23 Сәуір, 2014

Қазақстан – Орталық Азиядағы ең көп ішімдік пайдаланатын ел

394 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

23-04-14-butylka-2

АСТАНА. 23 сәуір. Қазақстан спиртті ішімдікті пайдалану жағынан Орталық Азия елдері арасында бірінші орында келеді. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің кезекті отырысында Премьер-Министрдің орынбасары -Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Б.Сұлтановтың айтуынша, Қазақстан жан басына шаққанда, Орталық Азияда алкоголь өнімдерін ең көп тұтынатын, яғни ең көп ішетін ел болып отыр. Алайда, бұл тұжырымға депутат В.Косарев қарсы шықты. «Құдайға шүкір, - деді ол, - бүгінгі күні қазақстандықтардың алкоголь өнімдерін тұтыну мәдениеті артқанын жоққа шығаруға болмайды. Қазір ішіп алып, селеңдеп жүрген ешкімді де көрмейсің. Еске алу, жаназа секілді шараларда ол мүлде болмайтынын көріп жүрміз. Сондықтан алкогольді тұтыну мәдениетін арттыра беру жағына көңіл бөлу керек». Ал депутат Алдан Смайылов алкоголь өнімдерін сататын дүкендердің балалар мен жасөспірімдер орталығынан кем дегенде 100 метр жерде болуы туралы талаптың жобадан түсіп қалғанына қынжылыс білдірді. Ол сонымен қатар Норвегияның тәжірибесін алға тартып, мереке және демалыс күндері арақ-шараптың мүлде сатылмауына көңіл аудару қажеттігіне назар аударды. Заң жобасы қысқа талқылаудан кейін толық мақұлданып, екінші оқылымға дайындалуға жөнелтілді. Жақсыбай Самрат.   Дереккөз: egemen.kz. Фото: www.inform.kz.