Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысы қалай жүргізілуде? Ел азаматтарын толғандырып отырған бұл сұраққа жауап табу үшін кеше Мәжілісте палата вице-спикері Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы болып өтті.
2014 жылдың 1 сәуірінен тұрғындардың зейнетақыға жинақталған қаржысын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өткізу үдерісі аяқталған-ды. Алайда, оның жұмысы туралы нақты мәліметтер болмағандықтан, депутаттар арнайы сауал да жолдаған еді. Міне, сол сауалға нақты жауап беру үшін Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов депутаттар алдына шығып, түсінік берді.
Бас банкирдің айтуынша, бұған дейін зейнетақы шоттарының саны 10 миллионнан кем емес болса, енді солардың барлығы да электронды түрде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беріліп отыр. Ондағы қордаланған активтердің сақталуына Ұлттық банк жауапты. Қазіргі таңда зейнетақы активтері 3,9 триллион теңгеге жетіпті. Қ.Келімбетовтің айтуынша, кейбір жеке жинақтаушы қорлар бұған дейін тиімсіз әрі ашық емес жұмыс жүргізіп келген. Ал аудиторлық тексерістер көрсеткендей, тек үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында-ақ БЖЗҚ жақсы жұмыс нәтижесін көрсетіпті.
Бас банкир бұған дейін ұсталып келген 15 пайыздық комиссия мөлшері екі есеге дейін төмендетілгендігінен де хабардар етті. Келтірілген мәліметке қарағанда, 2012 жылы жинақталған қордан инвестициялық кіріс есебінен 40 миллиард теңге комиссия төленсе, биылғы жылы жинақтаушы зейнетақы қорларының жұмысына 60 миллиард теңге жұмсалыпты. Сондықтан да комиссияны қысқарту есебінен төлем көлемін 20 миллиард теңгеге азайтуға мүмкіндік туыпты. Бұл қаржылар негізінен БЖЗҚ қызметкерлерінің жалақысына және еліміздегі филиалдарының жұмысын қаржыландыруға жұмсалуда.
Бұрындары жинақтаушы зейнетақы қорларының жартысы өз қаржыларын мемлекеттік құнды қағазға салып келгендігін тілге тиек еткен Ұлттық банк төрағасы олар негізінен бюджет жетіспеушілігін жабуға және квазимемлекеттік сектордың құнды қағаздарына, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына кіретін компаниялардың облигацияларына салынып келгендігін де атап өтті. Ендігі мәселе – Үкіметтегі Экономикалық саясат кеңесінде және құрамына Президент Әкімшілігі мен Үкімет өкілдері, сондай-ақ беделді сарапшылар кіретін Зейнетақы активтерін басқару кеңесінде зейнетақы активтерін тиімді басқаруды жүзеге асыру.
Елбасының ірі банк депозиттеріне ұзақ мерзімге (5-10 жыл) зейнетақы активтерін орналастыруға тапсырма бергеніне орай жұмыстың жүргізіліп жатқанынан хабардар еткен Қ.Келімбетов үшінші бағыт ретінде шетелдік құралдарға орналастыру қарастырылып отырғандығын алға тартты.
Берілген ақпараттарға сүйенсек, қазіргі таңда жеке жинақтаушы зейнетақы қорлары барлық автивтерінің 10 пайызы сыртқы құралдарға орналастырылыпты. Шетелдік құралдарға зейнетақы активтерін орналастыру ұлғайтылуы мүмкіндігін алға тартқан Қ.Келімбетов оны ұлттық валюта құнының өзгеруі мүмкіндігімен түсіндірді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын модернизациялаудың тұжырымдамасы да әзірленіп жатқаны атап көрсетілді. Тіпті, арнайы заң да қабылданбақ екен.
Қосымша мәлімет берген БЖЗҚ басқарма төрайымының орынбасары Руслан Ерденаевтың айтуынша, қазіргі таңда БЖЗҚ-ның 18 филиалы, олардың 29 бөлімшесі және 199 халыққа қызмет көрсету орындары жұмыс істеуде көрінеді. 2013 жылы қосымша 87 халыққа қызмет көрсету орындары ашылыпты. Бұған дейін 28 елді мекенде ешқандай жинақтаушы зейнетақы қорлары болмағандығы да айтылды. Ал Р.Ерденаев БЖЗҚ өңірлік желілері кеңеюде екенін ерекше атады. Ол, сонымен қатар Үкімет алдына жергілікті бөлімшелерін ашуға ғимараттар беру туралы ұсыныс та қойылып отырғандығын айтып өтті. Ал жалпы салымшылар пошта, интернет сайт және Үкімет порталы арқылы өздерінің қаржылары туралы ақпарат алып келеді екен.
Депутаттар мұндай уәжбен толық келісе қойған жоқ. Татьяна Яковлеваның мәлімдеуінше, депутаттар Астана қаласының сол жағалауындағы екі жинақтаушы зейнетақы орталығында болып, онда келушілердің аздығына көз жеткізіпті. Мұнда өз салымдары туралы ақпарат алу да оңай болмағанға ұқсайды. Тиісінше, салымшылар қайда барарларын білмей, ескі мекенжайға барғыштап келе жатқаны да өткір сынға алынды.
Осылайша депутаттар жеке зейнетақы шоттарын басқаруға қажетті анықтаманы ала алмай жүрген салымшылардың мүддесін қорғау үшін нақты жұмыстың қажеттігін баса жеткізді. БЖЗҚ басқаруға жауапты тұлғалар оның маусым айына дейін толық шешімін табарына сендіруге тырысты. Бұл әңгіме сол кезде жалғасын таппақ.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».