8 маусым күні Brent тамыз фьючерстерінің құны ICE Futures лондондық биржасында барреліне 121,94 долларды құраған. Бұл – алдыңғы сессиядан 1,14 пайызға көп. Нью-Йорк биржасындағы WTI мұнайының баррелі 120,61 долларға бағаланады. Әлбетте, мұнайдың қымбаттай түскені елімізге тиімді. Содан түскен табыс есебінен Ұлттық қор толығады. Биыл 5 айдағы кіріс былтырғы бір жылдың пайдасынан асып түскен. Себебі неде? Мұнай сарапшысының айтуынша, 15 сәуір мен 14 мамыр аралығында ресейлік Urals мұнайы барреліне 73,24 доллардан сатылған. 1 маусымнан бері Ресейдегі экспорттық кедендік баж салығы (ЭКБС) 4,8 долларға азайған. Қазір экспорттық баж салығы тоннасына – 44,8 доллар.
«Бұрын Қазақстанда мұнайдың экспорттық кедендік баж салығы Ресейден төмен болған. Қазір әлдеқайда жоғары. Мысалы, мұнай бағасы барреліне 100-ден 105 долларға дейін болғанда ЭКБС тоннасына 100 долларды құрайды. Мұнай бағасы барреліне 115-тен 125 долларға дейін болғанда ЭКБС тоннасына 130 доллар болады. Қазақстанның Салық кодексі мұнай Brent-ке қатысты ауқымды жеңілдікпен сатылатын әскери тәуекелдерді ескермейді. Төрт ай ішінде Ұлттық қорға көп ақша түсуінің де сыры осында жатыр», деп жазады Energy Monitor.
Ендігі бір қызық – жарым-жартылай эмбарго жарияланғанына қарамастан Ресей мұнайының әлі күнге Еуропаға тасымалданып жатқаны. Құр тасымалданбай, еселеп арттырып жеткізілуде екен. Еуроодақтың жаһандық нарықтағы ресейлік экспортқа қысым көрсетуіне қарамастан, Украинадағы соғыс басталғалы еуропалық компаниялар Ресей мұнайын тасуды күшейткен. Global Witness тобы жүргізген талдауда Еуропаның теңізге шығар жолы бар үш елі – Грекия, Кипр және Мальтаның ақпан айындағы 31 млн баррельден мамыр айындағы 58 млн баррельге дейін Ресейден мұнай импортын ұлғайтқаны айтылады. Ақпаннан бері осы үш ел жалпы жиынтығы 178 млн баррель мұнай тасыған. Оның құны ресейлік мұнайдың қазіргі құнымен есептегенде 17,3 млрд долларға жетеді.
The Independent басылымының жазуынша, осы үш елде орналасқан кемелер соңғы бірер аптада ресейлік мұнайды әлем елдеріне жеткізу қарқынын да үдеткен. Бұл өз кезегінде танкерлік тасымалдау тарифтерін қымбаттатқан. Дегенмен сарапшылар бұл ұзаққа бармайды дейді. Бізге де солай көрінеді. Бәлкім, соңғы тұяқ серпудің бір нышаны...
Ресейлік сарапшы Юрий Рыковтың айтуынша, жақын арада мұнайдың қымбаттайтыны сонша, 2008 жылғы барреліне 143 доллар болған межеден де асып түсуі мүмкін. Ресей мұнайы өтімсіз болып қалмауы үшін оның атауын өзгерту секілді айла-амалдар істелуі де ықтимал.
«Біздің мұнайды сату механизмдері қазір де белгілі. Shell компаниясы істегендей, ресейлік мұнай деп саналмас үшін басқа мұнаймен араластырады. ЕО санкцияларының алтыншы пакеті аясында мұнай эмбаргосы толық күшіне енгеннен кейін баға өседі», деп болжайды сарапшы.
Айтпақшы, Каспий құбыр консорциумын (КҚК) жел бір шайқап алғалы бері, біз басқа балама жолдарды сөз ете бастағанбыз. Бір нәрсе анық. Дәл қазір ешқандай балама жол – «Атасу-Алашанькоу» да, «Атырау-Самара» да, КҚК-ны алмастыра алмайды. Новороссийск портындағы бекет арқылы ел мұнайының 90 пайыздан астамы жаһан нарығына шығарылып отыр. Қазір бұл құбыр желісіндегі апат қаупі жойылды. Қалыпты режіммен жұмыс істеп жатыр. Бірақ құлай сенуге тағы болмайды. Оған бірінші себеп – көршінің пиғылы болса, екіншісі – кәрі құрлық тарапынан туындауы мүмкін ықтимал шектеулер.
Мұнай эмбаргосынан бөлек, ЕО Лондонмен Ресейден келетін отын тасымалын сақтандыруға тыйым салу туралы келіскен. Financial Times дереккөзге сілтеме жасай отырып, Ұлыбритания үкіметі жақын арада өз компанияларына ресейлік мұнай үшін ресейлік порттарға келетін кемелерді сақтандыруды қамтамасыз етуге тыйым салу туралы жариялауға ниетті екенін, содан кейін бұл шешімді бүкіл G7 қабылдай алатынын жазады. Бұдан кейін нақты ресейлік порттан шыққан кез келген кемені сақтандырудан бас тарта алады. Сарапшылардың айтуынша, КҚК қазақ мұнайын Новороссийскідегі порталда танкерлерге тиейтіндіктен, бұл түптің түбі біздің иегімізге тақалуы мүмкін жұдырық екенін естен шығармаған абзал.
Бокс тіліне салғанда, бірер ай бұрын ғана жеңіл-желпі «хук» тиді. Түбегейлі есеңгіремейтін, бірақ әптер-тәптеріңді шығарарлық бір жағымсыз соққы. Ал ендігісі оңайға соқпайын деп тұр. Мейлі, Ұлыбритания ықпалымен әлдеқандай заңдық тұрғыдан шектеу болсын немесе КҚК-да түпкі себебі бізге беймәлім тағы бір кедергі туындасын... Қай-қайсысы да қиын... Иек астынан дедік қой, оны әдетте «апперкот» дейді және одан кейін көбі «ұйықтайды».