Спорт • 13 Маусым, 2022

Ең құнды ойыншылар

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Германияның Transfermarkt порталы Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген футболшылардың трансферлік құнын жариялады. Бұл тізімде Қостанайдың «Тобыл» клубының шабуылшысы Игорь Сергеев көш бастап тұр. Бүгінгі таңда ол 1,7 миллион еуроға бағаланып отыр.

Ең құнды ойыншылар

Игорь Сергеев 1990 жылдың 30 сәуірінде Өзбекстан астанасы – Ташкентте дүниеге келді. Өзінің спорттық карьерасын жергілікті «Пахтакорда» бастады. Кейіннен Қытайдың «Бэйцзин Синобо Гоань», БАӘ-нің «Әл-Зафра» және Қазақстанның «Ақтөбе» клубтарында ойнады. Былтыр «Тобылдың» жейдесін киді. Өзбекстанның жасөспірімдер мен жас­тар құрамасында өнер көрсетіп, 2013 жылдан бері ұлттық команданың намысын қорғауда. Сол аралықта 59 рет жасыл алаңға шығып, 17 мәрте қарсыластар қақпасын дәл көздеді. «Пахтакормен» бірге төрт дүркін Өзбекстанның чемпионы, екі мәрте ел кубогының иегері атанды. Жастар арасындағы Азия кубогының ең үздік сұрмегеніне тиесілі арнайы сыйлықты иеленді. «Тобылдың» сапында былтырғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасында топ жарды.

Екінші орынды Яцек Гуральский иеленді. 29 жастағы Алматының «Кайрат» командасы сапындағы польшалық легионер 1,6 миллион еуроға бағаланды. «Қайраттың» шабуылшысы Хосе Канте мен «Астананың» сұрмергені Мохаммед Камара үшінші және төртінші орындарды өзара бөліскен. Олардың құны – 1,4 млн еуро. Сондай-ақ ТОП-10-дықтың қатарында мына ойыншылар бар: Макс Эбонг («Астана») – 1,2 млн, Камо Оганесян («Астана») – 1 млн, Айбол Әбікен («Ақсу») – 1 млн, Алекса Ама­нович («Тобыл») – 1 млн, Сергей Малый («Тобыл») – 900 мың еуро және Маки Баньяк («Қайрат») – 800 мың еуро.