Қазақстан • 09 Маусым, 2022

Шығыстың Щербаковы

446 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Батыс Алтайдан бастап, Шыңғыстауға дейінгі шығыстың төрт бұрышын түгендеп шыққан орнитолог-ғалым Борис Щербаковпен баяғыдан сұхбат құрғым келіп жүретін. Тау-тас, аң-құс тақырыбында әңгімеміз жараса кетерін де білетінмін. Еңбек жолын табиғатты қорғауға арнаған Борис Васильевич өңірде кездесетін құстардың 132 түріне сипаттама беріп, 21 түрін анықтаған. Әлбетте, Алтайдың әр пұшпағын басып өтсеңіз, сіз де аң-құстың түр-түрін кездестірер едіңіз. Бірақ нағыз маманы болмасаңыз, бекер. Ал Б.Щербаков кішкентайынан көз алдынан көлбей ұшқан торғайға дейін тізімдеп, ақ параққа суретін салып отырған екен. Кейін құстар тақырыбында үлкен ғылыми еңбек жазды.

Шығыстың Щербаковы

Өскеменнің көнеріп бара жатқан бөлігіндегі бір бұрышта жап-жасыл ғима­рат өзгелерден ерекшелене көзге түседі. Бұл Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың №2 бөлімшесінен ашылған «Б.Щербаковтың жасыл үйі». Табиғат жанашырының құрметіне бола, осылай аталса керек. Батыс Алтай мен Марқакөл қорығы, Ертістің жағалауындағы Құлын­жон қорығы Борис Васильевичтің тікелей ұйытқы болуымен құрылған-ды. Тарханка мен Риддер аумағындағы ағаш кесуді тоқтатқан да осы кісі. Айта берсек, Шы­ғыс­тың шырайлы сұлулығын сақтап қалу үшін жасаған жақсылығы ұшан.

Әуелде, орнитологпен орман-тоғайды аралай жүріп, әңгімелессек әлдеқайда әсерлі болар еді деп ойлағанмын. Бірақ сексеннен асқан ақсақал бұрынғыдай тау-тас кезуді сиреткен. Сондықтан да «Жасыл үйде» емін-еркін отырып әңгіме тиегін ағытқанбыз.

 савяа

Бес таудың сілемі қосылған Батыс Алтай

Мен білетін Б.Щербаков көп сөзге жоқ-тұғын. Бұл жолы да сараң сөйлейтін шығар деп сұрақтарымды жіпке тізгендей қойын кітапшама жазып алғанмын. Жоқ, ақтарыла әңгіме айтты. Сонау сағым­данған бала кезінен бастап, бүгінгі айналысып жатқан еңбегіне дейін баяндады.

– Мені көпшілік орнитолог ретінде таниды. Иә, құстар тақырыбына өмірімді арнадым десем де болады. Сонымен қатар зоология ғылымдарының кандидатымын. Туған жерім осы – Өскемен, Ертісті жағалай орын тепкен Аблакет шағын ауданы. Әке-шешеден ерте айырылып, сауатсыз апамның қолында өстім. Өзім іздендім, оқыдым. Ас-суы­мызды айыру үшін жеті жасымнан жұ­мыс істедім. Мұғалімдердің балаларын бақ­тым, жүк түсірдім дегендей. Қысқасы, балалық шағым болмады. Жетінші сыныптан ­бастап күнделік жаза бастадым. «Мектепке бардым, тауға шықтым, осындай құс көрдім» деп түртіп қоятынмын. Оның бәрі әлі күнге дейін сақтаулы.

Мектепті бітіре сала Ресейдің Харьков қаласына барып, тоңазытқыш шебері мамандығына оқыдым. Қалай дегенмен, жаныма жақын мамандық емес еді. Мен үшін табиғатпен біте қайна­сып кететіндей жұмыс ыңғайлы екенін түсінгем. Экспедицияларға шыққым кел­ді. Сол үшін де лаборант болып, жұ­мыс­қа түскенім бар. Одан кейін ұзақ жыл­дар натуралистер стансасында еңбек еттім. Мыңдаған шақырымды артқа тастап, тау-тасты армансыз араладым. Нәтижесінде, 41 оқушым кандидаттық қорғады, профессор болды. Өзім де натуралистер стансасында істеп жүріп, «Батыс Алтай құстары» тақырыбындағы диссертациямды қорғадым. Сонау Мәскеуде.

– Батыс Алтайдың бүккен сыры көп дейміз. Өр Алтаймен салыстырсақ, несі­мен ерекшеленеді? – дедім, әңгімесін бөлгім келмесе де.

Шығыстың төрт бұрышын арала­ға­нымен, осы Риддердің төңірегін көп шиырлағанын жазған еңбектерінен жақсы білеміз. Білсек те өз аузынан естігім кел­­ді. Кейде әңгімелеп айтып жүрген дү­ние­­ні қағазға түсіре бермейтініміз де бар. Бәлкім, Батыс Алтай бүккен сырды Щер­баков та бүгіп қалды ма, кім біл­сін? Қарсы алдымда отырған ол саусақ­тары­мен ақ күмістей шаштарын салалай артқа тарады да, әңгімесін қайта жалғаған.

– Үбі мен Нарын өзендерінің арасы – Батыс Алтай. Негізі Кенді Алтай дей­­ді. Марқакөл жақ – Оңтүстік Алтай (Өзіміз Өр Алтай дейміз). Ертістің сол жағалауы – Қалба Алтайы. Жалпы алсақ, бұл Қазақстанның Алтайы. Өзімнің саналы ғұмырымда Алтайдың әр пұшпа­ғы­на аяғым жетті. Экспедиция біреу үшін ­серуендеу, тынығу болса, мен жұмыс ретінде қарадым.

Батыс Алтай қорығының флорасын алғаш жүйелеген швед ғалымы Карл Линней. Ол туралы әңгіме бөлек. Мен соның атымен аталған жерге «Тасты ертегі» деп атау бердім. Қадау-қадау тізілген тастар бейнебір ертегі әлеміне жетелеп бара жатқандай күйге түсіреді. Күн көтерілген сайын түскен көлеңкесі мың құбылып, ертегі кейіпкерлеріне ұқсай береді. Бес таудың сілемі қосылған ерек­ше жер бұл. Сонау Шүй жазығынан бастал­ған Халзун, Коксин тау сілемдері, өзіміз жақтан Үлбі, Иванов, Линней жотасы осы Батыс Алтай қорығына келіп тоғысады. Қақ ортасында көл жатыр, өр жағындағы тепсеңде «Ертегі тастары» тізіліп тұр. Ғажап емес пе?! Үш шақырымға созылып жатқан Алтайдағы ең батпақты жер де осында. Үбі өзені де Батыс Алтайдан жылыст­ап ағады. Үлкенді-кішілі ондаған көлі бар. Өсім­дікке де өте бай. Сілеусін, бұғы, марал, елік, бұлан сынды жануарлары желе жортады. Аю да өріп жүреді. Құстардың жүзден астам түрі кездеседі. Еуразия континентінде мұндай жер жоқ.

Әлі есімде. 1972 жылдың 1 қыркүйегі. Батыс Алтай. Тундра тоқ-тоқ етіп қатып қалған. Тайғанақтап жүре алмайсың. Жанымда алтын тамыр қазып жүрген жігіттер бар. Діттеген жеріміз – орман ішін­дегі шағын ғана қарағай үй. Шыл­быр бойы топтың алдында келе жатқам. Бір уақытта тоң болып қатқан аяқтың астынан айқыш-ойқыш аюдың тырнақ іздерін байқап қалдым. Жігіттер­ге тыныш дегендей сұқ саусақпен ерін­ді бас­тым. Еңістегі беткейге қарасам, алаң­сыз ақ аю жүр. (Қытайдағы фотограф Түсіпбек Сламханның ақ аю туралы әңгі­месі есіме түсті) Дорбадан фотоаппа­ратты ала сала қуа жөнелдім. Ірі екен. Қос аяқтап, борсаңдай қашты. Сүрініп-жығылып келе жатып, бір қарасам, аппақ қонжықтарын ерте жосылды. Жо-жоқ, бұл Солтүстік полярдағы ақ аю емес. Мута­цияға ұшыраған. Мысалы, аппақ қарға да болады.

Санап отырсам, 1992 жылдан бері Батыс Алтайда 19 жыл жүріппін. Тіпті Алма­тыдан келген географтар көлге менің атымды беріп кеткен. Алғаш ботаник Юрий Котуховпен бірге шықтық. Ол кезде Батыс Алтайда адам аяғы сирек еді. Сонда ұя салатын құстың 25 жаңа түрін таптым. Шекараға таяу тұс­та сирек кездесетін көк бұлбұл көр­дім. Кейін құстар туралы 800 беттік канди­даттық диссертация жаздым. Негізі, кан­дидаттыққа 140 бет те жететін. Қызыға оқыған комиссия мүшелері екінші том жасауға да рұқсат берді.

р

«Аңшылық шаруашылығы билет жазғаннан басқа түк бітірмейді»

– Сонда тоңазытқыш жөндеудің ше­бері қалай орнитолог маман болып кетті? – деп таңдайға тығылған сұрақты тақ еткіздім.

– Алматыдағы қазіргі Қазақ ұлттық университетіне барып, деканға кірдім. Ойым, орнитологияға жақын мамандыққа оқуға түсу. Сары китель киген келбетті кісі екен. Әңгімелесе отырып, өтінішімді айттым. Орнитология дүниелері жер төреде деді. Түстік. Сұрақтарына сарт-сұрт жауап беріп келемін. Құс түрле­рін тізіп шықтым. Ендеше, оқуға түс деді сол жерде. Бірақ талап бар деді көтеріңкі дауыспен. Сәл үнсіз тұрды да, экспедицияларға шығасың деді көзіме тік қарап. Қуанып кеттім. «Шортанды су­мен шошыттыңыз» деп әзілдедім.

Содан бастап, құстарды шынайы зерттеуге кіріскем. Олардың қимылын, дауысын әбден таныдым. Шығыс Қазақстанда табаным тимеген жер жоқ шығар. Алды­мен, экспедицияның жоспарын сағат тілінің жүрісімен жүйелеп алдым. Бірінші Ертістің бойымен құлдилап, Семейге дейін жүріп өттім. Одан соң Батыс Алтай, Оңтүстік Алтайды араладым. Жоспарға сай Зайсан, Маңырақ, Шілікті жазы­ғы, Сауыр-Тарбағатай, Алакөл жақпен жүріп өттім. Абайдың жазығына түсіп, Шыңғыстауға дейін бардым. Сөйтіп, Қал­ба сілемдеріне келіп тоқтадым, – деп, сөре­дегі өзінің авторлық кітаптарына қол созды.

Б.Щербаков саналы ғұмырында био­логия мен экологияға қатысты жүз­ден астам ғылыми жұмыс, отыздан ас­там ғылыми көркем кітап пен 160 ғылы­ми мақала жазған. Еңбектері тегіс кітапха­наларда жинақталған. Жазған дүниеле­рінің бар­лығы табиғатты қорғауға үндей­ді. Ал аңшылық дегенге қаны қас. Бұл тақы­рып­тың шетін шығара қойып едім, «қарсымын» деп күңк ете түсті. Қабағы шы­тынап шыға келді. Қайдан ғана сұрап едім дедім іштей. Құдай біледі, құс ат­қан аңшыны көрсе, өз қолымен тұн­шық­тыратын сияқты.

– Шығыс Қазақстанда аң қалған жоқ. Көшпелі құстың бәрі бізде еді. Қазір күрт азайған. Олар күн суыта Жерорта теңізі­не қарай ұшады. Ал жол-жөнекей соғыс. Құстан бөлек, қаншама аң өліп жатыр. Әр төбеде аңқиттап отыратын суыр деген сиреген. Бес қоян, жиырма шақты құр көрсек, көбейіпті дейміз. Кезінде мың шақтысы болған. Бізде 10-12 үйректің түрі болса, оның жартысы «Қызыл кітапта». Қара Ертістен ғана 250-300 үйрек санар едік. Кейін қамыс өртенеді, аңшылар көбейді. Бір жыл­дары қорықшылармен бірге аралап көр­дім. Қаздың да қаңқылы естілмейді. Есе­сіне, суқұзғын мен аққудың саны арт­қан. Тырнаның да ағы көбейіп, сұры азай­ған. Мұндай бай табиғатымыз үшін аң саны өте аз. Аңшылық шаруашылығы би­лет жазғаннан басқа түк бітірмейді. Бес үйрек­ке деп билет алған аңшы сол бесеумен шек­­теледі деп ойлайсың ба? Еңгезердей жі­гіт­тер қорғансыз аңды атып алып, сурет­ке түседі. Соны мақтан көреді... Тайга үн­сіз қазір. Аңшылыққа тоқтау салу керек! Әй, бірақ, біз айтқанмен, аңды жо­ға­ры­дағы бай-бағландар аулайды. Олар менің ұсынысымды қабылдай қоймасы анық.

Ертеде Зайсанның Кендірлігінде жол­­­барыс жортатын. Құрыды ол да. Амудария, Сырдарияның бойындағы жол­­­­ба­­­рыстың бәрін құртып алдық. Оның бә­ріне адами фактор әсер етті. Ал ауыл ішіне аң кіріп кетсе көбейгендіктен емес, азық бол­мағандықтан, ауыл маңын тіміс­кіленеді, – деп үлкен мәселенің басын ашты. Аудандық, облыстық деңгейдегі емес, рес­публикадан назар аударатындай проблема бұл.

Шығыстың шырайлы табиғатына шы­найы жанашырлық танытып жүрген Борис Щербаков кейінгі жылдары тарихи тақырыптарды да қозғап жүр. Қазіргі таңда Жібек жолы бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр. Ол туралы тың деректер де тауыпты. Сауда керуені Көктау, Тарғын тауларын басып өтіп, Асубұлақ жазығына түскен. Мұнда аялдаған соң Өмешке көтеріле берістегі оң жақтағы жазықпен жылжыған. Сөйтіп, төтесінен Қытайға шыққан. Бұл жолдарда бақыр тиындар табылған. Б.Щербаковтың ­айтуын­ша, жеңіл-желпі дәлелді деректер бар. Бірақ еңбегі аяқталмаған соң болар, бұл тақырыпта көп ашыла қоймады.

– Ендеше, сізді суретке түсіріп ала­йын, – деп фотоаппаратыма жармаса бе­ріп едім, – Жас күнімдегідей кескін-кел­бет жоқ, оны не қыласың?! – деп, үзіліп бара жатқан әңгімесін қайта жалғады.

– Сырықтай жігіт едім. Акробатикамен де, күреспен де айналыстым. Әйткенмен, апам жалғыз болғандықтан әскер қатары­на алмады. Алматыда оқып жүргенімде кавказдықтар дене бітіміме қарап, қатар­ларына қосылуын сұрады. Тіпті пәтер де ұсынды. Бірақ, бағытым басқа еді. Бағытымнан адасқам жоқ. Әлі келемін...

 

в

п

 

Шығыс Қазақстан облысы