Қоғам • 12 Маусым, 2022

«Аш адамға балық емес, қармақ бер»...

867 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуы мен табысының төмендігіне ерекше назар аударып, Үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырғаны мәлім. Осыған орай, Үкімет «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын дайындап, бекітті.

«Аш адамға балық емес, қармақ бер»...

80 шарадан тұратын бағ­дар­ламаны іске асыру ха­лық­тың нақты табысын жыл са­йын орта есеппен 4-5 пайызға өсіруді және 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жұмыс орнын құруды көздейтіні көңілге үлкен үміт ұялатады. Соның ішінде, басты байлығы­мыз – денсаулығымызды сақ­тау­ға қамқоршы болып жүрген 74 мыңнан астам дәрігердің орташа жалақысы биыл – 415,9 мың теңгеге, келесі жылы 531 мың теңгеге жеткізілмекші. 173 мыңнан астам орта ме­дициналық персоналдың орташа айлық табысы осы жылы – 208 мың теңге, алдағы жылы 250 мың теңге болады. Ел ертеңі – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп жүрген 600 мыңнан астам педагогтің орташа жалақысы мектепке дейінгі ұйымдарда – 213 мың теңгеден 243 мың теңгеге дейін, мектептерде – 292 мың теңгеден 332 мың теңгеге дейін, колледждерде – 312 мың теңгеден 354 мың теңгеге дейін өсірілмек.

«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек», деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, кейінгі жылдары білім беру саласына баса көңіл бөлініп, қоғамдағы ұстаз беделі арта бастағаны қуантады. Бір кезде мұғалімнің мардым­сыз жалақысын азсынып, басқа кәсіпке ауысып кеткен азаматтар мектепке қайта оралып жатыр. Ұстаздықты таң­даған үздік түлектер де көбейіп келеді. Бұл фак­тор­лар мұғалімдердің кәсіп­­тік деңгейін көтеріп, оқу­шы­ларға беретін білім сапасын жақсартуға ықпалын тигі­зері, мұның өзі барлық сала­дағы кадрлардың кәсіби даяр­лығын арттыруға берік негіз болары хақ.

Жалпы, 1 млн-нан ас­там бюджеттік сала қыз­мет­кері мен квазимемлекеттік сектор жұмыскерінің жалақы­сы көтерілетіні, сондай-ақ мем­лекеттік қолдау алатын ком­панияларға  нақты мін­дет­темелер жүктеу арқы­лы тағы 2,8 млн еңбек­кердің табысын арттыру қарас­ты­рылғаны мемлекеттің қазіргі алмағайып кезеңде де халық жағдайын жақсартуға күш салып, қажетті ресурстарды іздестіріп тауып отырғанын аңғартады.

Ұлттық экономика ми­нистр­лігінің мәліметіне қара­ған­да, халықтың еңбек ету­­ден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8 па­йызға азайған, ал рес­публи­калық бюджеттен әлеуметтік трансферттерге бөлінетін қаржы көлемі, керісінше,10 пайыз­ға ұлғайған. Бұл теріс үр­діс – қоғамда тұтынушылық көзқарас пен масылдық пи­ғылдың белең алып бара жат­қанының айғағы. Мәсе­лен, қазір ата-аналарының зейнетақысы немесе балалары үшін берілетін мемлекеттік жәрдемақы есебінен күн көріп, еш жерде жұмыс істемей­тін адамдар ауылда да, қала­да да аз емес. Осыны ескерген Үкіметтің енді жаңа жұ­мыс орындарын көптеп ашуға және ауылды жерлерде жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға басымдық беріп отырғаны құптарлықтай. Шын­туайтында, «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген нақыл халықтың табысын арттыру бағдарламасының бас­ты қағидаты іспетті.

Бұл ретте Үкімет жаңадан «велосипед ойлап таппай», қолда бар тәжірибеге сүйенуді жөн көріп отыр. Нақты айт­қанда, Жамбыл облысында бірнеше жылдан бері іске асырылып келе жатқан жеке қосалқы шаруашылықтар­ды мемлекеттік қолдау есебі­нен ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі қанатқақты жоба алдағы уа­қытта барлық өңірде кеңінен таратылмақшы. 

Жамбыл облыстық әкім­дігінің мәліметіне қарағанда, осы өңірдің 10 ауданының 11 ауылдық округіне қарай­тын 25 ауылда енгізіл­ген қанатқақты жобаға 2 478 тұрғын мен жаңадан құрыл­ған 11 ауылшаруашылық кооперативі қатысып, мемлекеттен жеңілдікті несие алған. Нәтижесінде, әрбір отбасының табысы орта есеппен 4 есеге артқан, дара кәсіпкерлер қатары

2 282-ге көбейіп, 589 жаңа жұмыс орны ашылған, атау­лы әлеуметтік көмек алушылар саны – 65 пайызға, жұмыссыздар саны 36 пайыз­ға азайған. Алдын ала есептеу бойынша қанатқақты жоба­ның экономикалық тиім­ді­лі­гі бес жылда 14,9 мл­рд теңгеге жетуге тиіс. Со­ған қарағанда, тек өңір­лер­дегі шенеуніктер бұрын­ғы «әнд­еріне» басып, бюро­кра­тиялық кедергілерді көбейт­песе, жамбылдықтар баста­масының берері мол болмағы анық.

Үкіметтік бағдарламада өскелең ұрпақты еңбекке баулу, жастарды жұмыспен қамту мәселелеріне басым­дық беріл­ген. Мектептерде енгі­зі­­летін кәсіптік бағдар беру­ші – педагогтер оқушы­лар­­дың 7-сыныптан бас­тап мамандық таңдауына көмек­теспекші. Колледждер жанынан студенттердің тәжі­рибе жинақтауына мүмкіндік беретін 100 шағын кәсіпорын құрылмақ. Жоғары оқу орындарында студенттердің мамандығы бойынша жұ­мысқа орналасуына жәр­дем­десе­тін 103 мансап орта­лығы ашыл­мақ. 160 мың түлек пен жұмыссыз қыз-жігіт үшін «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойын­ша 400 айлық есептік көрсет­кіш мөлшеріндегі гранттар бөлінбек.

Бұған қоса, 3-ші (мамандар) және 4-ші (білікті жұмысшылар) санаттар бо­йынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны 4,7 мың адамға қысқарту қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда жұ­мыс істеуге келетін шетелдік жұмыс күшінің 60 пайызына жуығы жұмысшылар болып шыққан. Ал елімізде 300 мыңдай адам жұмыссыз жүрген биылғы жылы өңірлер әкімдіктерінің өтінімдеріне сәйкес бекітілген квота бойынша 28 352 шетелдік жұмыскер мен маусымдық жұмысшыны жұмысқа шақыру көзделген. Бұл былтырғыдан сәл көп. Осы орайда онсыз да жұмыс күші артық Маңғыстау облысы – 2 763, Алматы облысы – 2 711, Шымкент қаласы – 501, Қызылорда облысы – 462, Түркістан облысы  335 шетелдікті жұмысқа ша­қырып отырғаны – қайран қаларлықтай жағдай. Соны­мен қатар Атырау облысы­ның бір өзі биыл 7 598 шетел­дікті жұмысқа тартуға өтінім беріп, «көш бастап» тұрғаны да ойландырмай қоймайды. Бұл ретте, әсіресе шетелдік компаниялардың жергілікті кадрларды даярлау жөніндегі міндеттемелерін орындауына қатаң бақылау орнатпай,  шет елдерден шақырылатын жұмыскерлер санын азайту құр сөз болып қала беретін сияқ­ты. Сондай-ақ мұнай сала­сының қаншама жоғары білім­ді жергілікті ма­маны табы­сы жоғары кен орын­дарында қатардағы жұмыс­шы болып ең­бек етіп, отба­сы­ларын асырайтын нәпақа тауып, соған қанағат етіп жүргенін елеп-ескеріп жатқан кім бар?

Коронавирус пандемиясы басталған жылы халықтың хал-жағдайы қалай болатынына алаңдаған белгілі қоғам қайраткері Қуат Есімханов өзі бұрын еңбек еткен Павло­дар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы  бірқа­тар аудан әкімдерімен сөйле­сіп, оларға ауылдардағы аз қамтылған тұрғындарға қаз-үйрек балапандарын сатып әкеліп, таратып беріп, құс өсіртуді ұсынған екен. Мұны құп көрген әкімдер іле тұрмысы төмен тұрғындар­дың пікірлерін сұрастырған­да бәрі де мұндай шаруамен шұғылдануға қуана келі­сетіндерін білдірген. Алайда аудан басшылары санай келгенде оларға қа­жет­ті мыңдаған балапанды қай­дан алуды білмей, дал болған көрі­неді. Расында да, ірі құс фабрикаларына жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары жаз бойы, шаруашылықтардағы негізгі жұмыстарынан қол­дары бос уақытта жүздеп ба­ла­пан бағып, өсірген құс­тарын күзде сойып сатып, қо­сымша қыруар табыс табатынын көріп-біліп жүрміз. Де­мек жергілікті басшылар дұрыс ұйымдастыра білсе, ауыл­да табыс көзі табылаты­ны күмәнсіз. Әрине, бұл үшін ең алдымен талай адам өз­деріне кедейшілік қамытын кигіз­ген масылдық пиғыл мен ерін­шектікті еңсере білуі қажет.

...Солтүстік Қазақстан об­лы­сының Шал ақын ауданын он жыл басқарып, Со­циа­листік Еңбек Ері атанған Есім Шайкин зейнет демалысына шыққан соң, өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарындағы қиын кезеңде  сол өңірдегі туған ауылы – Үлгі­ге басшылық жасап, ауылдас­тарын көкөніс өсіруге үгіт­теп көндірген екен. Жеке қосал­қы шаруашылықтарды жап­пай дамыту ісіне де ел есінде қалған Есім ағамыз сынды беделі зор, сөзі өтімді аза­мат­тардың белсене атсалысуы қажет болатын сияқты.