23 Сәуір, 2014

Демография діңгегі – дені сау ұрпақ

894 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ospanova.A.KПавлодар облыстық перинатальдық орталықтың бас дәрігері Айман Оспановамен ана мен баланың денсаулық жағдайы, күтімі, жалпы өңірдегі негізгі көрсеткіштер төңірегінде әңгіме.

– Павлодар облысы еліміз бойынша бала туу көрсеткіші жағынан соңғы орында делінеді. Ауыл мектептерінде бала санының азаюы да байқалады. Бұның себебі неде? – Облыстық перинатальдық орталық аталатын біздің мекеме бүгінде ана мен бала денсаулығын сақтауда аянбай еңбек етуде. Мекемеде барлық қажетті медициналық құралдар жеткілікті. Акушер-гинекологтар, неонатологтар, ультрадыбыстық құрал-жабдықтармен жұмыс жасайтын дәрігерлеріміз жыл сайын біліктілігін арттырып, білімдерін жетілдіруде. Орталықта былтыр 4595 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 405-і мерзімінен бұрын өмір есігін ашты. Дәрігерлеріміз өмір мен өлім арасында арпалысқан 30 ананы туу үстінде аман алып қалды. Облыс бойынша бала туу өміріне қауіп төндіретін босанатын жастағы 31 әйел қазір бақылауда тұр. Жалпы айтқанда, босану мүмкіндігі бар кез келген әйелге орталық күтім көрсете алады. Ал бала санын көбейту үшін демографиялық ахуалға серпін беретін түрлі бастамаларды қолға алу керек деп ойлаймын. Бір жағынан, өзіңіз білесіз, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам денсаулығының тек 10 пайызы ғана медициналық көмекті қажет етеді. Ал қалғаны адамның тамақтануы мен саламатты өмір сүруіне тәуелді. gallery_big_387 Өкінішке қарай, кейбір қыз-келіншектер өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Бұл әрине, бала туу көрсеткіштерінің азаюына әсер етпей қоймайды. Өмірге науқас бала әкелсе, бар кінәні дәрігерге артады. Зерттеулер бойынша, әйелдердің 70 пайызы жүктілікке дейін дәрігерге алдын ала көріне қоймайды, тексерілмейді. Бойларындағы сырқаттарын алдын ала емдемейді. Тұрмыс құрған соң жас ананың ағзасындағы инфекциялардың құрсаққа біткен шаранаға жұғатыны түсінікті. Ал біздер үшін-ана мен бала өлімін азайту – басты міндет. Әйелдер арасында гинекологиялық аурулар, бедеулік түрлері, қатерлі ісіктер, жатыр мойны патологиясы жиі кездесуде. Сондықтан «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жатыр мойны және сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуға байланысты жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде, 35 жастан асқан әйелдерді скрининг арқылы тексеру жолға қойылды. Олар екі жыл сайын маммографиядан тегін өткізіледі. Әйелдердің денсаулығының нашарлығына ер адамдар да жауапты. Ер адамдар болса мысалы, урологтарға көрінулері қажет. Туа біткен аурулары бар нәрестелердің тағдыры да отбасын ойлантуы керек. – Кейбір әйелдер денсаулығына байланысты бала көтеруге болмайтын жағдайлар да болады... – Иә. Облыстағы 18-49 жас аралығында 191129 әйелдің 9360-сына бала көтеруге болмайды. Босанатын жастағы 12668 әйел дәрігерлер бақылауында тұр. Бала туу өміріне қауіп төндіретін әйелдердің 60 пайызы орташа қауіп-қатер тобында және 20 пайызы жоғары қауіп-қатер тобында. Сондықтан 2007 жылдан бастап облыста «Қауіпсіз ана мен бала» бағдарламасы жұмыс жасайды. Облыстық штабтың ана мен бала өлім-жітімін төмендету бойынша хаттамалық тапсырмаларына сәйкес, ауыл, қалалар мен аудандардың атқарушы органдары тарапынан жүктілік бойынша ерте мерзімде диспансерлік есепке тұрған жүкті әйелдерге материалдық сыйлық беру жөнінде жұмыстар да жүргізіледі. Сонымен бірге, «Қауіпсіз ана мен бала» бағдарламасы іске асуда. Жаз айларында «Әйел денсаулығы апталығы» атты шара өткізіледі. «Белсенді ұзақ өмір сүретін ана», «Сүйікті болашақ ана» атты байқаулар әйел-аналардың қызығушылықтарын тудырды. Ал, «Қауіпсіз ана мен бала» бағдарламасы бойынша антенаталды күтім дегеніміз – жүкті әйелді үнемі бақылауда ұстау және қауіпсіз босану жағдайының жүйесі. Оған жекелей босану бөлмесін әзірлеу, жолдасының қатысуымен босануды ұйымдастыру және алғашқы шұғыл көмек көрсету кіреді. Мысалы, 2003 жылы облыста бала туу көрсеткіші 13,1 пайыз ғана болса, 2012 жылы 17,2-ге дейін ұлғайды. Ал өткен жылы мың адамға шаққанда 17,8 пайызды құрады. Министрліктен бөлінген квота бойынша 2010 жылдан бастап бедеулік орын алған отбасылық жұптар үшін репродукциялық орталықтар негізінде экстракорпоралдық ұрықтандыру жүргізілуде. 2010 жылдан бас­тап облысқа мемлекеттік тапсырыс бойынша 80 квота бөлінді. – Соңғы екі-үш жылда қанша егіз бала, үшемдер өмірге келді? – 2010 жылдан бастап облыста 107 егіз бала және 7 үшем дүниеге келді. – Салмағы төмен сәбилерді аман алып қалу үшін қандай жұмыстар атқарылуда? – Салмағы 500 грамм болып туған сәбидің де денсаулығы қатаң бақылауда. Сәби дүниеге келісімен неонатолог-реаниматолог мамандар тұрақты түрде қарап отырады. Неонаталдық бөлімшеде салмағы өте төмен немесе шала туылған балаларды қарауға барлық жағдай жасалған. Оларға жоғары дәрежелі акушер-гинеколог, анестезиолог, неонатологы бар арнайы топ қызмет көрсетеді. Әлемдік тәжірибеде ана мен бала өліміне қан аздық немесе анемия ауруының көбірек себеп болатыны дәлелденген. Былтыр «Аяла» қоры орталыққа демеушілік жасап, құны 18 миллион теңге тұратын заманауи жабдықтар табыс етті. Бұл шетелдік құрылғы жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Біздің зертхана дәрігерлері жаңа туған нәрестелерді тексеру кезінде қанды аз көлемде жинау әдісін игеруде. Акушер-гинекологтар да жаңа технологияларды қолданады. Әртүрлі жағдайда босанатын, жаңадан дүниеге келген сәбилерімен бірге жататын бөлек аналар бөлмесі бар. Біздің мақсатымыз – ана өлімін болдырмау, перинатальдық өлімді азайтып, жоғары дәрежеде медициналық көмек көрсету.  – 500 грамдық сәбидің өмірін сақтау мүмкін бе? – Әрине. Бәрі болмаса да, 500 грамдық сәбилердің 67 пайызға жуығының әрі қарай өмір сүретін мүмкіндігі бар. Дене салмағы 1500 грамм сәбилердің тірі қалуы 95 пайызды құрап отыр. Облыстағы «Қауіпсіз ана мен бала» бағдарламасы бойынша дене салмағы 500 грамм сәбилер мен 22 аптадан асатын мерзім үшін тірі туылу өлшемдері енгізілді. Жүктілікті және босануды бақылау «Қауіпсіз ана» қағидаттарына сәйкес жүргізіледі. Орталықта енгізілген инновациялар бойынша балалар жансақтау бөліміндегі нәрестелерді күтіп-баптау «Зиян келтіріп алма» атты жүйеге сәйкес орындалады. Ал «Антенаталды күтім», «Сәбидің өлі тууының алдын алу» жөніндегі дәрістер әйелдерге бойына бала біткен күннен бастап оқылады. – Соңғы кезде «кенгуру әдісі» дегенді естіп жүрміз. Бұл қандай әдіс? – Батыс медицинасында кеңінен қолданы­латын әдістің басты ерекшелігі – бала вакуум ішінде дәл жатырдағыдай орналасып, бірден ана сүтімен тамақтанады. Сәбилер вакуумның көмегімен салмақ қосып, демі мен тамақтануы реттеледі. Сырттай қарағанда бұл жай ғана құрал сияқты көрінеді. Ал құрылғыда ана құрсағындағыдай ылғалдылық температурасы жақсы сақталған. Осында сәби 2 кило салмақ жинағанға дейін жатады. Содан кейін анасының қасына апарылады. Біріншіден, бұл әдіс арқылы бала өміріне төнген қауіп азаяды. Және баланың азғасына кері әсерін тигізетін дәрі-дәрмектер қолданылмайды. Бұл әдіс жоғарыда айтқан 500 грамм болып туылған нәрестелердің өсуіне әкесінің де ықпал етуіне мүмкіндік береді. Сол үшін перинатальдық орталықтар жасанды жатырда жатқан балаға әкесінің келіп тұруына рұқсат береді. Статистикалық мәліметтер елімізде әрбір жүз баланың екеуі айы-күні толмай өмірге келетінін айтады. – Егер аяғы ауыр кезінде әйелдердің сырқат баланы өмірге әкелетіні анықталса, жүктілікті үзуге бола ма? – Денсаулық сақтау министрлігінің 2009 жылғы бұйрығына сәйкес, ұрықтың кем дамуы немесе генетикалық аномалиялары болуы расталған кезінде перинатальды диагностикалық комиссия жүктілікті қалдыру немесе жүктілікті тоқтату жөнінде шешім шығарады. Облыста өткен жылы осындай 74 жағдай анықталып, 45 жүктілік тоқтатылды. – Шетел дәрігерлері өткізген шеберлік сыныптарының пайдасы бар ғой?.. – Бар деп ойлаймыз. Биыл біздің шақы­руы­мыз бойынша орталыққа Германиядан профессор Роланд Вауэр келді. Ол респира­торлық қолдау, неонаталды сепсис, шала туылғандарды күту мәселелері, «жұмсақ күтім» стратегиясы, дисстрес-белгісі терапиясы бойынша дәрігерлер үшін түрлі тақырыпта семинар жүргізді. Сәбиді неонаталдық жүйесі бойынша күтудің заманауи қағидаттарынан шеберлік сыныптарын өткізді. – Жүкті әйелдерге сыйақы беріледі деген сөз болып еді, бұл туралы не айта аласыз? – Жағдайы төмен, аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек беру арқылы АҚШ, Австралия, Корея елдері ана мен бала өлімін азайтты. Екіншіден, жүкті әйелдерді йодталған ұн өнімдерімен әрі А, В дәрумендерімен байытылған ас-ауқатпен тамақтандыру жүйесі қажет екені белгілі. Біздің елімізде жүкті әйелдер мен балаларға дәрі-дәрмек қажетінше тегін таратылады. Микроэлементтерге бай тағам түрлері ана мен бала денсаулығына нағыз қажет тағамдар. Қазір арнайы көліктер еліміздің қай аумағынан болса да, науқасты да, жүкті әйелді де жедел жеткізе алады. Егер, шынында, сыйақы беру жөніндегі жоба жүзеге асса, біріншіден, демографиялық ахуал­ды жақсартады. Екіншіден, ана мен бала арасындағы өлім-жітімді барынша азайтар еді деп ойлаймын. Яғни сіз айтып отырған жоба бойынша жүктілігін анықтап, ерте тіркеуге тұрған әйелдерге ынталандыру мақсатында сыйақы төленуі тиіс. Кейбір аналар ешқандай емханаға тіркелместен, тоғыз ай толып, толғағы қысқанда барып, перзентханаға келетіні бар. – Науқас нәресте – ұлт трагедиясы деу­ге бола ма? – Отбасында дені сау ұрпақтың дүниеге келуі әрбір ата-ана үшін үлкен бақыт. Осы мақсатта елімізде жүкті әйелдердің өмірге дені сау сәби әкелуі үшін барлық мүмкіндік жасалуда. Мысалы, біздің орталықта жас мамандарға тәжірибиелі дәрігерлер тәлімгерлік жасайды. Жүкті әйелдерге жедел көмек көрсетуге, жаңа туған нәрестелерге бастапқы реанимациялық көмек жасау жүйелеріне үйретеді. Осы жерде акушер-гинекологтар және реаниматологтардың жедел жәрдем қызметінің мамандары үшін жүкті және босанған әйелдерге көмек көрсету бойынша курстар жүргізгенін де атап өтсем деймін. Перзентханада Г.Бұратаева, анес­тезиолог-реаниматолог С.Новичевский, Т.Другова, Г.Зайцева, Л.Ходырева, М.Бек­­мұхаметова, Қ.Алдоңғарова, Г.Тілеп­бер­генова т.б. қызмет жасап келеді. Бүгінде орталықта 432 қызметкер еңбек етеді, оның 69-ы білікті дәрігерлер болса, 203-і орта буын медицина қызметкерлері. Ана мен бала денсаулығын жақсарту жауапты міндет. Біз дүниеге келген сәбиін емірене иіскеп, жүзі бал-бұл жанып орталықтан шыққан бақыт­ты ата-ананы көргенде, ең­бегіміздің ақтал­ғаны деп түсінеміз. Ұлт денсаулығы аналар­дан, яғни бүгінгі қыз­дар­дан басталады. Дені сау ұрпақ демография діңгегі, ел ертеңі дегім келеді. Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.