23 Сәуір, 2014

Жастар жұмыссыздығының себебі неде?

1238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Атырауда Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХVII көшпелі отырысы өтті. Оған еліміздегі барлық облыстардың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшылары, сонымен бірге, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының жастар ресурстары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Көшпелі отырыста жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі кеңінен талқыға салынды. Қазір статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде 14 пен 29 жас аралығында 4376148 жас бар деп есептеледі. Олардың 116,1 мыңы жұмыссыздар санатын құрайды. Өткен жылы жас­тар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызды құрап отыр. Жастардың жұмыссыздығы жөніндегі ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (7,6 пайыз), Жамбыл (7,4 пайыз), Қызылорда (6,7 пайыз) облыстарында тіркелген. Батыс аймақтағы жұмыссыз жастардың шоғыры Маңғыстау облысына (7,5 пайыз) тән екені жасырын емес. (Атырау облысында 3,5%, Батыс Қазақстан облысында 4,8%, Ақтөбе облысында 3,2%). Талдау көрсеткендей, жастар жұмыссыздығына бірінші кезекте еңбек нарығындағы сұраныс жөніндегі ақпараттың аздығы, сонымен қатар, оқу орындары мен өндірістің арасындағы байланыстың жоқтығы себеп болып отыр. Бұған қоса жастардың кәсіби білімінің жетімсіздігі, еңбек тәжірибесі мен біліктілігі жоқтығы да әсер етеді. Мұны өткен жылы жұмыссыздарды тіркеу орындарына 150 мың жас хабарласқан. Олардың 68 мыңы ауылдық жерлерде тұратынын көрсеткен. Былтыр жұмыссыз жастардың 56 пайызы (84,7 мың адам) жұмысқа орналастырылды. Сол жастардың 46 пайызы (39 мың адам) ауылдық жерлерде тұрады. Соңғы бес жылдан бері жастардың еңбек тәжірибесін қалыптастыру үшін «Жастар тәжірибесі» жобасы іске асырылып, оған оқу орындарының 176 673 түлегі қатысты. Енді осы жобаға қатысатын жастарға 33 336 теңге көлемінде жалақы төлеу көзделіп отыр. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.