Қазақстан • 11 Маусым, 2022

Елімізде «Бозоқтан Ботайға дейін» экспедициясы басталды

416 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ат туризмін қолдаушы шабандоздар Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының киелі жерлеріне саяхатқа шықты, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде «Бозоқтан Ботайға дейін» экспедициясы басталды

Жеті күндік экспедицияның мақсаты – Бозоқ қалашығы мен Ботай мәдениеті сынды жалпыұлттық маңызы бар археологиялық ескерткішін танымал ету, сондай-ақ Қазақстан аумағында экологиялық туризмді ілгерілету.

.

«Бозоқтан Ботайға дейін» экспедициясының басталуына арналған іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, ғалымдар, At-trаvel клубының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

.

«Осы далада адамзат алғаш рет атты қолға үйретті. Ботай мәдениеті – сол ұлы өркениеттің бастауы. Бозоқ қалашығы – еңселі елордамыздың алтын тамыры. Бұл жерде ұлттық парк құру арқылы біз көне тарихымызды жас ұрпаққа насихаттаймыз. Мәдениет және спорт министрлігі ашық аспан астындағы ұлттық музей құрылысын кезең-кезеңмен жүзеге асыруды көздейді. Алдағы уақытта да «Бозоқ» музей-қорығының жұмысы жандана береді. Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының арасын атпен жүріп өтетін экспедицияның мәні ерекше. Осындай іс-шаралар арқылы атқа мінуді насихаттаймыз, тарихымызбен танысамыз, эко-туризмді дамытамыз. Экспедицияны ұйымдастыруға үлес қосқан баршаңызға алғыс айтамын», – деді Дәурен Абаев.

.

Біздің анықтама:

Бозоқ – Қазақстанның қазіргі астанасы аумағында орналасқан, 1250 жылдық тарихы бар көне қалашық. Кезінде Бозоқ арқылы Ұлы Жібек жолының сауда тармақтары өткен.

Ботай әлемдегі – ертедегі Еуразия жылқы өсірушілерінің бірегей қонысы. Бұл мәдениеттің өмір сүру уақыты б.ғ.д. V-IV ғасырларда өтті. Онда жүргізілген зерттеулердің тарихи маңызы- жылқыларды қолға үйретудің жер жүзіндегі бірден бір орталығы Қазақстан екенін дәлелдейді.