Ұлттық ойындар арқылы жастарды белсенділікке, тапқырлыққа, дәлдікке, көрегенділікке және күштілікке тәрбиелеуді, патриоттық сезім қалыптастырып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты дәріптеуді мақсат еткен сайыс Төлеби ауданында өтті.
Аудан әкімдігі ұйытқы болған, жергілікті мәслихат қолдаған, ішкі саясат бөлімі, «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері белсене қатысқан облыстық «Көшпенділер ойынына» жастардан 13 команда жасақталып, 200-ге жуық спортшы қатысты. Жамбы ату, теңге ілу, өгіз көтеру, аударыспақ, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және арқан тартудан сынға түскендер арасында жеңімпаздар командалық есеппен анықталды. Бірінші орынды Төлеби ауданының спортшылары жеңіп алып, 300 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығаларына байлады. Екінші орынға көтерілген Сарыағаш ауданының командасына 200 мың теңге бұйырды. Үздік үштікті Жетісай ауданының спортшылары түйіндеді. Олар 150 мың теңге иеленді. Сондай-ақ сайысқа қатысқан барлық командаға ынталандыру сыйлығы табыс етілді. Спорттың жекелеген түрлері бойынша жеңімпаз атанғандар да марапатталды. Аталмыш сайыс жыл сайын Төлеби ауданында тұрақты өтетін болады.
Түркістан облысы