Қазақстан • 15 Маусым, 2022

Сайлау процесі: теория мен тәжірибе

1378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында елімізде сайлау процесін ұйымдастырушы қызметкерлерді оқыту курсы басталды. Теория мен тәжірибе қамтылған оқыту үш күнге созылады.

Сайлау процесі: теория мен тәжірибе

«Қазақстан Республикасындағы сайлау процесі: теория және тәжірибе» деп аталатын оқыту курсына облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана, аудандардың аумақтық сайлау комиссияларының басшылары қатысып жатыр. «Осы жылдың соңына дейін академия Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, сайлау­ды ұйымдастырушылар мен сайлау процесінің басқа да қатысушы­ларын оқыту үшін 600-ге жуық жаттық­тырушыны оқытуды жоспарлап отыр», дейді Электоралдық оқыту орталы­ғының директоры Жанар Боқанова.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында сайлау комиссиялары рөлінің артуына байланысты олардың қызметінің қағидаттарын қайта қарап, оларды кәсіби негізге көшіру керектігін атап өтті. «Бүгінгі күннің өзінде барлық деңгейдегі сайлау комиссияларында сайлау процесін басқаруға қабілетті, өзіне жауапкершілік алуға дайын, сайлаушылармен және сайлау процесінің басқа да қатысушыларымен тиімді қарым-қатынас жасау дағдыларын меңгерген құзыретті мамандар жұмыс істеуі тиіс», деген еді Мемлекет басшысы. Осыны негізге алған академия өткен жылдың желтоқсан айында Электоралдық оқыту орталығын ашқан болатын. Орталықтың негізгі мақсаты – электоралды мамандардың біліктілік деңгейін арттыру, теориялық және қолданбалы білімді кеңейту, сайлау процесіне қатысушылардың практикалық дағдыларын жетілдіру.

Оқытудың бірінші күнінде тың­дау­шылар алдында Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, сон­дай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен қазақстандық зерттеу инсти­туттарының өкілдері сөз алып, елдегі сайлау науқанының өтуі, соның ішінде сайлауды ұйымдастырушы мамандардың тікелей қызметтерінің маңызын атап өтті.

Жалпы, оқыту курсы барысында тыңдаушылар Қазақстандағы сайлау науқандарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық және құқықтық аспектілері туралы лекциялар тыңдайды. Тиімді коммуникация жасаудың тетіктерін үйренеді, мәселен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, байқаушылармен, саяси партиялармен саяси науқан кезінде және одан кейін де қарым-қатынас орнату, дұрыс ақпаратпен қамту секілді машықтарды меңгермек. Сонымен қатар сайлауды ұйымдастырушылардың soft skills дағдыларын жетілдіруге арналған тренингтер, сайлау практикасындағы жағдайлар бойынша практикалық кейстерді талдау форматында сабақтар өткізіледі. Оқыту курсы 15-маусымда аяқталады.