Ғылым • 14 Маусым, 2022

Ғылымға көңіл бөлсеңіз...

1147 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қой­ды. Маңызды құжатта «Қазақ­стан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, тіл сая­саты, ғылым, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді цифр­лан­дыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министр­лігіне бөлу арқылы қайта ұйымдастырылсын» де­лінген. Ғылымның маңыз­дылығына коронавируспен күрес және кейінгі кездердегі техно­логиядағы жетістіктер көзі­мізді анық жеткізді. Сондық­тан да Президенттің бұл қа­­дамы қоғамның зор қолдау­ына ие болғаны сөзсіз.

Ғылымға көңіл бөлсеңіз...

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Ғылымды басқару емес, қолдау қажет

 Өз кезегінде елі­міз­дің бас басылымы Egemen Qazaqstan да отандық ғылым­ның тұрақты насихаттаушысы ретінде осы мәселені бұдан бұрын бірнеше мәрте көтеріп, оң шешілуіне мұрындық болды. Газетіміздің 2021 жылдың 29 қаңтардағы нөмі­рінде «Ғылымды білім саласынан бөлу керек пе?» деген тақырыпта жарияланған көлемді сараптамамызда Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қос саланың мәселелерін 11 тақырыпқа бө­ліп қарас­тырғанын; сол та­қы­рып­­тың тек үшеуі – ғылым­ға, қалғаны білімге арнал­ға­нын; ғылым саласын ғалым басқарғанның маңызды еке­нін; дүние жүзі елдерінің ин­но­ва­циялық әлеуетін анық­тай­тын Global Innovation Index рейтингінде Қазақстан 77-орында тұрғанын көрсете келіп, «елі­­міздегі ғылымға деген мем­ле­кеттік, идеологиялық көз­қа­расты қайта қарау керек шы­ғар» деп жазған едік. Міне, дәл біз күткен өзгерістің, анығы қай­та қараудың кіріспесі қайта құ­ру­дан басталған сыңайлы.

Осылайша, ғылым саласы жоғары біліммен бірге бө­лек министрлік болып құ­рыл­ды. Отандық ғылым үшін осы күндердегі жағымды жаңа­лық­тың бірі де, бірегейі де осы болар. Яғни аталған сала бала­бақ­ша мен мектептің шаш етектен шырмалған шаруасынан «ен­ші­сін» алғандай.

Бұл бөліністі әркім әр қиырға тартып жатыр. Әлеуметтік желі­лер­де «Бас-басына би болған­дарға бөлектенген жақсы, қар­жы­ны көбейтетін жол тапты» дейтін пікірлерді де кездестіруге болады. Бұған кеше ғана ант қабылдап, Ғылым және жоғары білім министрі қызметіне кіріс­кен Саясат Нұрбек «Қайта құру бытыраңқылықты білдір­мей­ті­нін, керісінше, бұл реформа мақсатты көзқарас пен әрбір білім деңгейіне жіті назар ауда­ру­ды қамтамасыз ететінін атап өткім келеді», деп жауап берді. Әйтеуір ғылым саласында қыз­мет етіп жүргендердің осы өзге­ріс­ке қынжылғанын көзіміз шал­­мады.

Иә, жаңа министрліктің функ­циялары мен өкілеттіліктері бекі­тілді. Ведомство басшысы да тағайындалды. Ендігі бағыт-бағ­дар қалай болмақ? Саланың қай тұсын уақыт күттірмей қолға алған жөн? Отандық ғылымды, жоғары білімді дамытудың тиім­ді жолдары қандай? Бұл туралы сала мамандарының өзінен сұрадық.

Математика және матема­ти­калық модельдеу инс­титу­ты­ның бас директоры, профессор Махмуд Садыбеков ғылымды басқару жүйесі ғалымдардың алаң­сыз ғылыммен айналысуына жағдай жасаудан тұруы қажет екенін айтады.

«Жақында Ғылымды дамы­ту­дың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекі­тілді. Осы құжат жаңа министр­­­­лік жұмысының негізі бола ала­ды. Онда барлығы жүйелі көр­­сетілген. Соның ішінде ғы­­лымды басқару жүйесіне қатысты айтылған. Соңғы 10 шақты жылда бұл тақырып танымал болып кетті ғой. Шын мәнінде ғылымды басқарудың қа­жеті жоқ, ғылымды қолдау керек. Мысалы, өзім де бас­шы­­лық қызметтемін, бірақ қыз­­­меткерлеріме тез арада бір жұ­­мысты істеуді бұйыра ал­май­­­мын. Менің міндетім – ға­лым­­дардың құрылғы табу, сатып алу, аппарат, қағаз деген майда-шүйдеге бас қатырмай, алаңсыз ғылыммен айналысуына жағдай жасау. Сонда нәтиже болады. Мен – бастық емес, профессорларға қызмет көрсе­ту­шімін. Осындай көзқарас пен қарым-қатынас басқа жерде де сақталғаны дұрыс. Егер Ғылым комитеті өз функция­сында қалса, ғылыми институт­тар мен басшыларына онда­ғы ғалымдарға жағдай жасауын қолдауы керек», дейді М.Садыбеков.

Ғалымның ойынша, өзі еңбек ететін саланың бөлек ве­дом­ст­во­ға айналғаны тиімді, өйтке­ні ғылымға көбірек көңіл бө­лінеді. Осы қолдауды мүм­кін­­дігінше оң өзгерістерге пай­да­ланған орынды.

«Бұған дейін ғылымға бөлі­не­тін қаржы көлемі аздау болған еді, қазір ұлғайды. Мемлекет ғылымды дамытуға қомақты қаражат қарастырып отыр. Дәл сол соманың жемісін бермейтін жобаларға кетпеуін, тиімді жұмсалуын қадағалау қажет. Алдағы жаңа бағыт осы болмақ. Бұрын ақша аз болғандықтан, біресе іргелі ғылымға, біресе қолданбалы ғылымға тартып келдік. Қаражат барда бәріне мүмкіндік беріледі. Ал жаңа министрлік зерттеушілерден жұмыстың орындалуы мен нәтижесін, жоғары деңгейді талап етуге міндетті. Бұл үшін отандық ғылымға аудит керек. Кейбір грантқа үміткерлер 15 млн болатын ғылыми жобаға 30 млн сұрап жатады. Қадағалау деген осыдан шығады. Аудит шетелдік тәуелсіз сарапшылардан құралғаны жөн. Айталық, Clarivate компаниясы (2016 жылы құрылған, мәліметтер ба­засын, ақпараттық жүйелерді және зияткерлік меншік жинақ­та­рын басқаратын тәуелсіз аме­ри­­калық ұйым – А.Ш.) бар. Осы ком­пания тәуелсіз тексеріс жүргізе алады. Алайда біздегі зерттеулердің бәрі ағылшын тілінде жасалмаған, сол себепті аталған компанияға қиындау болады. Біз 2019 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан ғылымына аудит жасау­ға келісімін алдық. Өйткені еліміздегі ғылыми жұмыстардың басым бөлігі – орыс тілінде. Бірақ бұл идеямызды бұрынғы ми­нистрлік қолдаған жоқ», дейді Математика және мате­матикалық модельдеу инсти­ту­тының басшысы.

Ғылым мен жоғары білімді дамытатын шешімдер

Ғылым мәселелерін тұрақты түрде түрлі мінберлерде көте­ріп жүрген Young Researchers Alliance (Жас ғалым­дар альянсы) төрайымы Әсия Ер­мұ­хам­бетованың айтуын­ша, жаңа министрліктің құ­рыл­­ғаны ғы­лы­ми жобаларды қар­жы­лан­дыруға, зерт­теу­ші­лерді даяр­лауға, жоғары білім мен ғы­лым саласындағы анали­ти­каға қатысты мәселелерді шешсе, тиім­ді болады.

«Гранттық қаржыландыруға көшкен 2012 жылғы бірінші кон­курстан бастап, грант­тар­дың жалпы сомасы 11%-ға төмендеді, ал баға деңгейі 112%-ға өсті. Егер бұрын грант сомасына қандай да бір жаб­дық сатып алуға болатын болса, бағ­дарламалық-нысаналы қар­жы­ландыруда ештеңеге жет­пейді. Үнемі өсіп келе жатқан доллардың теңгеге шаққандағы бағамын ескерсек, 2025 жылға қарай ғылымға ІЖӨ-нің уәде етілген 1%-ы тым елес болып көрінеді. Бізде әлі де әлемдік деңгейдегі ғалымдар немесе жай ғана жақсы ғалымдар аз. Ғы­лы­ми орта өте кішкентай және барлығы бір-бірін біледі. Бір университетте бірнеше қымбат зертханасы бар Жапония емес­піз. Бірлескен қол жеткізу зертха­на­лары – бір кездері сәтсіз болса да, қазір біз жүзеге асыруға болатын және сұранысқа ие жоба. Біз Лондонның қуатты Алма-матер колледжінде де қымбат микроскоптарды басқа университеттермен бірге қолдандық. Сондықтан жаңа ведомствоның құрамына ғылымның адамы ғана емес, жабдықтар мен материалдарды сатып алу қаншалықты қиын және қымбат екенін, бір техника сынса, ғалымның қандай қиындықты бастан кешетінін, ғылыми мақаланың қандай және инноватордың зерттеушіден нендей  айырмашылығы болаты­нын білетін маман, мейлін­ше технарь керек», дейді Ә.Ермұхам­бетова.

Ал Назарбаев универси­те­тінің ғылыми қызметкері, елімізде ашылған алғашқы Gylym.kz қазақ тілді ғылыми сай­тының жетекшісі, химия PhD докторы Жексен Тоқтарбай отандық ғылымды дамытуға әсер ететін өзге де салалардағы түйт­кілдерге тоқталды.

«Мемлекеттік тіл – ғылым саласындағы ең өзекті мәселе. Қазіргі таңда ғылым саласының шамамен 99%-ы орыс тілінде, 1%-ы ғана мемлекеттік тілде. Айталық, барлық мемлекеттік ғылыми талқылар (ғылыми жобалар отырыстарымен қоса) 100% орыс тілінде жүргізіледі. Сонымен бірге ғылыми жоба­лар­дың жоспарларын тек орыс тілінде талап етеді. Бұған зерт­теу­шілердің еті үйреніп кеткені соншалық, ешкім себебін сұрамайды. Мен орыс тілін алып тастасын деп бастама көтеріп жатқан жоқпын, неге 50 де 50 болмайды? Осыған қоса тағы бір мәселе, ғалымдарымыздың ағылшын тілін білмейтіні отан­дық ғылымның дамуына тежеу болып тұр. Ғылым тілін білмегендіктен, небір мықты зерттеулер халықаралық аренаға шықпай жатыр. Сондықтан уни­верситетте ағылшын тілін бірінші курстан бастап бітір­ген­ше міндетті пән қылып қойса, артық етпейді. Үшіншіден, жо­ғары оқу орындарының оқу бағ­дарламасын түбегейлі өзгер­ту керек. Бұл саланы іштен білемін, еліміздегі бірнеше уни­вер­ситетте істедім. Көбінде бір кафедрадағы сабақтар бір-біріне өте ұқсас, мазмұнын қай­талайды. Өз кәсі­бі­не қажет­сіз пәндерді оқып жүр­генде студенттердің негізгі пән­­дер­ді оқуға уақыты жетпей қа­лады. Әлемдік жетекші уни­вер­­си­тет­тер­дегі сабақтар оқы­­ты­лып, бағ­дарламаны ха­лық­аралық стан­дарт­тарға сәй­кес­тендірген жөн», дейді Ж.Тоқтарбай.

Ғалымның сөзіне қарағанда, Чехияда жалпы мемлекеттік және жекеменшік 59 университет, Нидерландта (Голландия) – 55, Швецияда – 50, Сингапурда барлығы – 34, Белгияда – 19, Израильде 10 жоғары оқу орны бар. Бізде қысқартқанның өзінде әлі 100-ден асады. Сондықтан жаңа министрлікке Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасын соңы­на дейін жеткізуге тиісті міндеттер жетіп артылады.