Енді басымызға қара бұлт үйірілмесін, оқ атылғанша, той көп болсын. Себебі, тойды үлкен де, кіші де, жас та, кәрі де жақсы көреді ғой...». Міне, осындай қияметтің қиынын көрген халықтар 1956 жылы ғана қуғын-сүргіннен арылып, толық ақталып, туған жерге атбасын бұрып, көш басталып кетеді. Екі туысқан халық той жасап, бір-бірімен жылап айырылысады. Ал атажұртқа бармай қалғандары қазір қазақпен қыз алысып, қыз берісіп құда-құдандалы болып жатыр. Бір қуанып айтарлық жайт, Қазақстаннан кеткен балқар-қарачайдың әрбір екіншісінің жоғары білімі болды. Бірде Алматының төрінде «Минги тау» қоғамдық мәдени бірлестігінің ашылу салтанатында балқарлардың үлкен-кішісі жиналып, қазақ халқына деген шын пейілдерін білдіргеніне куә болғаным бар. Сонда ғой «Бүтіндей бір халықтың тағдыры өз қолдарында қалғанда, бастарына пана, жандарына медеу болған, кең қолтық, адал пейілді, түбіміз бір қазақ туғандардың әлі де болса біздің салт-сана, ата дәстүрімізді жоғалтпай, келешек ұрпақ – балаларымыздың, немерелеріміздің өз ана тілін, дінін, ділін ұмытпай сақтауына жасап отырған мына қамқорлығына барша халықтың, үлкен-кішінің атынан рахмет айтамыз», деген еді. Биыл осы солақай саясаттың салдарынан балқар халқының жер аударылғанына 8 наурызда 70 жыл толды. Осы датаға орай Кабарда-Балқар Республикасында балқар халқын зорлықпен депортациялау құрбандарының 70 жылдығына арналған Еске алу қаралы митингісі өтеді. Міне, сол қаралы жиында қазақ халқына ресми түрде рахмет айтуға қаулы қабылданып, Қазақстан халқы мен Президентіне арнайы хат жолдайды. Сол хаттың мәтінін «Егеменнің» оқырмандарына да ұсынуды жөн көрдік. «Аса Құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы! Бүгін, балқар халқының зорлықпен жер аударылуының 70 жылдығына орай сол қасірет құрбандарын Еске алу күнінде біз Қазақстан Республикасының халқына шынайы алғыскер жүрекпен сөз арнаймыз. Балқар халқының пешенесіне жазылған тақсіреттер мен тауқыметтер аз болған жоқ. Бірақ солардың ішіндегі ең зұлматты қасіреттісі – бүкіл халықты атамекенінен тамырымен жұлып алып, Отанынан айырған депортация болды. Біз, өз тарихымыздың ең қайғылы кезеңінде – туған жерімізден қуғындалған жылдарда нақ осынау Қазақ халқының мейірбанды жан жүрегінен қолдау мен түсіністік тапқанымызды ешқашан ұмытпаймыз. Қазақ жері баспана берді, ал қарапайым қазақ еңбеккерлері өздерінің бір түйір нанын бізбен бөлісті, жылы сөздерімен жұбатты, ақ пейілдерімен, шуақты ізгіліктерімен жылындырды. Балқарлар үшін аса қиын болған депортацияның алғашқы жылдарында қазақ халқы бізді торығу мен түңілуден, тығырықтан құтқарды. Жер бетінде жақсылық бар екеніне сенуге, түбінде әділеттің жеңетіндігіне сенуге, сөйтіп, ерте ме, кеш пе атажұртқа ие болатынымызға сенуімізге көмектесті. Тілден, Отаннан айырылу – кез келген халық үшін орны толмас алапат қасірет. Біздің әрқайсысымыз үшін қасиетті мекенге айналған қазақ жерінде болған жылдарда халық өзінің адамгершілік құндылықтарын жоғалтпады, тілі мен мәдениетін, өзінің ғасырлар бойғы әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін сақтады. Мұнда Қазақ халқының үлкен еңбегі бар. Иә, халықтардың депортациясы әлдекімдердің кінәсінен, қателігінен болған. Бірақ, осы қателіктің арқасында біз теңдессіз рух құдіретіне, қажыр-қайрат пен қайсарлыққа ие болдық, адами қатынастардың әсемдігін, достыққа адалдық пен Отанға деген сүйіспеншілікті танып білдік. Тағдыр сынағы бізді топтастырып қана қоймай, біз Қазақ жерінде жаңа бауырларымызды таптық. Балқар халқы өзінің жер ауып жүрген жылдарында өз тарихының жаңа парақтарын жазды. Қазақ жеріндегі сонау алыс жылдарда балқарлықтар республиканың қызылша, мақта және темекі өсіретін алқаптарында басқа халықтардың өкілдерімен қоян-қолтық еңбек етті. «Жер аударылған» деген таңбасына қарамастан, солардың көбі еңбектегі табыстары үшін Социалистік Еңбек Ері атағын, елдің жоғары ордендері мен медальдарын алды. Бүгінде Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси, экономикалық өмірінің түрлі салаларында болып жатқан шын мәнісіндегі озық үрдістерді бақылай отырып, біз Қазақ халқының табыстарына шын жүректен қуанамыз. Қазақ жерінде қазақ және басқа халықтардың өкілдерімен қатар балқар халқының да ұлдары мен қыздары еңбек етіп жүргенін көру ғанибет. Біз И.Д.Жанғоразов, Л.Х.Хочиева және басқалар сынды қазақстандық балқарларды мақтан тұтамыз. Аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлы! Балқар халқын зорлықпен депортациялау құрбандарын Еске алу күнінің 70 жылдығына арналған қаралы митингіге қатысушылар атынан жеке Өзіңізге және Сіз арқылы бүкіл Қазақстан халқы мен Үкіметіне балқар халқына Сіздер көп жылдар бойы көрсетіп келе жатқан көмектеріңіз бен қолдауларыңыз үшін шынайы алғыс сөздерін айтуға рұқсат етіңіз. Сізге шын жүректен ұзақ өмір Қазақстанның игілігі жолындағы қызметіңізде үлкен табыстар тілейміз! Сіздің отбасыңыз және Сіздің тамаша халқыңыз бейбітшілік пен тыныштықта гүлденіп, өркендей берсін!Балқар халқын зорлықпен депортациялау құрбандарын Еске алу күнінің 70 жылдығына арналған қаралы митингіде қабылданды.
Кабарда-Балкар Республикасы 8.03.2014» Татулық – таптырмас бақыт. Бұл барлық халықтың ізгі арман-мақсаты мен ортақ мұраты болса керек. Қазақстан халқының қаймағы бұзылмай, ел іргесі сөгілмей ауызбірлікпен тірлік кешуі – Елбасымыздың берік ұстанып отырған салиқалы саясатының жемісі. Әрине, бұған әрбір қазақстандық азаматтың қосып келе жатқан үлесі бар екені де даусыз. Бұл достықты мәңгі қадірлеп, қасиетін жоғалтпау да әркімнің басты парызы бола береді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». ––––––––––– Суреттерде: Мухиддин Тилов еңбек екпіндісі, 1956 жыл; Чукай, Дугерхан Хочиевтер.