«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңдеуші өнеркәсіптегі шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру үшін 100 миллиард теңгені орналастыру туралы екінші деңгейлі банктермен несие келісіміне қол қойды. Бұл жайында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова әңгімеледі.
Несие келісімі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ пен 13 отандық екінші деңгейлі банктер арасында 2 пайыз мөлшерлемемен 20 жыл мерзімге дейін жасалған. Құжатқа сәйкес аталған қаржыны екінші деңгейлі банктер өңдеуші өнеркәсіп жобаларын іске асыратын шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне алты ай ішінде берулері тиіс.
Банктер шағын және орта бизнес кәсіпорындарын өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы бойынша несиелендіреді. «Банктерге осы бағдарлама аясында қандай да бір комиссия, айыппұл, өсімпұл түрлерін алуға тыйым салынады және бұл қаржы Ұлттық қордың ресурстары болғандықтан, олар отандық тамақ, тоқыма, металлургия және машина жасау өнеркәсіптеріне беріледі. «Даму» қоры шағын және орта бизнес өкілдері несиені қарастыруға артық комиссия төлемес үшін барлық процедураларды егжей-тегжейлі бақылайды. Сонымен қатар, біз банктерді ынталандырамыз. Оларға ортақ қаржыландыру көрсетіледі және жобаларға басқа да қосымша ресурстар тартатын боламыз», дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Бұл игі шара Мемлекет басшысының экономикаға қолдау көрсету мен оның өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету туралы тапсырмасын іске асырудың алғашқы қадамы. Осы қаражатты бөлу шағын және орта бизнестің жаңа жобалары бойынша инвестициялық қызметтерін ынталандырады. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге несиелерін аса тиімді шарттармен қайта қаржыландырып, тұрақты жұмысын жалғастыруға және өндірістік қызметін іске асыруға мүмкіндік туғызады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».