Қазақстан • 14 Маусым, 2022

Сирия жөніндегі Астана процесіне барлық тараптар қатысады

1106 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сирия жөніндегі Астана процесінің барлық тараптары 2022 жылғы 15-16 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін келіссөздерге қатысатынын растады, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сирия жөніндегі Астана процесіне барлық тараптар қатысады

Келіссөздерге кепілгер-мемлекеттер – Ресей, Түркия және Иран, сондай-ақ Сирия үкіметі мен сириялық оппозиция делегациялары қатысады. Кездесуге бақылаушылар ретінде БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі Арнайы өкілі кеңсесінің саяси мәселелер жөніндегі бас қызметкері Роберт Данн, Иордания делегациясы, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының және Халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілдері қатысады.

Сонымен қатар Ресей делегациясы РФ Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясы СІМ Көпжақты департаментінің бас директоры Сельджук Унал, Иран делегациясы СІМ саяси мәселелер жөніндегі аға көмекшісі Али Асгар Хаджи де қатысады.

Келіссөздердің күн тәртібіне Сириядағы жағдай, оның ішінде гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық ахуал, Женевадағы сириялық конституциялық комитет жұмысының жандану перспективалары, тараптар арасындағы сенімді нығайту, кепілге алынғандарды босату және із-түссіз жоғалғандарды іздеу мәселелері енеді.

2022 жылғы 15 маусымда кепілгер-елдер сарапшылар деңгейінде екіжақты және үшжақты консультациялар өткізуге ниетті, 16 маусымда барлық тараптардың қатысуымен жалпы отырыс өтеді.