Спорт • 12 Маусым, 2022

Күштілердің қатарына қосыла алмадық

247 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біріккен күрес әлемінің (UWW) жаңартылған рейтингі жарияланды. Өкінішке қарай, уақыт озған сайын мықтылар тізіміндегі қазақстандық өрендердің саны кеміп барады. Мәселен, грек-рим күресіндегі ТОП-10 балуанның қатарына бар-жоғы төрт жерлесіміз ғана енген. Олар – Қорлан Жақанша, Алмат Кебісбаев, Нұрсұлтан Тұрсынов және Аманғали Бекболатов.

Күштілердің қатарына қосыла алмадық

15 маусымда 30 жасқа толғалы отыр­ған Қорлан Жақанша 2018-2020 жылдар аралығында өте сапалы күрес көрсетті. Сол кездері ол әлем чемпионатында күміс алса, Азия біріншілігінде үш рет қола медальды мойнына ілді. Соңғы кездері қандасымыздың шабысы біраз баяулап қалған сыңайлы. Десек те 55 кило салмақта сайысқа түсіп жүрген сайыпқырандар арасында Қорлан жетінші орынды иелену­де. Бұл – Қазақстанның балуандары арасындағы ең жақсы нәтиже.

67 кило салмақтағы Алмат Кебіс­баевтың бағындырған белестері бір төбе. UWW рейтингінде тоғызыншы орында тұрған ол әлем (1 күміс+4 қола) және құрлық (2 алтын+3 кү­міс) чемпионаттарында бес реттен жеңіс тұғырына көтерілді. Азия ойын­дарының екі дүркін жүлдегері деген атағы тағы бар. Десек те Ал­мат был­тыр үлкен спортпен қош ай­тыс­қанын ресми түрде жария етті. Яғни енді оның әлемдік рейтингте жо­ғарыламайтыны анық. Азия чемпио­ны деген атағы бар 87 кило салмақ дәрежесінде күресетін Нұрсұлтан Тұр­сыновқа да тоғызыншы орын бұйыр­ды. Ал аса жеңіл салмақтағы Аманғали Бекболатов үздік ондықты түйіндеуде.

Келесі ондыққа келетін болсақ, бұл тізімнен біраз жерлесіміздің аты-жөнін кезіктіруге болады: Абы­лайхан Әмзеев (72 кило) – 11, Демеу Жадыраев (77 кило) – 11, Марлан Мұқашев (55 кило) – 13, Диас Қален (82 кило) – 14, Мейрамбек Айнағұлов (63 кило) – 15, Әлімхан Сыздықов (130 кило) – 15, Ернұр Фидахметов (60 кило) – 16, Азат Садықов (72 кило) – 17, Те­мірлан Шадукаев (77 кило) – 18 және Мейіржан Шермаханбет (67 кило) – 20 орын.

ТОП-10 грек-рим күресі шебер­ле­рінің тізімінде Ресейдің қарасы мол. Бұл елдің 11 өкілі үздіктер рей­тингінде. Екінші орында – Түркия. Анадолы елінің тоғыз апайтөсінің тасы өрге домалап тұр. Сегіз серкесіне сенім артқан Әзербайжан үшінші сатыға жайғасты. Одан кейінгі орындарда мына мемлекеттердің балуандары: Иран – 7, Грузия, Германия – 6, Жапония, Мажарстан, Польша – 5, Ар­мения, Қазақстан – 4, Қырғызстан, Молдова, Украина – 3, Норвегия, Фин­ляндия, Сербия, Куба – 2, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Румыния, Мысыр, Литва, Польша, Швеция, Эс­то­­ния, Беларусь, Дания, АҚШ, Бол­гария және Чили – 1.

Ал жекелеген салмақ дәрежеле­рінде екі-екіден Иран, Грузия және Әзербай­жанның балуаны әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастап тұр. Тарқатып айтсақ, Парсы елі өкілдері арасында Мұхаммадреза Гераеи мен Мұхам­мадхади Сарави алдына жан салар емес. 67 кило салмақта күш сынасатын 25 жастағы Гераеи соңғы Олим­пия ойындары мен әлем чемпио­натында қарсылас шақ келтірмеді. Бірақ таяуда ғана Алматыда өткен Болат Тұрлыхановты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде біздің Мейіржан Шермаханбеттен жеңілгенін дүйім жұрт көрді. 97 кило салмақта айқасатын 23 жастағы Саравидің әлем және Азия чемпионы, Токио Олимпиадасы мен әлем кубогының қола жүлдегері деген толып жатқан атақтары бар.

Грузияның дүлдүлдері Лерри Абу­ладзе мен Якоб Каджая екені даусыз. Аджарияда туып-өскен 23 жастағы Абуладзе былтыр Ослодағы әлем чем­пионатында күміс алса, биыл Вар­ша­вадан Еуропа чемпионы атанды. 28 жастағы Каджая Олимпиада, әлем және құрлық чемпионаттарының жүлдегері, Еуропа ойындарының ж­е­ңім­пазы атанды. Әзербайжанның сенім артқан серкелері Санан Сулей­манов пен Рафиг Гусейнов екені сөзсіз. Алғашқысы 25 жаста, екіншісі 34-те. Сулейманов 2020 жылы Еуропа чемпионатында теңдессіз деп танылса, былтырғы дүнииежүзілік до­дада күміспен күптелді. Соңғы екі жыл құр­­лықтың басты жарысында қола ме­­даль­­ды мойнында жарқыратты. Ал Гу­сейнов болса,  әлем және Еуропаның үш дүркін чемпионы атанып, Токио Олим­­пиадасында үшінші орынға тұ­рақтады.

55 кило салмақта жапониялық Кэн Матсуи көш бастап тұр. 21 жастағы Хонсю аралының тумасы былтырғы әлемдік додада дара шықты. 60 кило салмақта Виктор Чобану шашасына шаң жұқтырар емес. Биыл күзде 30 жасқа толғалы отырған Молдованың марқасқасы да Ослода әлем чемпионы атанған еді. Одан бөлек, ол 2018 жылғы дүниежүзілік біріншіліктің фи­налына шығып, құрлық чемпионы, Еуропа ойындары мен Дүниежүзілік Уни­версиаданың жүлдегері деген атақ­тарға қол жеткізді. 72 кило сал­мақта Крис­тупас Шлейва мықты болып тұр. 26 жастағы Лит­ваның апайтөсі әлем және құрлық чем­пионаттарында үшінші орынды еншілеген. 87 кило салмақта Зураб Дату­нашвили дара тұр. 31 жастағы спорт­шы Сербияның туы астында өнер көрсетіп жүргенімен, оның тегі грузин екенін аты-жөнінен-ақ білуге болады. Датунашвили Токио Олим­пиадасында қола медальды олжалап, әлем чемпионатында бір және Еуропа біріншілігінде үш рет бас жүлдені иеленді. Міне, бүгінгі таңда әлемдік рейтингте көш бастап тұр­ған грек-рим күресі шеберлері осылар.