Руханият • 13 Маусым, 2022

Мақтан мен мансап

1163 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тектінің тұяғы, өнегелі әулеттен тара­ған жұрнақ Ахат Шәкәрімұлы 1992 жылы «Жұлдыз» журналының 11 – санына жа­рияланған «Менің әкем халық ұлы - Шәкә­рім» атты мақаласында: «Қазақта екі «м» бар, бірі – «мақтан», бірі – «мансап». Мақтанбайтын, мақтанға мастанбайтын адам аз. Мақтанда тазалық, әділдік болмай­ды. Мақтаншақ – байысам, басқадан ассам дегізіп, арсыздыққа шейін апарады. Ал «мансап» – бұл «мансапқорлық», әкім болсам, барлығына өзім қожа болсам, бар адамды бір шыбықпен айдасам де­ген ең айуандық пиғылға апаратын, дү­ние­ні бұзатын кеселдің бірі. Бұлар адам баласының басын да қоспайды, адал­дық­ты, адамгершілікті істетпейді» деп әке­сінің аузынан өз құлағымен естіген сөзді жазыпты.

Мақтан мен мансап

Жоғарыда Ахат Шәкәрімұлы айтқандай, маман социологтар – мақтансүйгіштік пен мансапқорлық – өзін байсалды тұлға ретінде толық сезіне алмайтын, жетілмей қалған иллюзиясын толтырудың басқа тәсілін таппаған пенделерге тән дүние десе, Шығыстың ойшыл-шайырлары аталмыш құбылыстарды «көңіл аурулары» немесе рухани дерт ретінде танып, тіпті оған «хуббуриясет» деген диаг­ноз қойған екен. – Бұндай дертке шалдыққан адам, – деп жазыпты ортағасырлық араб-парсы ғалымы Суфиян Саури. – Яғни мансапқорлық пен мақтанқұмарлық пенде бойындағы ең жаман мінездерден. Бұл екеуінің зияны екі аш қасқырдың бір қора малдың арасына кірген кездегі жасаған зия­нынан да көп, сонымен қатар мақтанға бой ұру адамды соқыр етеді және саңырау қылады. Өзінің кінәларын, кемшіліктерін көрмейтін болады. Дұрыс сөздерді, айтылған насихаттарды естімейтін болады, – депті. Расында солай.

Бірақ мақтау немесе мадақтау орнымен, мәдениетті, байыпты, шынайы айтылса нешік. Мақтауға жалған араласқан соң-ақ оның мағынасы жоғалады. Сөйтіп, адам жалған­дыққа бой алдырады да, жақсы мен жаманды ажыратып, бағалай алмайтын күйге тап болады.

Сөзімізді ары қарай сабақтайтын болсақ, дана Абай атамыз «...адам баласы мақтаннан аман болмағы – қиын іс» дей отырып, мақтан дейтін дүниені үлкендік және мақтаншақтық деп екіге бөледі де, үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ, бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың ісі, олар өзін жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Мақтаншақтық – бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, деп жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді, – дейді жарықтық дана қарт.

Сонымен бірге ғұлама атамыз мақтан сүйгіш пенделерді рухани, әлеуметтік тұрғыдан төмендегідей үш топқа жіктеген екен:

Біріншісі – жатқа мақтанарлық мақтан іздейтіндер. Ол – надан, надан да болса адам.

Екіншісі – өз елінің ішінде мақтанарлық мақтан іздейтіндер. Оның надандығы толық, адамдығы толық емес.

Үшіншісі – өзге кісі қостамайтын мақтан­ды іздейтіндер. Ол – наданның наданы, дейді.

Сондай-ақ аталмыш тақырыпқа қалам тартқан қазақтың танымал тұлғаларының бірі Тұрсынжан Шапай «Шын жүрек – бір жүрек» атты әдеби-зерттеу еңбегінде, мақтан және мадақтың бүгінгі қазақ қоға­мындағы әлеуметтік сипатын айта келіп: «Ауылдық деңгейдегі мақтанды алаштың деңгейіне көтеруге болмайды, сол сияқты, жалпыұлттық дүниені ауылдың тар қолты­ғына тықпалауға тағы болмайды. Осы екі мақтангөйліктің орнын ауыстыру арқылы ойды тұсауға, бойды шырмауға, көзді байлауға ұрынып жүрміз» деген өзекжарды аса құнды пкірін айтқаны екен.

Мақтан мен мансапқорлық етек жайған қоғам ешқашан рухани тұрғыдан жетілмейді. Рухани жетілмеген қоғам – қай тараптан болсын кемелденудің ізгі жолына түсе алмайды. Тіпті жеке адамның өзін рухани мүгедек, арылмас дертке шалдықтыратын да – осы екі қасиет.

Себебі мансапқорлық дертіне ұшыраған адам, бойындағы нәпсісін тойдыру, яғни санасындағы рухани жұтаң эрозиясын жабу үшін мақтанқұмарлыққа бой алдырады. Ең жаманы – осы жолды өмір сүрудің озық үлгісі, керемет әдебі деп ойлайды. Мұндай күйге бой алдырған пенде ақ пен қараны, ізгілік пен пенделікті ажыртату қабілетінен айырылып, маңына тек өзін мақтайтын, мадақтайтын жағымпаз-жақыбайларды жинайды. Бұндай ортада қулық пен сұмдық, жалғандық пен жасандылық күнделікті өмір сүру салтына айналады да, ең қиыны – мақтан естімесе тұра алмайтын мансапқорлық дерт – дүниедегі ең жексұрын қасиет тәкаппарлықты тудырады.