«Ғаламторға шырмалып, ақпараттар ағынында аласұрған бүгінгінің буыны кітапты қажетсінбейді, келешек ұрпақ екібастан», дейді біреулер. Бірақ, бұл нақты ақиқат емес, тек болжамнан туған пікір, заман ауанын шолған көзқарас. Болашақтың қалай боларын ешкім білмейді, бәлкім, кітап екінші орынға ығысар, мүмкін қолмен ұстап, жастана оқуды жақсы көретін қалың оқырман кітапқа қайтып оралар... Қалай болғанда да, дәл қазір кітапты мансұқтап, кітапханаларды күйретіп, кітап оқудан біржола бас тартып жатқандарды естімедік. Тек, күйзелісті бастан кешіп тұрған кітапханаларды көрдік... Маңғыстаудан!
Неге екені белгісіз, Маңғыстауда халықтың салауатты өмір сүруіне, рухани байлығын арттыруға негізделген әлеуметтік нысандар көп жылдардан бері сырторай күйде қалып келеді. Еңселі дүкендер, сәулетті мейрамханалар мен сан түрлі кеңселер сәнімізді асырып, салтанаттың көркін қыздыра түсер, әйтсе де әлеуметтік саладағы марғаулық рухани мешеулікке апармаса болғаны...
Мұнай және газ өндірісімен мәшһүр өлкенің орталығы Ақтау қаласында жөні түзу спорт кешені күні бүгінге дейін жоқ, «Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы» деген дырдай атақты арқалап, ішін өңір, ел тарихына, тұрмысына қатысты мыңдаған құнды жәдігерлермен жасантқан мұражай қалтарыстағы бір қабатты жатаған ғимараттың сыңар қанатында тірлік етуде. Ал 1,5 миллионға тарта қоры бар, білдей облыстық кітапхана мен оған қарасты аудандық, қалалық кітапханалар жүйесіндегі кітап ордаларының ахуалы адам аяғандай.
Кітапхана 1973 жылы жаңадан құрылған облыстың ғылыми кітапханасы болып ашылып, оған өңірге басшылыққа келген Тұтқабай Әшімбаевтың жары Нейла Әшімбаева басшы болған екен. Кейіннен бөлек-бөлек балалар және жасөспірімдер кітапханасы ашылып, бәрі бірігіп тұтас бір аймақтың рухани қажеттілігін қанағаттандыра алған. Талап пен тегеуріннің мықтылығы ма, әлде кітап оқуға құмарлық көп пе, жаз жайлау, қыс қыстауларды аралап, белінен буа тартқан кітаптарды насихаттап жүру міндеттелген замандарда осы кітапханалар жүйесі Маңғыстаудың ойы мен қырын түгел қамтып отырды. 1988 жылы облыс тараған кезде әлгі үшеуі «әмбебап» боп біріктіріліп, күні бүгінге дейін сол күйінде қалып қойды. Әрқайсысы өз алдына жеке кітапхана болса да артық етпес еді, бірақ ең басты мәселе бұл емес, кітапхананың басыбайлы ғимаратының болмауында болып тұр. Бұған дейін қаланың алғашқы барақ үйлерінде, онан соң Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде, сосын университет қабырғасында көшіп-қонып жүрген облыстық кітапхананың қазіргі балабақша ғимаратын паналағанына 16 жыл. Салынғалы 40 жыл болған, осы жылдар ішінде күрделі жөндеуден өтпеген ғимарат ішінде, 2200 м² жердегі тар бөлмелерде сығылысып күн көрген «әмбебап» кітапхананың балалар кітапханасының қоры сыймағандықтан кір жуатын бөлмелерде буулы-түюлі жатыр. Павлодардан басқа облыстарда өз алдына жеке кітапхана боп тұрған, балалар мен жасөспірімдер кітапханасының Маңғыстауда тек абономент бөлімі мен шағын оқу залы жұмыс істеуде. Ал өлкедегі мұнай, көлік-транспорт саласы, өзге де техникалық оқу орындарының студенттері сұрастырып жиі келетін техникалық кітаптар «Маяк» спорт кешенінің бір бөлмесіне орналасқан. «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, «босатыңыз» деген дүңк-дүңк хабар дүркін-дүркін бұл жақтан да жетіп тұрады екен.
Кітапхана жайлы жақсы үміттің отын үрлеген «2007-2009 жылдарға арналған облыс кітапханаларын дамыту мен жаңартудың» өңірлік бағдарламасы болды. Ғимарат салу, көлікпен қамту, компьютерлендіру секілді кітапханалар үшін «жанды» тетіктерді тап басқан бағдарламаның үш жылда Маңғыстауға бергені – Ақтау қалалық кітапхананың «тақымына» «Газель» көлігінің тиюі мен кейбір ауылдардағы кітапханалардың дүние-мүлкін жаңартуы, облыстық зағиптар үшін және жаңа кітапхана ашу үшін Ақтаудан үш бөлмелік екі пәтердің берілуі болды. Осы қарсаңда бірқатар кітапханалар күрделі, енді біреулері ағымдағы жөндеуден өтіп қалды. Бағдарламаның «біссімілләсі» облыстық кітапханаға өз алдына ғимарат салу жәйі болды. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақтауға арнайы қаржы қаралғанмен, берілмеген. Тек, 60 млн. теңге қаралған Қарақия аудандық кітапханасы құрылысының 30 млн. теңгеге іргетасы қаланған, ол осы күйінде бірнеше жылдан бері тұралап тұр. Аталмыш бағдарлама аясында бірі Жайық жағасынан, екіншісі қаланың қақ ортасынан еңселі ғимарат салып алған Атырау және Қызылорда облыстарына тамсанумен маңғыстаулық кітапханашылар мен оқырмандардың таңы атып, күні батуда. Әсіресе, кітапхана мәселесі тек кітапханашылардың ғана мұңы болып қалған тәрізді, үнін ешкім естімейді, көз жасын ешкім көрмейді, кітабын буып-түйіп, азын-аулақ жалақымен әртүрлі мәдени-рухани, әдеби-танымдық кештер өткізіп, жастардың басын біріктіріп, қазақтың ұлы тұлғаларын «тірілтіп», олардың шығармашылығын насихаттап шапқылап жүрген – солар. Кезінде прозашы О.Бөкей: «Адамзатқа ауа қаншалықты қажет болса, кітапханашылар да соншалықты қажет», деп ал Ә.Кекілбай: «Кітапханаларды ақыл-білім, адамгершілік, парасат ордасы деп, ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары деп білемін», деп бағалаған мамандық иелерінің қазіргі мәртебесі қандай күйде? Шағын залды шара үшін босатып, шақырылған қонағы сыймай абыржып, үстелдерін әрі-бері тасып орын дайындап қарбаласатындарын қайтерсің?! Рухани сананың нәзік, әлсіз, бірақ саф сәулелері секілді...
Жалпы, облыс бойынша мәдениет басқармасына қарайтын 66 кітапхана бар. «Кітапхана екен ғой» деп маңдайдан сипағандар ғана жаңадан салынған клуб үйінің ішінен орын бере алған, осы 66-ның 17-сі типтік үлгідегі кітапхана, қалғандарының бірі бұрынғы әкімнің үйін қалқаласа, екіншісі мемлекет есебіндегі қыруар кітапқа аяушылық білдірген әлдебір қайырымды жанның дүкенінің бір бөлмесінде сықап тұр. Өзгелермен салыстырғанда кітапханасының күйі көшілгері тұрған Түпқараған ауданы екен. Мұндағы теңіздегі мұнай операцияларын қолдап, сервистік қызмет көрсететін компаниялардың, әсіресе, «Аджип» компаниясының ішкен-жегені адал екен, ауданның әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуына демеу көрсетіп келеді. Осы назардан қағыс қалмаған Ақшұқыр, Қызылөзен, Аташ ауылдарының кітапханаларының «беті бері қарады», ал тұрғындарының саны 2-3 есе өскен Сайын ауылында бұл мәселе болып тұр.
Жыл сайын кітапханасының жел кеулемесін деп іргесін қымтап, су тамбасын деп төбесін жапсырмалаған Шетпеден аудандық кітапхана саламыз деп бұрынырақ 4 млн.теңгеге жобалық-сметалық құжат жасалған, бірақ құрылыс материалдарының құны өзгеруінің әсері ме, мерзімі өтіп кеткендіктен ол қайта қаралуды күтіп қалған сыңайлы. Бірақ, 2008 жылы кітапхана ауласынан ғимарат салу үшін 1000 метр² жер пайдалануға берілсін деген шешімнің болуы – көңілге медеу. Маңғыстау ауданының Сай-Өтес ауылы вокзал маңындағы екі қабатты үйдің төменгі қабатының екі бөлмелі пәтеріне жайғасқан кітапхананың жағдайы жөндеу көрмеген мүшкіл халде. Ал Тұщыбек халқының «баспақ түгіл, бас қайғы» қылмауға хақы бар, туберкулез дертімен ауыратын науқастар жататын санаторий ішіне, бакзертханаға орналасқан ауыл кітапханасы өз-өзінен оқшауланып қалған. Себебі, айтпаса да түсінікті. Халық пен кітап арасын көзапара алшақтатудың астарында не тұр – басшылар халықты кітап оқымайды деп санайды ма, әлде «кітапхана бар» деген есеп-қисапқа ғана қажет пе?! Аталмыш ауданда «Мұнай компаниялары Шебір мен Ақшымырау ауылдарына кітапхана салады екен» деген жылымық жаңалық құлаққа тиеді...
Ақтау қалалық кітапханасы күні бүгінге дейін Абай атындағы мәдени-демалыс кешені қанатының астында. Кешенде жуырда басталған күрделі жөндеу бұларды кітаптарын буып-түйіп, баратын жер іздеу тығырығына тіреді. Түрлі үйірмелері, клубтары мен топтары көп кешеннің басшылығы күрделі жөндеу біткен соң, артынып-тартынған кітапханаға есігін қайтадан айқара ашпаса, «төрлет» демесе, таңғалудың қажеті жоқ.
Моноқала санатында болу Жаңаөзен қаласы мен оның маңайындағы шағын ауылдардың жоғын түгендейді деген ой бар. Сенекте 3-4 жыл бұрын салынған жаңа клуб үйінен сыңғыраған кітапхана бөлмесі ашылса, осы жағдайлар Теңге мен Қызылсайда жалғасын тапты. Бірақ, 130 мыңға жуық халқы бар Жаңаөзендегі жоғарыдағы екі ауылды қоспағанда қалған 5 кітапхана қаланың өзіне шоғырланған. Ал, Рахат-1, Рахат-2, Арай шағын аудандары үшін кітапхана ашылмаған. Мұндай жағдай Мұнайлы және Бейнеу аудандарына да ортақ. Мәдениет саласының кітапхана қызметінің заңдылығына сай, әрбір мың тұрғыны бар ауылда кітапхана болуы тиіс, ал аумағы атшаптырым қашықтыққа ұлғайып, тұрғындары бірнеше мыңға арта түскен аудандардың шет ауылдарында кітапхана жоқ. Оқулықтар мен мектеп бағдарламаларына қатысты қосымша құралдарды ұсынатын мектеп кітапханаларын жалпыға арналған деуге болмайды, олар білім саласына қатысты мекемелер. Мектепте сапалы білім беру ісін, балабақшамен қамтуды, үш ауысымдық оқытуды жоюды жолға қою жолында жүрген бұл саланың жалпы тұрғындардың «сауатын ашып, білімін жетілдіруге» міндеттілігі де, шамасы да жоқ. Осылай тізбектеп, түртпектеп кете берсең, өңірде бірінен-бірі «асып түскен» кітапханаларды кездестіруге болады. Жуық арада жоспарда тұрғандар да бар болар, бірақ бұған дейінгі жоспарлар жүнжіп, уәделер үгітіліп, сөздер сұйылып кеткен соң сенудің өзі қиын.
Қазір тұрмысқа компьютер дендей енген заман, осы бағытта кітапханаларды компьютерлендіру мәселесі күн тәртібінде тұрса да, Маңғыстаудағы 66 кітапхананың қолданысында 100 компьютер бар, оның 25-і облыс орталығында дегенде, аудандардағының жәйін өзіңіз шамалай беріңіз. Мысалы, Маңғыстау ауданының 15 кітапханасында компьютер саны – 3! Ал облыстық әмбебап кітапхананың өздеріне пойызбен келген кітаптарды тасымалдап алып, аудан, қалаларға шығатын көлігі – көне «Жигули». Кітапханалардағы ахуалды көрген жастар бұл салада қызмет етуден ат-тондарын ала қашады. Қазір облыста 170 кітапхана қызметкері бар, оның да жартысына жуығы өзге «жөні түзу жұмыс табылғанша «стаж» жинап» жүрген басқа мамандық иелері. Осы жағдайларға қарап отырып ойға қаласың – кітапханаларымыз қайда «беттеп» барады? Олар расында күйреуге бағыт алған жоқ па? Оларға неге қолдау жоқ? Жастарды кінәлауға дайын тұратын қоғам ұрпақты рухани иен байлықтан өздері ажыратып алып отырған жоқ па? Кітапханалармен қайта қауышу үшін не істеу керек?
Маңғыстаудың облыстық кітапханасы жылына 18 мың оқырманға қызмет көрсетеді екен. Айналымға келмейтін тар зал, сыймай жинаулы жатып көнерген кітаптар, құрал-жабдықтардың жетіспеуі, яғни материалдық-техникалық база толыққанды қызмет көрсетуге мүмкіндік бермей отыр. Заңға сай кемінде 10-20 жыл сақталуға тиіс республикалық және жергілікті маңыздағы БАҚ өнімдерін бір күні қажет боларын біле тұра 2-3 жылдан соң «есептен шығаруға» мәжбүр.
Маңғыстауда электронды оқу залы, интернет залы бар кітапхана ғимараты салынса, «бір оқпен екі қоян атып алу» деген сол болғалы тұр. Біріншісі, әрине, кітапхана мәселесі шешіліп, оқырмандарға оңтайлы, заманауи талаптарға сай қызмет көрсетіледі, екіншіден, балабақша ғимараты білім саласына қайтарылып, онсыз да шеті көрінбей тұрған ширеттің бір бөлегі қысқарған болар еді. Алайда, тиісті орындар тарапынан жылдар бойы жаңылмай келіп жететін «кітапхана салатын жер жоқ» деген жауап ауызға қақпақ, аяққа тұсау.
Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы ұжымы тырмысып тірлігін істеуде. Кітаптар кітапханаларға міндеттелген «РАБИС» бағдарламасына өтуде. Жуырда кітапханаға «КИБО» библиобус-көлігі (комплексный информационный-библиотичный обслуживание) алынды. Ішінде факсы, ксероксы, ғарыштық антенналар арқылы ғаламторға қосылған компьютері, кітап жинайтын сөрелері мен оншақты жиналмалы орындығы бар. Құны 27-30 млн. теңге тұратын көлік-кітапхана ауылдарды аралайтын болады. Бұл да жақсы. Бірақ, облыстық кітапхана көлік ішін қоныс етпейтіні белгілі, сондықтан облысқа еңселі кітапхана ғимараты керек-ақ.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасында: «Өзінің биік, таза, рухани қасиетімен Кітап – мәдениет пен руханиятты қорғауда теңдесі жоқ қару болып табылады» деген болатын. Облыстың кітапханасы мақтана кіріп, ұялмай көрсететін ақ ордаға ие болса, «Мәдени мұра» бағдарламасының Маңғыстауда жүзеге асқан маңызды істерінің бірі ретінде жұртшылықтың ықыласына бөленетіні сөзсіз.
P.S. Мақала редакцияға жіберіліп жатқанда кітапханадан қоңырау шалынды – кітапхана салуға Ақтау қаласынан жер телімін сұраған облыстың мәдениет басқармасына Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Н.Аққұлов қол қойған жауап хат келіпті. Онда «...16, 18, 19а, 34, 35 шағын аудандардың егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын жасақтау бойынша жұмыстар басталды. Жобаны жасақтау барысында шағын аудандардың біріне кітапхана ғимаратының құрылысына жер учаскесін белгілеу жоспарымызда бар» делініпті.
«Жақсы сөз – жарым ырыс»...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.