Экология • 14 Маусым, 2022

Қарағаш та гүлдейді

898 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үржар өңірінің табиғаты әсем. Күнгейін Тарбағатай сілемдерімен жалғасқан Қарабас, Ақшәулі таулары алып жатса, етегінен Еміл жылжиды. Жылжып барып, тарамдала әйгілі Алакөлге құяды. Солтүстік Шығысына мойын бұрсаңыз, Бармақ барханы, сары дала. Сыңсыған қамыс қалыңы да осы өңірде. Байқайсыз ба, табиғатқа тән сұлулықтың бәрі-бәрі осында, Үржар өңірінде.

Қарағаш та гүлдейді

Енді мына қызықты қараңыз, биыл бірінші рет Үржар аудандық ауруха­насының ауласындағы кәдімгі қарағаш гүл атыпты. Қызғылт гүл. Қарағаштың қырықтан астам түрі болғанымен, дәл бұл түрі күздің күні жапырағы түседі. Алайда жаздың күні гүл атпайтын. Жуықта үр­жар­­лық әлеуметтік желі қолданушысы қарағашты бейне камераға түсіріп алып, елу жыл ғұмырында гүлдеген қарағашты көрмегенін айтқан. Шынында да, түйір тастай бермейтін ұсақ жапырақты қарағаштың гүлдеуі өте сирек құбылыс.

Негізі қарағаш жердің қоңыржай белдеулерінде кездеседі. Еліміздің далалы жерінде, сай-салаларда, өзен-көлдің жағалауларында өседі. Жалпы, 40 түрі болса, оның төртеуі қолдан өсіріледі. Бұлардың ең көп тарағаны – жылтыр қарағаш. Материалдық ағаш үшін қатты болғанымен, қасиеті зор сияқты. Әсіресе, шеберлердің қарағаштан жасаған домбырасына сұраныс көп. Бағасы да баршылық. Бұл ағаштың жапырақтары мен жас бұталарының қабығын емдік мақсатта да пайдаланады екен. Сонымен қатар көгалдандыру үшін, аңызақ желге тосқауыл болу үшін де егеді.

Тағы бірі қызығы, қарағаш гүлдесе, жапырағы шықпай тұрып гүлдер еді. Алайда аурухана ауласындағы қарағаш жапырағы шыққан соң гүл атқан.

Құт дарып, бақ таймаған өрісінен,

Кешегі бабалардың тері сіңген.

Үржарды шыр айналып кете алмайсың,

Татсаң сен жалғыз түйір жемісінен, деп жазған жергілікті ақын Жабайыл Бейсенов.

Бейнетаспаға тартып алған азамат та белгілі ақынның өлеңін оқып, Үржарда жеміс ағашы түгілі қарағаш гүлдейтінін айтып, Үржар жерін мақтан етеді. Рас, бұл өңірге шыбық шаншысаң тал, гүлін тартсаң бал шығады.

 

Абай облысы,

Үржар ауданы