Экономика • 13 Маусым, 2022

Қымбатшылыққа қалай тұсау боламыз?

1043 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір басты тақырып – қымбатшылық. Елімізде инфляция мамыр айында 14 пайызға көтеріліп, 2016 жылдан бергі рекордтық мәніне қайта оралды. Қазіргі геосаяси қысым бүкіл әлемде баға коллапсын тудырып отыр. Тауарлар мен қызметтер елімізде ғана емес, әлемнің басқа құрлықтарында да қымбаттап жатыр. Мұны соңғы көрсеткіштер дәлелдейді. Бұл өз кезегінде Ресеймен тауар айналымын белсенді жүзеге асыратын Қазақстанға ерекше әсерін тигізді.

Қымбатшылыққа қалай тұсау боламыз?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Баға бізде ғана қымбат емес...

Экономикалық ынтымақ­тас­тық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде жылдық инфляция 2021 жылдың сәуірінен бері 3,3 пайызға жеделдеп, 2022 жылдың сәуірінде 9,2 пайызға жеткен. Қазір 12 елде инфляция көрсеткіштері нашарлады. Түркиядағы ахуал тіпті қиын – 70 пайызға жетті. Бір жыл бұ­рын ғана 17,1 пайыз межесінде бол­ған. Сондай-ақ тауар мен қызмет баға­сының өсімі Аргентина (+58 пайыз), Эстония (+18,9), Литва (+16,8), Ресей (+16,7) және Чехияда (+14,2) қатты байқалады. Сондай-ақ ЭЫДҰ елдерінде азық-түлік инфляциясы соңғы бір жылда 1,68-ден 11,51 пайызға дейін, Еуроодақ елдерінде 0,1-ден 8,6 пайызға дейін өскен.

Қазақстанда азық-түлік инфляция­сы бір жыл ішінде 19 пайызға бір-ақ көтерілді. Азық-түлік емес тауарлар – 11,9, ақылы қызметтер 9,1 пайызға қымбаттады. Жыл ба­сында Ұлттық экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыров Мем­лекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында үкіметтің бірқатар шаралар қабылдағанын мәлімдеген еді. Ол шаралардың қатарында коммуналдық қыз­ме­т­тер тарифін тоқтату, ел аума­ғы­нан кейбір тауарларды алып шығуға тыйым салу, жанар-жағармай материалдарына шекті баға бел­гілеу және бензин, дизель оты­ны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін шығаруға 6 айға шектеу белгілеу сияқты бастамалар бар.

«Алайда кез келген шаралар геосаяси шокқа дейін тиімді болуы мүмкін еді, бірақ соғыс­тың басталуымен қандай мықты шараның да кризис толқынын еңсере алуы қиындық тудырады. Қазіргі жағдайда инфляция­ны тежеу үшін үкімет барлық фактор­ларды ескеруі керек. Тіпті кей­бір жағдай инфляциялық күту­лерді күшейтіп жіберуі мүм­кін. Мысалы, биыл мамырда жеңілдетілген автонесиелеу бағ­дарламасы басталды. Бұл автомо­биль және тауар бағасының өсіміне ықпал етеді. Сонымен бірге тамақ өнімдерінің бағасы күрт өскеннен кейін биыл наурызда барлық жергілікті әкімдік мониторингті қатайтып, тауар бағасының сақталуын бақылап, алыпсатарлықтың жолын кесуге тиіс еді. Алайда бүкіл өңірде инфляция тек қана өсіп жатыр. Мамыр қорытындысы бойынша инфляцияның айтарлықтай өсімі Маңғыстау (13,9-дан 15,2 пайызға), Қарағанды (13,5-тен 14,8-ге) және Батыс Қазақстан облысында (12,2-ден 13,5-ке) көрініс береді. Инфляцияның ең жоғарғы деңгейі Түркістан (15,4), Маңғыстау (15,2) және Қара­ғанды облыстарында (14,8) байқалды», деп жазады Ranking сарапшылары.

Инфляцияның жолын кесу­­дің бір жолы – әкімдік тарапы­нан жүргізілуге тиіс бақылау жұмыс­тары болса, екіншісі – Ұлттық банк қолындағы құрал арқылы тө­мендету. Ақпанда Ұлттық банк­тің ақша-несие саясаты жөнін­дегі комитеті базалық ставканы 10,25-ден 13,5-ке, сәуірде 14 па­йыз­­ға көтерді. Маусымда осы 14 па­йыз­дық деңгейін сақтап қалды. Базалық ставканы көтеру инфляцияны қалай тежейді? Базалық мөлшерлеме дегеніміз – Ұлттық банктің екінші деңгейлі банк­терге несие беру кезінде пайдаланатын пайыздық став­касы. Яғни бү­кіл екінші деңгейлі банк өз несиесін осы 14 пайыздық ме­жеден жоғары ұсына­ды. Демек базалық мөл­шерлеме өскен сайын несие де қымбаттайды. Осыған байланысты несие алатын, несиеге тауар немесе өнім алатын азаматтар саны азаяды. Көпшілік тарапынан сұраныс азайған соң баға да түседі. База­лық ставканы жоғарылату осы ло­гикаға негіз­делген. Алай­да бұл инс­тру­менттің де қымбат­шы­­лық­қа қалқан болып жатқаны ша­малы. Ұлттық банк жыл қоры­тын­дысы бо­йынша инфляция 13-15 пайыз деңгейінде болады деп күтеді.

Әрі қарай не болады?

Сөйтіп, біріне бірі жау екі құ­ралдың ставкалары теңесті. Осы­дан екі-үш ай бұрын ғана 9-9,5 па­йыз болып тұрған базалық ставка өрек­піген қымбатшылықтың ен­ті­гін басу үшін 14-ке дейін көтеріл­ді. Базалық мөлшерлеме жоға­ры­лады екен деп ыққан инфля­ция жоқ. Ол да шықты бұл биікке.

Қаржыгерлер қауымдастығы сарап­шыларының айтуынша, жылдық инфляция мен базалық ставканың бір деңгейде тоқай­ласуы елдегі ақша-несие сая­сатын әлсіретуге жол бер­мейді. Қауым­дастық осыған орай қар­жы нары­ғы­­ның белсенді қа­тысу­­­шы­лары ара­сын­да сауалдама жүр­гізіп, соның қоры­тындысын жария етті. Сұрау­ға банк, брокерлік ұйым­дар, қазынашылық және аналити­калық бөлімдер қызметкерлері қатысқан. Олар Brent маркалы мұнай құны, рубльге қатысты доллар құны, теңгеге қатысты доллар құны, инфляция, ІЖӨ, базалық ставка секілді индикаторларға байланыс­ты өз жауаптарын ұсынған.

Сауалдамаға қатысушылардың көбі (64 пайызы) базалық ставка 14 пайыз деңгейінде қалады деп күт­кен. Солай болды да (ҰБ ке­зек­ті ставкасын 6 маусым­да жа­рия­­­­лап, өзгеріссіз қалдырды). Экс­­­перт­­тер алдағы 12 айда база­лық мөл­шерлеме 11,25 пайызға де­йін, инфляция 10,3 пайызға де­йін төмендейді деп күтеді. Ал тең­генің айтарлықтай құбылуына қара­мастан сарапшылар қысқа мерзімді перспективада қазіргі деңгейінен алыстай қоймайды, бірақ алдағы бір жыл көлемінде біршама (+9,7 пайыз) әлсіреуі ықтимал.

Ал ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) дина­микасын бағалау тауар на­ры­ғындағы қолайлы баға­лар, бір жағынан фискалдық ынталандырулардың артуы аясында іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Со­нымен қатар біздің мұнайды Кас­пий құбыр консорциумы арқы­лы тасымалдаудағы ықтимал қиындықтар және тасымалдау шығындарына бай­ланысты Brent нарығының баға­сы­на жеңілдік те әсерін тигізді. Сарапшылардың күтуін­ше, енді 12 айдан соң экономика өсімі 2,9 пайызды құрауы мүмкін.

Инфляцияның қарқыны қатты. Сондықтан жақын арада базалық ставканың төмендеуіне де негіз жоқ деп есептейді экономикалық сарапшылар.

«Біріншіден, соңғы айларда тұтыну­шылық бағалар қазақ­стандықтарды кәдімгідей алаңдата бастады. Екіншіден, мамырда еліміздегі іскерлік белсенділік индексі сәуірмен салыстырғанда ай­тарлықтай төмендеді. Үшін­шіден, тұтынушылық инфляция ди­намикасы бойынша соңғы дерек­тер баға өсімінің шамалы баяу­лағанын көрсетеді. Алайда баға қысымы әлі жоғалған жоқ. Төр­тін­шіден, Украинадағы әске­ри шиеленістің жалғасуы және Қазақстан экономикасы үшін сыртқы макроэкономикалық қиын­­дықтың сақталуы Ұлттық банк­тің ақша-несие саясатына да әсерін тигізеді. Өйт­кені біз­дің ел жаһандық капитал үшін ашық, ал кез келген сыртқы және ішкі факторлар теңгенің айырбас курсы­на ықпал етеді. Осының бәрін ескере кел­ген­де Ұлттық банктің базалық ставканы төмендету туралы ойлануына әлі ерте деп санаймыз. Алдымен қазіргі баға өсімінің баяулауы қаншалықты орнықты екенін түсіну қажет. Украинадағы соғыс салдары­нан туындап отырған белгісіздік те тең­гелей активтер тартымдылығына қо­сым­ша қолдау көрсетуді талап етеді», дейді теле­грамдағы Tengenomika сарапшылары.

Ұлттық банктің хабарлауынша, мамыр айында халықтың инфля­циялық күтулері төмендеген.

«Кәсіпорындардың инфляция­лық күтуі жоғары деңгейде сақта­лып отыр. Бұл ретте дайын өнім баға­сының өсу қарқыны баяулайды деген болжам бар. Халық арасында жүргізілген сауалдама қорытындысының дәстүрлі шолуы, сондай-ақ қабылданатын және күтілетін инфляцияның ме­дианалық бағалауымен, халық­тың тұтынушылық көңіл күй ин­дексі­мен, сонымен қатар нақты сектор кәсіпорындарының инфляция­­лық күтулерімен толықтырыл­­ды. Соң­ғы аталғанның арасын­­дағы сауалдаманы Ұлттық банк тоқ­сан сайын кәсіпорындар монито­рингі аясында жүзеге асырады», делін­ген хабарламада.