Медицина • 14 Маусым, 2022

Қазақстанда «Құрметті донор» атағын алған 100-ден аса адам бар

445 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы Батырхан Сарымсақов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда «Құрметті донор» атағын алған 100-ден аса адам бар

«Қазіргі кезде Қазақстанда қан құю саласында жұмыс істейтін 470-ке жуық медицина ұйымы бар. Жыл сайын бізде шамамен 80 мыңға жуық науқасқа қан құйылады. Оларға 400 мыңға жуық қан құю процедурасы жүргізіледі. Елімізде медицина ұйымдары 100 пайыз қан және оның компоненттерімен қамтамасыз етіледі. Көбіне қан компоненттері акушерлік тәжірибеде, онко-гематологияда, хирургияда және травматологияда пайдаланылады», деді Б. Сарымсақов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Ведомство басшысының сөзінше, елімізде 2 мыңнан аса азамат донор болып саналады. Сонымен қатар 100-ден аса адам «Құрметті донор» атанған. Қазақстанда бұл атақты алу үшін 40 рет қан тапсыру керек. 2005 жылғы мамырда өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясында әлемнің денсаулық сақтау министрлері өз еркімен қан тапсыруды қолдау туралы өтінішті қабылдады.

«Бұл сала мемлекеттің қолдауынсыз өзінің нәтижесін бермейді. 2008 жылдан бастап елімізде заманауи 10 қан орталығы құрылды. Бұл орталықтар соңғы буынды технологиямен қамтылды. ТМД елдері арасында Қазақстан бірінші болып қан донорларына қатысты екі кезеңді скринингті енгізді. Бұл өз кезегінде инфекциялық ауруларды анықтауға көмектеседі», деді басқарма басшысы.

Бүкіләлемдік қан тапсырушы күнін жыл сайын маусымның 14-інде өткізіп тұру туралы қарар қабылданды.