Қазақстан Республикасының Ливандағы елшілігі «Қазақстан-Ливан қатынастары: 20 жылдық табысты серіктестік» кітабының тұсауын кесті.
Қазақ, араб және ағылшын тілдерінде шыққан кітапта екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнату тарихы туралы баяндалған, саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстар туралы ақпарат ұсынылған. Екі елдің жоғары лауазымды тұлғалары Қазақстан-Ливан ынтымақтастығының болашағы туралы өз пікірлерімен бөліскен, сондай-ақ, кітапта қос елдің қатынастары дамуының хронологиялық фотоматериалдары жарияланған.
Кітаптың тұсаукесері Қазақстанның Ливанда тұратын көптеген достарының бастарын қосты. Атап айтқанда, іс-шараға үкімет өкілдері, парламентарийлер, көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, шетел дипломаттары, бизнесмендер, журналистер, сондай-ақ, Қазақстан-Ливан достық қоғамының мүшелері қатысты.
Қазақстан Республикасының Ливан Республикасындағы елшісі Болат Сәрсенбаев өзінің сәлемдеме сөзінде бірінші кезекте Ливанның саяси қайраткерлеріне ұсынылған кітапқа енген екі елдің ынтымақтастығы туралы жазған жылы пікірлері үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, бірқатар мәселелер бойынша өзара түсіністік пен келісімнің жоғары деңгейіне мән бере отыра, Қазақстан мен Ливанның әртүрлі салалардағы қол жеткізген жетістіктерін атап өтті.
Қабылдауға қатысқан қонақтар қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан екі достас мемлекет ынтымақтастығының жоғары деңгейін атап өтті.
«Егемен-ақпарат».