2017 жылы індеттің кесірінен 152 мыңға бірден азайған дала жануары бес жылда сегіз есеге көбейген. Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің дерегіне қарағанда, еліміздегі киік саны жыл сайын орта есеппен 40%-ға үздіксіз өсіп келеді екен.
Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының дерегіне қарағанда, өңірде Бетпақдала тобындағы киіктер саны шамамен 70 мың басты құрайды. Ырғыз бен Торғай арасындағы елсізді еркін жайлайтын тұрқы ұзын, ірі денелі Бетпақдала үйірлері жайылымын көктемде оңтүстіктен солтүстікке, күз айларында қыстауын солтүстіктен оңтүстікке қарай ауыстырып отырады. Бүгінде Бетпақдала киіктерін Ақтөбе облысының Әйтеке би, Ырғыз аудандарының далаларынан жиі кездестіруге болады.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамырдың басында Қарабайтал деген жерде – 6 мың бас, Мамажанда – 10 мың, Шиліөткелде – 5 мың, Дәуірбай, Байбұлақ, Досжан, Қарабұлақта 10 мың бас киікті санаған. Сондай-ақ далалықтағы Шекебайсор, Нарбелгі деген жерлерде жайылып жүрген киік үйірлерін көрген. Бірақ санап үлгермеген.
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты аумағында қазір 20 мың бас киік жайылып жүр. Мұндағы Ақиін деген жерде 10 мың, Жаныста 6 мың, Алакөлде 4 мың бас саналған. Басқарма инспекторлары қазір киіктердің төлдеуі аяқталып, үйірлер Әйтеке би ауданына қарай жылжып бара жатқанын айтады. Мыңжылдықтардан бері қозғалыс жолын еш өзгертпеген Бетпақдала киіктері күзде Торғайдағы Тосын құмдарынан ауып Ырғыз жерінде күйекке түседі. Мұнда қыстап, көктемде төлдеп, жазғы жайылымға қырға қарай шығады. Қазір киіктер қырға беттеп барады. Бұл – Ырғыздың солтүстігі мен Әйтеке би ауданы. Әрі қарайғы бағыт – Арқа.
Бірер күн бұрын Әйтеке би ауданындағы шаруа қожалықтары далалықта киік саны көбейіп, енді ғана көктеп келе жатқан егіс алқаптарына түсіп жатыр деген шағым түсірді. Мамырдағы қалың жаңбыр егіс жұмыстарына едәуір кедергі келтіріп, шаруалар дән себу жұмыстарын кеш аяқтады. Шаруалар жер қызбай, сепкен дән көтерілмей жатқан егіс алқаптарын киік тұяғы жаншып тастаса, күзде бидайсыз қаламыз ба деп қауіптенеді. Оларға облыстық полиция департаменті қызметкерлері көмектеспек. Таяу күндері киіктерді егістікке жолатпай үркіту үшін Әйтеке би ауданының шаруа қожалықтарына оқ-дәрісіз ататын бос патрондары бар мылтық жеткізіп береді.
Киік үйірлері мал жайылымына ортақтасып, егіс алқаптарын таптап жатқандықтан, оның санын 650-700 мыңнан асырмау керек деген пікірді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандары да қолдайды. Ал түз жануары үй жануарының өрісіне ортақтасып жатқан жоқ. Судың тұнығын ішіп, шөптің шүйгінін жейтін киікке қарсы мылтық көтерудің қажеті жоқ деген қарсы тараптың пікірі де үстем тұр.
Бүгінде елімізде саны жағынан Орал тобының киіктері бірінші орында, олардың саны 800 мыңнан асып барады. Батыс Қазақстан облысы аумағы мен Башқұрт жерінің арасын жол қылып жүретін, Орал тауларының қойнауын қыстайтын, суық климатқа төзімді жануардың санын азайту күн тәртібінде тұр.
Табиғат қорғау саласында көпжылдық тәжірибесі бар, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватында директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған Мереке Жұбанияз мемлекеттік органдар киік санын шектеумен айналысуы керегін айтады. Бірақ киік санын шектеу киікті жаппай қыру емес. Табиғат қорғаушысы бірінші кезекте Орал тобындағы кәрі текелердің санын азайту қажет деген пікірде.
«Киіктер желтоқсанның 5-і мен 15-і аралығында күйекке түседі. Әдетте шағылысу маусымында кәрі текелер жас текелерді үйірге жолатпай, қуып жібереді. Бірақ кәрі текелер қыстың аязын көтере алмай, өздері шығынға ұшырайды. Бетпақдала киіктерінің жайылымы кең, олар әлі де көбеюі керек. Екі жыл көбеюін күткеніміз жөн», дейді ол.
Киік көбейсе жерді аздырады, тұяқтарымен көкті таптап, шөп тамырын қиып жібереді деген пікірлер жиі айтылады. М.Жұбанияз бұл пікір еш қисынға келмейтінін жеткізді.
«Киік – аша тұяқты жануар, оның тұяғы жерді аздырмайды, қайта түлетеді. Ал тұяқты жануар жайылмаған жер өзінен өзі азады. Сол сияқты төрт түліктің аяғы көп таптаған жердің тозып, қу тақырға айналғанын көріп жүрміз. Киік ешқашанда тозған жерге жайылмайды, шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын таңдап ішеді. Жауын-шашын мол болған жылдары олардың індетке шалдығып, қырылатынын жиі байқадым. Меніңше, көлтабандарға ылғал көп жиналғанда жер астындағы улы заттар жер бетіне көтеріледі де, төлдеуге келген аналықтарды індетке душар етеді. Бұл жайлы өз дәлелдемелерім бар», дейді табиғат қорғаушысы.
Кеңес Одағында шаруашылықтар киік етін сатып, біраз пайда тапты. Сол кезде Ақтөбе облысының далалық аудандарында ет комбинаттары салынып, киік еті саудаға шығарылды. Арнайы киік аулайтын бригадалар құрылды. Бір сөзбен айтқанда, дала жануары саны реттеліп отырды, еті мен мүйізі қазіргідей браконьерлердің олжасына айналған жоқ.
Қос өзен – Ырғыз бен Торғайдың арасы атам заманнан бері ақбөкендердің көш жолы, жайылым өрісі болғанын атап өттік. Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерваты аумағындағы мыңдаған шақырымдық елсізде Бетпақдаланың ақбөкендері жылдың үш мезгілінде жайылып жүреді. Қазір төлдерін ерткен аналықтары мен олардан бөлектенген теке үйірлері екі бағытпен қырға беттеп барады. Қыр – Ырғыздың солтүстігі мен Әйтеке би ауданы. Одан әрі Сарыарқаның даласы. Бетпақдаланы көктей өтіп, Тосын құмын айналып келіп, Ырғыз ауданының аумағына күзде келіп күйекке түседі. Бетпақдала киіктерінің көші-қон жолы мыңжылдықтардан бері осылай қалыптасқан.
Қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан ақбөкендер адамдардың еккен егініне, жайылып жүрген малының өрісіне ортақтасатын аша тұяқ емес. Олардың елсізде қалыптасқан өз жолы, өз өрісі бар. Ал «малымыздың жайылымына ортақтасты, егістікті бүлдірді» деп байбалам салушылар негізінен сылтаумен мемлекеттен өтемақы алуды мақсат еткендер екенін айтады табиғат жанашырлары. Киіктердің көбеюін пайдаланып, кейбір шаруа қожалықтарының иелері пайдакүнемдік мақсатты көздеп отыр ма, иә болмаса расымен де егістікті таптап, адамның асыранды малының шөбіне ортақтасып отыр ма? Бұл жағы анықтауды қажет етеді. Өкініштісі, адамның бас пайдасы үшін тілсіз жануарды жоя салу да оңай. Тілі жоқ болса да, сезім қабілеті күшті, адамға қарағанда табиғатқа өте жақын ақбөкендердің жаратылысын қазіргі адамдар ешқашан да түсінбей өтетін шығар.
Ақтөбе облысы