Әлем • 13 Маусым, 2022

АҚШ-та жанармай қымбаттады

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенбі күні АҚШ-тағы соңғы 40 жылдағы ең жоғары инфляцияның негізгі драйвері болған америкалық бензин бағасы 5 долларға жетті (бір галлон 4,54 л). Елдегі автокөлік қауымдастығының ақпаратына сәйкес, баға 4 центке қымбаттаған.

АҚШ-та жанармай қымбаттады

АҚШ үкіметінің мәліметтері бойынша, коронавирустық пандемияға байланысты жанармай бағасы 2020 жылдың сәуірінен бас­тап көтерілді. 1,80 доллар болған баға 2021 жылдың мамырында 3 долларға жетсе, осы жылдың наурыз айында 4 доллардан асты. Енді міне маусымда галлонына 5 долларға дейін көтеріліп отыр. «Өткен жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда жанар-жағармай бағасы $1,92 жоғары болды. Баға көрсеткіші Калифорнияда 6,43 доллардан, Миссисипиде 4,52 долларға дейін ауытқып тұр», дейді АҚШ автокөлік қауымдастығы. «Әлемдік мұнай бағасы біркелкі емес, бірақ күрт өсуде. Дүние жүзіндегі мұнай бағасы шамамен екі есе өсті, ал АҚШ-тағы эталондық баға дәл осындай сомаға өсті. Бағаның өсуіне бірнеше фактор әсер етеді. Ресейдің Украинаға басып кіруі және одан кейін АҚШ пен оның одақтастарының санкциялары жанармай өсіміне түрткі болды», дейді сарапшылар.

Сонымен қатар «Мұнай мен жанар-жағар­май қорларының таусылуы экономика­ның қалпына келуіне байланысты энергия тұтыну­дың өсуіне әсер етеді. Сондай-ақ амери­ка­лықтар мамыр айының соңындағы «Еске алу күнінен» бастап көбірек көлік жүргізген, бұл сұранысты арттырады», деп қосты олар. Ал АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметінше, АҚШ әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші ел болып табылады, бірақ оның мұнайдан бензинге дейінгі қуаттылығы 2019 жылдың соңынан бері тәулігіне 900 мың баррельге төмендеген. Еуропалық одақ басшылары болса осы жылдың соңына дейін ресейлік мұнайдың басым бөлігіне тыйым салуға уәде беріп отыр.

Бірқатар сарапшының болжауынша, АҚШ-тағы жанармайдың орташа бағасы тамыз айында бір галлон үшін 6 доллардан да асуы мүмкін. Ресейдің экспорты қысқарғаннан кейін жанармай дағдарысы АҚШ-пен қатар Еуропа, Азия елдерінде де байқалып отыр. Қазірде Ұлыбританияда бензин бағасы галлонына 7,70 доллар, Нидерланд пен Германияда 8,25 доллар, Данияда 9 долларға жеткен.