Ежелгі акулалар өте көне дәуірде – жоғары девонда өмір сүрген. Олар гибодус болған, бірақ олардың эволюциялық байланысы бар-жоғы дәл анықталмаған. Сол кездерде палеозой акулаларының тұқымдары мен түрлерінің саны тез өсті, бірақ Пермь кезеңінде басым көпшілігі жойылған.
Мезозой дәуірінде алғашқы акулалар пайда болды. Алдымен олар эласморахийлерге, содан кейін акулалар мен сәулелерге бөлінді. Акулалардың онтогенезіндегі омыртқалар кальцийленді, бұл оларды күшті етіп, жоғары қысымдардан аман алып қалды және қауіпті жыртқыштарға айналдырды. Зерттеушілер оларды жердегі барлық мұхиттан кездестіргенін айтады. Акула шеміршекті балықтар тобына жатады. Өйткені денесі толықтай шеміршектен құралған. Бұл жыртқыш туралы алғашқы деректерді «тарих атасы» атанған Геродот жазбаларынан (484-425 ж.ж.) кездестіруге болады. «Акула» деген сөзді ағылшын тілінде алғаш рет 1569 жылы қолданған. Оған дейін ағылшын балықшылары мен теңізшілері оны «теңіз қасқыры» деп атаған.
Акулалардың тістері үлкен немесе кішкентай, үшкір немесе доғал, кетілген немесе біркелкі болады. Тістерінің пішіні мен өлшемдері олардың қоректеріне байланысты. Акулалардың жақтарында бірнеше тіс қатары болуы мүмкін. Тістері осы қатарлардағы қызыл иектерге бекітілген. Егер де бір қатар тістерінен айырылса, келесі қатарын қолдана береді. Акулалардың кейбір түрі өмір бойы тістерін ауыстырып жүреді, олар өмірлерінде шамамен 30 000 тіске дейін ауыстырып үлгереді екен.
Айтпақшы, акула тістерінен әсем зергерлік бұйымдар дайындалса, бауырын парфюмерия өнімдерін жасауға қолданады. Ал жүзбе қанаттарынан түрлі тағам әзірлейді.