Аймақтар • 13 Маусым, 2022

Жекеменшік мектептердің саны арта түседі

582 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркістан облысы демографиялық өсім бо­йынша елімізде көш басында. Яғни жаңа мектептерге қажеттілік мәселесі жыл сайын туындауы заңдылық. Бұл орайда былтыр бюджет есебінен 78 мектептің құрылысы жүргізіліп, 44-і пайдалануға берілген болатын. Жеке инвестиция есебінен 37 мектеп салынды. Бұл бағытта жұмыс биыл күшеймек.

Жекеменшік мектептердің саны арта түседі

Еліміз бойынша 2021-2025 жылдар аралығында салынып жатқан мектептердің төрттен бір бөлігі – Түркістан облысына тиесілі. Төрт жылда өңірде 199 мектеп бой көтереді. Биыл 59 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 20 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Ал облыс орталығы Түркістан қаласында 2025 жылға дейін 10-нан астам мектеп салынады деп жоспарлануда. Өткен жылы 900 орындық мектеп, 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебі 120 орындық жатақханасымен салынды. Бұдан бөлек, 6 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Биыл Түркістан қаласындағы «Turkistan» АЭА» әкімшілік-іскерлік аумағында «Нұрорда» халықаралық мектебінің» құрылысы басталады. Төрт тілде білім беретін халықаралық мектепте барлық жағдай жасал­мақ. Білім беру кешенінде футбол алаңы, жатақхана және бассейн салынады. Жоспар бойынша мектеп 2024 жылғы жаңа оқу жылында ашылады деп күтілуде. Жалпы білім беру мекемелерінің жетіспеушілігін жою мақсатында жекеменшік мектептерге жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі де қолға алынып отыр. Яғни кәсіпкер мектеп салып, онда білім алатын әрбір оқушы үшін мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз қаржыға ие бола алады. Мысалы, Сайрам ауданы, Манкент ауылында жеке кәсіпкер 4 бірдей мектеп салуда. Инвестор соңғы он жылда салған 8 балабақша мен 4 жекеменшік мектепте 13 мыңнан астам бала тәлім-тәрбие алуда. Жеке кәсіпкер Низамхан Сулайманов салып жатқан 1 200 балаға арналған әр мектептің құны 1,5 млрд теңгеден аспайды. Қаңтар айында құрылысы басталған заманауи үлгідегі білім ұялары жоспар бойынша биылғы оқу жылы пайдалануға берілмек.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев инвесторға Түркістан қаласынан мектеп салу туралы ұсыныс жасаған. Кәсіпкер алдағы уақытта тағы 4 мектеп салуды көздеп отыр. Инвестордың иелігіндегі 1 200 орындық балабақша өңірдегі ең үлкен балабақша болып есептеледі. Сондай-ақ Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында 2 200 орындық орта мектеп жұмыс істейді. Білім ошағы елордадағы Назарбаев университетінің жобасымен салынған. Мектептің үлкен мәжіліс залдары, кітапхана, спорт залы мен 450 орындық асханасы бар. Өскелең ұрпақты еңбекке баулуға бағытталған пәндер өтілетін сыныптардың жасақталуы да өзгеше. Барлық мектепте балалар мемлекеттік бағдарлама аясында ақысыз білім алады. Оқушыларды тегін тасымалдап, ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Қосымша үйірмелер тегін. Үздіктерге арнайы стипендия тағайындалған. Міне, осы бағыттағы, яғни жекеменшік мектептердің саны өңірде арта түспек. Бұл мақсатта инвесторларды тарту жұмысы күшейтілмек. Сондай-ақ шалғайдағы елді мекендерде тұратын оқушыларды арнайы автобус­тар тасымалдайтын болады. Ол үшін жаңа автобустар сатып алынады. Мысалы, биылғы жаңа оқу жылына облыстық бюджеттен Ордабасы ауданына 15 жаңа автобус берілетін болады. Ал Шұбарсу ауылында биыл 3 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Жуырда апталық аппарат отырысында облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне білім ұяларының мәселелерін назарда ұстауды, адами әлеуетті дамыту басқармасымен бірлесе өзекті мәселелерді шешуді тапсырды.

Оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі де назардан тыс қалған емес. Мысалы, биыл мектеп оқушыларын профилактикалық тексеруден өткізуге және сауықтыру іс-шараларын атқаруға 26,1 млрд теңгеге медициналық ұйымдармен шарт жасалды. Жыл басынан бері мектеп медицинасына шамамен 6,4 млрд теңгеге қызмет көрсетілді.

«Мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі меке­мелердің медициналық қамтамасыз етілуін ұйым­дастыру туралы ойлайтындар аз. Мектеп медицинасы білім беру ұйымдарында, яғни тікелей мектептерде, балабақшаларда, шағын орталықтарда немесе басқа да білім беру ұйымдарындағы балаларға медициналық қызмет көрсетуді көздейді. Бұрын мектеп медицинасы учаскелік қызметке бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылған. МӘМС жүйесі енгізілген соң, мектеп медицинасына ерекше көңіл бөліне бастады. Бұл мектеп жасындағы балаларға арналған алдын алу шараларының кең ауқымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев.

Мектеп медицинасының тарифіне вакциналау, жыл сайынғы профилактикалық тексеру, тіс дәрігерінің тікелей оқу орнында өткізілетін тексеруі кіреді. Оқу орнындағы дәрігерлер балалардың саламатты өмір салтын ұстануы бойынша іс-шаралар өткізеді. Шұғыл жағдайларда медициналық пунктте жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін балаларға алғашқы көмек көрсетіледі. Сондай-ақ балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы 943 мектептің 563 камерасы жедел басқару орталықтарына қосылды. Бұл жалпы мектептердің – 60%-ы. Техникалық мүмкіндігі бар 750-ге жуық мектепті жедел басқару орталықтарына шығару жоспарланып отыр.

 

Түркістан облысы