Қазақстан • 13 Маусым, 2022

Ұлттық құрылтайдың тұңғыш жиыны Ұлытауда өтеді

1094 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маусымның 16-сы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығында өтетін Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысына қатысады. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық құрылтайдың тұңғыш жиыны Ұлытауда өтеді

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ел өміріндегі маңызды мәселелерді талқылайтын алқалы жиын алғаш рет ұйымдастырылғалы отыр. Мемлекет басшысының 16 наурыздағы халыққа арнаған Жолдауынан кейін құрылған бұл консультативтік-кеңесші органның құрамына Парламент депутаттары, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының, азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өкілдері, кәсіп­керлер мен білікті сарапшылар, сон­дай-ақ қоғамдық кеңес мүше­лері кіреді. Ұлттық құрылтайдың алдына қойған ең маңызды міндеттерінің бірі – қо­ғамдық бірігуді одан әрі дамыту бойынша идеялар ұсынып, нақты қадамдар жасау.

Естеріңізде болса, Жолдауда Прези­дент Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтеріп, бұл жөнінде «Бабала­ры­мыз ел тағдырын айқындайтын тари­хи шешімдерді бүкіл халық болып ақыл­дасып, бірге қабылдаған. Ұлытауда, Орда­басы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқо­сулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиын­да айтылған кесімді сөзге алты Алаш­тың баласы түгел тоқтаған. Біз бірлік­тің бастауы болған осы дала демо­кра­тия­сының дәстүрін жаңғыртуымыз керек», деген еді.

Демократиялық жолмен дамуды таңдап, Әділетті, Жаңа Қазақстан құруға бет алған елде ұлттың бірлігін сақтау мә­селесі ең алдыңғы қатарға шығатыны сөзсіз. Ал бұл мақсатты жүзеге асырудың нақты жолдары мен механизмдері осы алқалы басқосуда айтылары хақ.

Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны ұлт ұясы – Ұлытауда өтетіні жайлы Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Консти­ту­цияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумнан кейін Қазақстан халқына үндеуінде айтты. «Қастерлі тә­уелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады», деді Мемлекет басшысы.

«Ұлытау – халқымыздың ел болып қалыптасуына, бірлік-тірлігіне діңгек болған, иісі қазақтың айналып соғар түп қазығындай қасиетті мекен. Ұлытау қазақ­тың ерте кездегі саяси орталығы ретінде маңызды болғандығына бір дәлел қазақ ұлысының негізін құрған басты-басты тайпалардың барлығының жері осы Ұлытаудан тараған». Бұл – әйгілі академик Әлкей Марғұланның киелі ме­кен туралы жазбасы. Қарт тарих қазақ елінің халық болып қалыптасуының түп-төркіні осы Ұлытаудан бастау алаты­нына куә. Ендеше, алғашқы Ұлттық құрыл­тайдың осынау қасиетті мекеннен бастау алғаны да тарихи заңдылық болар.

Ұлытауда өтетін Ұлттық құрылтай отырысына түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар қатысады деп жос­пар­ланып отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 17-сі күні Ресей Президенті Владимир Путин­­нің ша­қыруымен Петербор халық­аралық эко­номикалық форумының 25-мерейтойлық жиынына қатысады.

Мемлекет басшысы Форумның плен­ар­лық отырысына қатысып, бірқатар екіжақты кездесу өткізеді деп жос­пар­ланған. 15-18 маусымда өткізіледі деп бе­кітілген XXV Петербор халық­аралық экономикалық форумының іскер­лік бағдарламасы дәстүрлі түрде жаһан­дық және ресейлік экономика мәселе­леріне, әлеуметтік мәселелер мен техно­ло­гияларды дамытуға арналады.

Президенттің баспасөз қызметі жария­лаған Мемлекет басшысының осы апта­дағы жұмыс кестесіне сәйкес 19 маусымда Қазақстан Президенті Иран Ислам Респуб­ликасының Президенті Ибрахим Раи­сидің шақыруымен Иранға ресми сапар­мен барады. Тегеранда жоғары дең­гейде екіжақты кездесулер өткізу және бірқатар үкіметаралық құжатқа қол қою жоспарланып отыр.