Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы облысына арнайы сапармен келген Премьер-Министр Әлихан Смайылов депутаттар алдында сөйлеген сөзінде Президент ұсынған жаңа реформалар аясында және өткен референдумның нәтижелері бойынша еліміздің саяси жүйесінде маңызды өзгерістер болғанын атап өтті. Ол бойынша жаңа норма қабылданып, енді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау жаңа, ашық және бәсекеге қабілетті форматта өтеді. Мұнан кейін Әлихан Смайылов депутаттарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысының әкімі лауазымына Батыржан Байжұманов пен Марат Сұлтанғазиевтің кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.
Дауыс беру ашық түрде өтті. Санақ нәтижесі бойынша мәслихат депутаттары Президент ұсынған екі кандидаттың арасынан Марат Сұлтанғазиевтің кандидатурасын көпшілік дауыспен қолдады. Яғни жиынға қатысқан 188 депутаттың арасынан 129 адам Марат Сұлтанғазиевтің кандидатурасына, ал 59 депутат Батыржан Байжұмановқа дауыс бергені анықталды. Осылайша, Жаңа Қазақстандағы облыс әкімін тағайындаудың тың үрдісі өңірде жүзеге асты деуге болады.
Мұнан кейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов облыс активіне Марат Сұлтанғазиевті таныстырып, ел Президенті өңір басшылығының алдына бірқатар маңызды міндет қойғанын айтты. Оның ішінде облыстың басқару органдарын Қонаев қаласына көшіру, одан әрі экономикалық даму және әлеуметтік проблемаларды шешу жөніндегі міндеттерді белгілеп бергеніне баса тоқталды.
– Біздің негізгі мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту. Ол үшін жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Халықты сапалы ауыз сумен, табиғи газбен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, жолдар мен әлеуметтік нысандарды жаңғыртудың маңызы зор, – деді Премьер-Министр Алматы облысындағы жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесуде.
Сондай-ақ Үкімет басшысы өңірдің аумақтық орналасу артықшылықтарын барынша пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді дамыту және Алматы қаласы маңындағы азық-түлік белдеуін құру қажеттігін де атап өтті. Жалпы, Алматы облысында туристік кластерді дамытудың әлеуеті жоғары.
Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы халықпен тиімді диалогқа негізделуге тиіс екеніне тоқталған Үкімет басшысы бұл міндетті атқаруда жаңадан тағайындалған әкімге үлкен жауапкершілік жүктелетінін де ескертті.
Алматы облысы