– Құрметті Нұрлан Мәжитұлы, биылғы 5 маусымда тәуелсіз Қазақстан тарихында Конституцияға қатысты екінші рет өткізілген жалпыұлттық референдум қорытындыларына көңіліңіз тола ма? Оған дауыс беруге құқығы бар қазақстандықтардың 68,05 пайызы қатысқаны, сондай-ақ Ата Заңға енгізілетін түзетулерді референдумға қатысқан азаматтардың 77,18 пайызы қолдағаны мәлім. Шынымды айтсам, алғашқы референдум мен одан кейінгі Президент пен Парламент сайлауларының қорытындылары бойынша бұлардан әлдеқайда жоғары көрсеткіштерге көзім үйреніп қалғандықтан болар, бұл жолғы нәтижелер аздау сияқты болып көрінді...
– Мұның себебі – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың референдумды барынша ашық және әділ өткізуді, ешқандай көзбояушылыққа жол бермеуді тапсырғанында. Ал демократиясы дамыған елдер үшін біз өткізген референдумның көрсеткіштері айтарлықтай жетістік болып саналады. Себебі референдумға қатысқан азаматтардың басым көпшілігі Конституцияға енгізілетін түзетулерді жақтап дауыс берді. Осылайша, халқымыз Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құруға бағытталған саяси реформалар бағытына үлкен қолдау білдірді.
Осы ретте референдумға дайындық пен оны өткізу барысын 272 халықаралық байқаушы, соның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ/ ДИАҚБ) референдумды бағалау жөніндегі миссиясы бір ай уақыт бойы қадағалап, бәрі де оң пікірлерін білдіргенін айта кеткен жөн.
– Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіден жекелеген референдум учаскелерінде сайлау заңнамасын бұзушылық көріністерін және өрескел түрде наразылық білдіргендер болғанын байқадық. Осындай келеңсіздіктер жайлы не айтасыз?
– Біріншіден, мен Бас прокуратураға референдумда дауыс беру кезінде жол берілген-мыс сайлау заңнамасын бұзушылықтар жайлы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде жарияланған барлық дерек бойынша тексеріс жүргізіп, оларға құқықтық баға беру қажеттігі туралы хат жолдадым. Ал Алматы қаласындағы №2 референдум учаскесі комиссиясының мүшелері заңнаманы бұза отырып, өз туыстары үшін дауыс бергені расталғандықтан, Орталық референдум комиссиясы осы учаскедегі референдум өткізуді жарамсыз деп таныды.
Екіншіден, біз алдағы уақытта елімізде сайлау мәдениетін қалыптастыруға күш салуымыз керек. Мәселен, референдум учаскесінде ата-аналарына ере келген балалардың көзінше дауыс беру бюллетенін жыртып, айғай-шу шығарған адамдар жас ұрпаққа қандай өнеге көрсетті? Олардың басқа дауыс берушілердің мазасын алуға қандай құқығы бар? Наразылық акциясын заңнамаға сәйкес басқа орында неге өткізбеске?
Сондай-ақ ұялы телефон нөміріне күні бұрын жіберілген ақпарат арқылы өзі тіркелген мекенжай бойынша қай референдум учаскесінде дауыс беретінін оп-оңай анықтап алмай, тіркелмей тұрып жатқан үйінің маңындағы референдум учаскесіне келіп, өзін дауыс берушілер тізімінен таба алмай, орынсыз жанжал шығарғандар да аз емес. Бұл да біздің сайлау мәдениетіміздің төмен екенін көрсетеді.
Алдағы уақытта осындай тіркеуге байланысты кикілжіңдерді болдырмауға Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жасалатын сайлаушылардың электронды тізімінің көмегі тиер деген ойдамыз.
– Сіз осыған дейін Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары қызметін атқардыңыз. Сол лауазымыңыз қазіргі қызметіңізден төмен емес еді. Оның үстіне заман өзгеріп, еліміздің сайлау жүйесін дамыту қажеттігі туындап тұр. Өйткені халқымыз, данышпан Аристотель айтып кеткендей, «лауазымды тұлғалардың есебін тыңдау және оларды сайлау – аса маңызды іс» екеніне көз жеткізіп, билікке өз талаптарын қойып отыр. Бұл ретте әсіресе Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) жүктелетін жауапкершілік нардың жүгіндей ауыр емес пе?..
– Мен бұл қызметтің қаншалықты жауапты екенін түсінемін. Өйткені Парламент Мәжілісінің үш шақырылымдағы депутаты және кейін сенатор ретінде еліміздің сайлау заңнамасын біліп қана қоймай, оны жетілдіруге де хал-қадерімше атсалыстым. Оппозиция өкілдері мен халықаралық ұйымдардың Қазақстанның сайлау жүйесіне және сайлау процесіне айтып жүрген сын-ескертпелеріне де құлақ түріп, талдау жасап, өз көзқарасымды қалыптастырдым. Сондықтан Мемлекет басшысы маған осы лауазымды ұсынғанда бірден келісім бердім. Себебі ел тәуелсіздігінің отыз жылында қол жеткен жетістіктермен қатар, жол берілген елеулі кемшіліктерден қорытынды шығарып, Жаңа Қазақстан – Екінші Республика құруды, яғни елімізде әділетті қоғам орнатуды басты мақсат еткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көрсеткен зор сенімі өзім үшін үлкен мерей деп білдім. Ал Президентіміз бастамашылық жасаған түбегейлі саяси реформаларды жүзеге асыруға аянбай атсалысу – азаматтық парызым.
– Мемлекет басшысы биылғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында ОСК Төрағасы мен мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы заңнамаға енгізуді ұсынды. Ал кейбір саясаткерлер, керісінше, ОСК-ға әртүрлі саяси партиялардың өкілдерін енгізу керек деген ұсыныс айтып жүр. Сіздің осы туралы пікіріңіз қандай?
– Әр нәрсенің өз қисыны болады. Мәселен, мен Мәжіліс депутаты болған кезімде Nur Otan (қазіргі Amanat) партиясының жанындағы Құқықтық кеңесті құрып, оның төрағасы міндетін он жыл бойы қоғамдық негізде қоса атқардым. Оның құрамында мықты заңгерлер, қоғам қайраткерлері, басқа саяси партиялардың мүшелері болғандықтан, күн тәртібіне енгізілген маңызды мәселелер жан-жақты талқыланып, Парламент пен Үкіметке сындарлы ұсынымдар жасалатын. Кеңес жұмысы сонысымен қызықты да тиімді еді. Бірақ мен 2020 жылы Сенат Төрағасының орынбасары болып тағайындалғаннан кейін бірден сол партиялық қызметімді доғарған жөн деп шештім. Өйткені Құқықтық кеңесті Nur Otan-ның Мәжілістегі фракциясының мүшесі басқарғаны дұрыс еді. Сол сияқты мен ОСК Төрағасы болып тағайындалған күннің ертеңінде-ақ Nur Otan партиясынан шығу туралы өтініш жаздым. Бұл шешімімді Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы қабылданардан екі айдай бұрын қабылдадым. Өйткені ОСК Төрағасы мен мүшелері ешқандай саяси партияның ықпалында болмауы, тек сайлау заңнамасын басшылыққа алып жұмыс істеуі қажет деп санаймын.
Сіз айтқандай, биылғы ақпан-сәуір айларында біздің, ОСК мүшелерінің, ел өңірлерінде болған жұртшылықпен кездесулерімізде де «ОСК-ны саяси партиялар құруы керек» деген ұсыныс білдірілді. Бірақ ол дұрыс па? Менің ойымша, мұндай жағдайда ОСК мүшелерінің әрқайсысы өз партиясының мүддесін көздеп кететіндіктен, сайлау кезінде заңдылық пен әділдікті сақтау қиынға соғатын болады. Сондықтан Президент Жолдауында атап көрсетілгеніндей, ОСК Төрағасы мен мүшелері міндетті түрде партиядан шығуға тиіс.
– Биыл ОСК Төрағасы мен мүшелері өңірлерде жұртшылықпен кездескенін айтып өттіңіз. Шынымды айтсам, ОСК тарапынан мұндай іс-шара ұйымдастырылғанын өз басым тәуелсіздік жылдарында бірінші рет естіп, қайран қалғанмын. Сіздердің жұмыстарыңыз төмен тұрған сайлау комиссияларына нұсқау берумен шектелмеуші ме еді?..
– Жалғыз сіз емес, жаңа қызметіме кірісе салып, осындай ұсыныс жасағанымда ОСК мүшелері де, аппарат қызметкерлері де, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары да таңғалысты. Өйткені расында да, бұған дейін ОСК тарапынан өңірлерде мұндай кездесулер өткізілмеген екен. Алайда мен бұрынғы әдіспен, ескіше жұмыс істеуге болмайтынын түсіндім. Өңірлерден келген қағаздарда бәрі тамаша болып тұрғанымен, іс жүзінде олай бола бермейтінін білуші едім.
Мәселен, былтыр Мемлекет басшысының саяси реформаларына сәйкес алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерінің сайлауын алайық. Сол науқан басталғаннан кейін көп ұзамай, Сенатта қызмет істеп жүрген кезімде осы жаңашылдықтың шынайы нәтижелерін нақты білу үшін өз бастамам болған соң жеке көлігіммен Қарағанды облысының Ұлытау және Жаңаарқа аудандарына барып, жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен кездесулер өткіздім. Олардың алдағы уақытта нендей шаруалармен айналысатынын сұрадым. Көбі өз округтеріне қарайтын елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру сияқты мәселелерді көтеретіндерін айтты. Кезек жасы қырықтан асқан жігітке келгенде ол: «Біздің ауылдың атын өзгертіп, бір атамыздың есімін бергізуді қолға аламын», деді. «Одан басқа қандай іспен айналыспақсыз?», деген сауалыма жауап бере алмай, үнсіз қалды. Бір ауылдың тағдыры сеніп тапсырылған әкімнің деңгейі осындай болып шықты.
Мұндай кездейсоқ адамдардың ауыл әкімі болып сайланып кетуінің себебін сұрастырғанымда аумақтық сайлау комиссияларының басшылары кей жерлерде әлі күнге трайбализм, яғни руға, атаға бөлінушілік барын айтты. Соның кесірінен кейде қолдарынан іс келетін азаматтардың жолы болмай, руластары мен аталастарының саны көп шалағай біреулер жеңіске жетіп жатады екен. Міне, осындай кемшіліктерді дер кезінде анықтап, одан сабақ алу, қолданыстағы заңнамаға ауыл әкімдерін сайлауға қатысты түзетулер енгізу ісінен ОСК неге шет қалуға тиіс?!
Біздің өңірлерге шығып, жұртшылықпен кездесулер өткізуіміздің мақсаты да сол – елдің сайлау жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістердің шынайы нәтижелерін білу, сайлау процестерінің кемшін тұстарын анықтап, оларды уақтылы түзету үшін тиісті шаралар қолдану.
– Өзіңіз жоғарыда келтірген мысалдағыдай олқылықтарды қалай болдырмау керек?
– Әділін айту керек, ел ішінде оң мысалдар да аз емес. Айталық, Атырау облысына сапарымызды әйгілі Сарайшықтан бастап, сол ауылдағы сайлау учаскесінде жергілікті тұрғындармен кездесіп, өткен жылы ауыл әкімін сайлау қалай өткізілгенін сұрап білдік. Ауыл белсенділері бұрынғы әкімнің жұмысына көңілдері онша толмағандықтан, оның орнына сайлайтын адамды өздері іздепті. Ауылда сенім артатындай тұлға көрмеген соң олар аудан әкіміне шығып, лайықты кадр тауып беруді өтінген екен. Ол ауданның Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы болып істейтін Жексенбай Пазуловтың кандидатурасын ұсыныпты. Ал Сарайшықтың жігіттері ауыл белсенділерінің басқа елді мекенде туып-өскен азаматты басшылық қызметке шақырғанына намыстанып, өз араларынан үш үміткер шығарыпты. Баламалы сайлау қорытындысында ауылдың дауыс беру құқығы бар тұрғындарының 74 пайызының дауысын алған Жексенбай жеңіске жетіпті. Оның содан бергі уақытта атқарған жұмыстарына сарайшықтықтар өте разы.
Жексенбайдан ауыл әкімінің сайлауын қалай өткізу жөніндегі пікірін сұрағанымызда ол: «Ауыл әкімдігіне үміткерлердің бәрін қатыстырып, ашық дебат өткізу керек. Оған сайлаушылардың бәрін шақырған жөн. Сонда олар кімнің кім екенін өздері-ақ түсініп, дұрыс шешім қабылдайды», деді. Пайымдап қарасақ, бұл – дұрыс ұсыныс. Халқымыз «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деп бекер айтпаған ғой. Трайбализмді тоқтатудың бірден-бір жолы да осы сияқты. Сондай-ақ дебат өткізуге бюджеттен қаржы шығындаудың да қажеті жоқ. Сайлаушыларға дауыс бергізіп, хаттама толтыру да керек емес. Бұл қолданыстағы заңнамаға да қайшы келмейді.
Осындай жағдай Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Құтарыс ауылында да болған екен. Мұндағы ауыл белсенділері, ақсақалдар ақылдаса келіп, ауыл әкімінің сайлауына түсуге ауданның Жолаушылар тасымалы және көлік бөлімін басқарып жүрген Мырзахан Керімбековті шақырыпты. Бұған намыстанған ауыл жігіттері өз араларынан 4 үміткер ұсынған. Ақыры баламалы сайлауда Мырзахан сайлаушылардың 76,1 пайызының дауысына ие болып, жеңіске жетіпті. Оның да содан бері атқарған жұмысына ауыл халқы дән риза екендерін білдірді.
Жоғарыда келтірген екі мысалдан түйетін ой: ауыл тұрғындары ауылдық округ әкімін сайларда әуелі жергілікті азаматтардың іскерлік және адамгершілік қасиеттерін талқылап, олардың деңгейлеріне көңілдері толмаса, үміткерді басқа жақтан іздейтін үрдіс қалыптаса бастаған. Бұл ата мен рудың мүддесін емес, тұтас ауылдың мүддесін көздеген үрдіс екені даусыз. Өзгелерге үлгі тұтарлық үрдіс.
Жалпы, ауылды елді мекендер тұрғындарының ауыл әкімдерін сайлауға көзқарастары жақсы екені аңғарылды. Мысалы, биылғы 18 сәуірде Павлодар облысының Жаңатілек ауылында әкім сайлауы қалай өтіп жатқанымен таныстық. Бастапқыда Мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп жатқан сайлаушылар саны аз екенін көріп, оның себебін сұрасақ, ауыл тұрғындары бір қайтыс болған адамды ақтық сапарға шығарып салуға кеткен болып шықты. Біраз уақыттан соң олар сайлау учаскесіне лек-легімен келіп дауыс берді. Жаңатілектіктермен сөйлесіп, сайлау туралы пікірлерін сұрағанымызда: «Біз өз ауылымыздың басшысы кім болатынына немқұрайды қарай алмаймыз», десті олар.
Қостанай облысының Садчиков ауылының әкімі болып 10 жылдай абыроймен қызмет істеген азамат былтыр өз лауазымына қайтадан сайланыпты. Одан: «Әкім сайлауы сізге не берді?», деп сұраған едім. Ол: «Шынымды айтсам, өзімді сайлаған ауылдастарымның алдындағы жауапкершілігімді бұрынғыдан да терең сезіндім», дегенінде, өзін бағалай білген жерлестеріне ризашылығынан болар, көзінен жас шығып кетті.
Өңірлерге сапарға шығуымыздың бір мақсаты да осы – ауыл әкімдерін сайлаудың жай-жапсарына қанығу еді. Келесі жылы халық аудан әкімдерін қанатқақты режімде, ал 2024 жылы жаппай тікелей сайлайтын болғандықтан, ауыл әкімдерін сайлау кезінде жинақталған тәжірибені мұқият ескеру қажет. Өйткені бұл жаңашылдық миллиондаған адамның тағдырына әсерін тигізетін болады.
– «Ауыл әкімі болу үшін жоғары білімнің қажеті жоқ» деген пікір де айтылып жүр...
– Өңірлерде болғанымызда осы мәселеге жұртшылықтың, әсіресе жастардың көзқарасы қандай екеніне арнайы назар аудардық. Олардың 99 пайыздайы ауыл әкімінің міндетті түрде жоғары білімі болуы керек деп санайды. Себебі төртінші бюджет, яғни ауылдық әкімдіктердің бюджеті енгізілгеннен кейін ауыл әкімдерінің қолданыстағы заңнаманы білу қажеттілігі еселеп артты. Оның үстіне заңдардағы өзгерістерді де қалт жібермей, қадағалап отыру қажет. Жоғары білім сол үшін керек.
Осы орайда Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы университетте болған кездесуде менің қойған сұрағыма жауап берген бір жігіт: «Мен 31 жастамын. Жоғары білімім бар. Жастар орталығында қызмет істеймін. Мақсатым – өз ауылыма барып, ауылдық округ әкімі болу. Бірақ оған қазір дайын емес екенімді білемін. Үш жыл дайындалып, 34 жасымда сайлауға түсуді жоспарлап отырмын. Ал ауыл әкіміне жоғары білім ауадай қажет. Әйтпесе, қазір той басқарып жүрген асабалар да қызыл тілдеріне сүйеніп, әкім болып сайланып кетуі мүмкін», деді.
Шынында да, қазір ауыл әкімдеріне жоғары білімнің өзі де аздық етеді. Осы ретте жұртшылық өкілдері сайлауға қатысатын үміткерлердің бәрін арнайы курстарда оқыту керек деген пікір білдірді. Ал менің ойымша, ауыл әкімдерінің сайлауын іс басындағы әкімнің өкілеттілік мерзімі аяқталардан кемінде екі-үш ай бұрын өткізген жөн. Содан кейін сайланған әкімдерді Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының жанындағы арнайы дайындық курсынан өткізу қажет. Әрине, бұл үшін де қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістерді пысықтап енгізу талап етіледі.
– Өңірлерге іссапарларыңыз қалай өтті? Әкімдер мен жергілікті полиция астанадан келетін мәртебелі меймандарды қарсы алатын әдеттерімен тағы бір әбігерге түскен жоқ па?..
– Жоқ. Біз әкімдіктердің маңына да жоламадық. Полицияның қызметіне де жүгінбедік. ОСК мүшелері мен аумақтық сайлау комиссиясының басшылары – бәріміз бір шағын автобусқа отырып, бірге ел аралап жүрдік. Кездесулеріміз мәдениет мекемелерінің, университеттер мен колледждердің ғимараттарында өтті. Оларға өздерін билікке оппозициядамыз деп санайтын азаматтардың бәрін, барлық саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, мәслихаттардың депутаттарын, мүгедектігі бар адамдарды, журналистер мен блогерлерді шақырдық. Баяндама да оқымай, ашық диалог құрдық. Уақытты шектемей, қатысушылардың соңғы сұрағына дейін жауап берілген 2-3 сағаттық кездесулеріміздің барлығы ОСК телеграм-арнасында және ютубта тікелей эфирде көрсетілді.
Былтыр өткізілген халық санағы қазақстандықтардың орташа жасы 32-ге жуық екенін көрсетті. Бір байқағаным – жас буын сайлауға қатысуға аса ынта танытпай жүр. Осыған орай біз жастармен арнайы кездесулер өткізіп, оларды ашық әңгімеге тарттық. Қойған сұрақтарына жауап беріп, сайлау жүйесі жайлы ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдадық.
Өңірлерге сапарымды Қазақстанның бірінші астанасы болған Қызылорда қаласынан, қаймағы бұзылмаған қазақ жұрты – Сыр елінен бастадым. 3 мегаполис пен 14 облыста және Семей қаласында болдым. 10 мыңнан астам адам қатысқан 71 кездесу өткізіп, оларда айтылған сайлау жүйесіне қатысты 443 ұсыныс пен сұрақты жазып алдым. Оларды жан-жақты талдап, сайлау заңнамасын жетілдіру мақсатында пайдаланатын боламыз.
– ЕҚЫҰ Қазақстанның сайлау жүйесін көптен бері сынап-мінеп келе жатқаны белгілі. Сол сындардан қандай қорытынды шығармақ ойыңыз бар?
– Ең алдымен, біз ЕҚЫҰ-ға бұрынғыдай есігімізді тарс жауып қоймай, жүйелі консультация жасауға көштік. Жақында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ референдумды бағалау жөніндегі миссиясының басшысы Тамаш Месерич қатысқан кездесуде біз ЕҚЫҰ-ға құрметпен қарайтынымызды және оның ұсынымдарын міндетті түрде талқылайтынымызды, бірақ оларды халықпен ақылдаса отырып қабылдайтынымызды мәлімдедім. Өйткені ұлтымыздың болмысының, ділінің еуропалықтармен салыстырғанда елеулі ерекшеліктері бар екенін ескермесе болмайды. Осы орайда біз ел болашағы – жастар арасында арнайы сауалдама жүргізіп, олардың ЕҚЫҰ ұсынымдарына көзқарастарын білген едік.
Айталық, ЕҚЫҰ Қазақстан Президентінің мемлекеттік тілді білуі жөніндегі талаптың қажеті жоқ десе, біздің жастардың 89,9 пайызы Мемлекет басшысы қазақ тілін міндетті түрде білуі шарт деп санайды. ЕҚЫҰ соттылығы бар азаматтың сайланбалы қызметтерге ұсынылуына жол бермейтіндеріңіз дұрыс емес десе, біздің жастардың 54,4 пайызы ешқандай жағдайда соттылығы бар адамды сайланбалы қызметке ұсынбау қажет деп есептейді. ЕҚЫҰ партиялық тізім бойынша сайланған Мәжіліс пен Мәслихат депутаты осы қызметін атқару кезінде өзін ұсынған саяси партиядан шығып, басқа кез келген саяси партияға ауыса беруі керек десе, бұған біздің жастардың 45,5 пайызы қарсы болып, 18,2 пайызы ғана қолдау білдірді.
Түйіндей айтқанда, қолданыстағы сайлау заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, сайлау жүйесін жетілдіру – Жаңа Қазақстанның талабы. Мәселен, біз биылғы референдумды 1995 жылы қабылданған «Референдум туралы» заңды алғаш рет қолданып өткіздік. Оған және «Сайлау туралы» заңға қазіргі заман ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті түзетулер енгізу күн тәртібінде тұр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»